Маңғыстау өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев аймақтың бизнес қауымдастығымен кездесіп, көкейтесті мәселелерді қозғап, жергілікті кәсіпкерлердің сауалдары мен ұсыныстарын тыңдады.

Тимур Құлыбаев Маңғыстауға келді (ФОТО) Тимур Асқарұлы алдымен отандық кәсіпкерлікті өрге өрлеткен облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүзеге асырылған жемісті жобалардың көрмесін аралады. Оның ішінде балабақшалар, мал базары мен мал сою цехі, ауыз суды өндіру және бөтелкелеу, мейманханалар, той-думан ұйымдастырар ұйымдар, азық-түлік дүкендері, тігін цехтер, жуғыш құралдарының өндірісі секілді кәсіпкерліктің сан-саласы ұсынылып, олардың палатадан алған қолдауы, қаржысы, құрылар жұмыс көздері, отандық нарықтағы мүмкіндіктері, өндірістік қуаты және халыққа берер пайдасы туралы егжей-тегжейлі таныстырылды. Мәселен, кәсіпкер Есенбег Шакиров кәсіпкерлер палатасының келелі кеңестері мен жүйелі жәрдемі арқасында Ақтау қаласында «Алтын ғасыр» қонақ үй кешенін құрған. Жоба құны – 120 млн. теңге. Кешен 500 орынға үлкен залды мейрамханадан, 49 адамға арналған қонақ үйден, бизнес орталық пен мәжіліс залдан құралады. Жеке кәсіпкердің сөзінше, жоба 67 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Тимур Құлыбаев Маңғыстауға келді (ФОТО) Келешегі келісті, әлеуеті зор кәсіпкерлердің көрмесінен соң республикалық палатасы төралқасының төрағасы Т.Құлыбаев пен облыс әкімі Е.Тоғжановтың қатысуымен Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда аймақтағы кәсіпкерліктің дамуы, болашағы, мүмкіндіктері және өзекті мәселелері талқыланды.

-«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – билік пен бизнес арасындағы байланысты бекітіп, сындарлы диалог құру. Билік және құқық қорғау органдарымен, бас прокуратурамен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігімен белсенді түрде бірлесе жұмыс істейміз. Себебі, кәсібінен нәсібін теріп жүрген азаматтардың құқығын, мүддесін қорғау да – біздің міндетімізге кіреді. Барлық жұмыстар кәсіпкерлердің ісіне ілгерушілік, өніміне өріс беру мақсатында жасалуда. Онымен қоса үкімет және бас прокуратурамен тізе қосып, кәсіпкерлер құқығына қатысты заңнамаға ұсыныстарымызды енгізіп жатырмыз. Және кәсіпкерлік ісіне қатысты талаптар, бақылау-қадағалау қызметтер санын азайту көзделген. Бұл жұмыстар ағымдағы жылы жүзеге асырылып, өз нәтижесін беретініне сенемін. Ал үкіметтің қалған бақылау-қадағалау қызметтері кәсіпкерліктің ісіне кедергі емес, қайта өркендеуіне үлес қосатын болуын қарастырамыз,-деп атап өтті Тимур Құлыбаев.

Тимур Құлыбаев Маңғыстауға келді (ФОТО)Оның сөзінше, отандық өнімнің өрісін кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге мүмкіндік пен жағдай, қолдау мен қаржы берілсе, құқығы тапталмай, мүддесі қорғалса өңірдің кәсіпкерлігі жаңа деңгейге көтеріліп, толайым табыстарға жетпек. Заңнамалар да осы мақсаттарды көздемек. Алайда кәсіпкер тек әкімшілікке сүйене беруі дұрыс емес. Кәсіпкер – тәуекелге баратын, қиындықтан қорықпайтын адам.

Сондай-ақ Тимур Асқарұлы ішкі туризмды дамыту қажеттігін айтты. «Ақтаудың бас байлығы әрі көркі – теңіз. Осы теңіз арқылы ішкі туризмді дамытуға барлық мүмкіндік бар. Маңғыстау тарихи әрі көне ескерткіштерге толы. Табиғаты да көз тартарлық. Аймақтың туризмді өркендетуге әлеуеті жеткілікті. Туризм жұмыс орындарын құруға жәрдем береді. Елімізде демалуға, емделуге барлық жағдай жасалып, қолжетімді бағалар ұсынылып, сервисі үздік, жабдығы озық болса, халық ел асып, шетелге кетпейді. Сондықтан жағдай жасап, жұмыс істейік»,-деп қосты ол.

Тимур Құлыбаев Маңғыстауға келді (ФОТО)Облыс әкімі Ералы Тоғжанов та төралқа төрағасының сөзін құптап, палата ісін енді бастаған кәсіпкерлерге аяғына нық тұруға, кезіккен кедергілерден өтуге көмектесетінін айтып, кәсіпкерлік арқылы жергілікті тұрғындарды еңбекке тарту, көптеп жұмыс көздерін ашу қажеттігіне тоқталды. Онымен қоса өңірдегі бизнес ортаның жағдайымен етене таныстырып, бизнесмендердің өңір дамуына септесетін жобалары болса, әкімшілік тарапынан мықты қолдау болатынын жеткізді.

Тимур Құлыбаев Маңғыстауға келді (ФОТО)Отырыста Маңғыстау облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов өлке кәсіпкерлігі туралы баяндама жасады. Оның сөзінше, 2015 пен 2016 жылдарды салыстырғанда, бизнес субьектілер саны 4000-ға көбейген, ал жұмыспен қамтылғандар саны 700 адамға өскен. Алайда ағымдағы жылдың 1 сәуір  күні бойынша субьектілер жыл басына қарағанда 5,7 мыңға төмендеген, бірақ жұмыспен қамтылғандар саны сақталған. «Бүгінде кәсіпкерлер палатасында бизнестің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша барлық механизм бар. Өткен жылы палатада прокурордың кабинеті ашылды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы іске қосылған. Онда кәсібін дөңгелеткен жандарға бизнесті қолдау қызметі аясында 8 қызмет көрсетіледі. Бұл орталық барша кәсіпкерлер үшін қажетті құралға айналды. Аталған орталықтан бөлек кәсіпкерлер үшін жұмыспен қамту орталығы, Ақтау қалалық әкімдігі, «Жаңа серпін» мекемесі, халыққа қызмет көрсету орталығы және инвесторлармен жұмыс істеу бөлімі қызмет етеді»,-деген О.Қаржауов өз баяндамасында мемлекеттік сатып алулар, жобаларды жүзеге асыру, «Атамекен» микроқаржыландыру ұйымы және индустриялдық аймақтар жөнінде сөз қозғады.

Жиында қатысушылар толғандырған сауалдарын қойып, ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Кеңейтілген отырыс соңында республикалық ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев:

-Отандық өнім шығарушы кәсіпкерлердің сұрақтары, пайымды пікірлері мен ұтымды ұсыныстары — жергілікті бизнес ортаның жағдайын көрсетеді деп ойлаймын. Мен билік пен бизнес ортасында құралға, көпірге айналған өңірлік кеңеске алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге бизнестің буынын бекітіп, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте беруге тілектеспін,-деп сөзін қорытындылады ол.

Ханым ҚУАТ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз