15 сәуір күні Алматы қаласында шығыс жекпе жегі — Джиу джитсудан  IV республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті. Қазақстандағы джиу-джитсудың негізін қалаушы Сүйіндіков Рүстем Мәлікұлын еске алуға арналған, дәстүрлі түрде өтетін бұл жарысқа еліміздің түкпір түкпірінен ең мықты деген спортшылар қатысып, күш сынасты.

IMG-20170415-WA0014Маңғыстау облысының намысын қорғауға аттанған 6 спортшымыздың барлығы да  – Шоқыр Бөлтекұлы атындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушілері  жоғары деңгейден көріне білді. 6 спортшының төртеуі жүлделі орынға ие болды. Атап кетсек, «Неваза жүйесі» бөлімі бойынша 77 келі салмақ дәрежесінде Есболов Нұрлан 1 орынды, 69 келі салмақта Закарин Жанболат 1 орынды және 56 келі салмақ дәрежесінде Қонысов Қуандық 1 орынды қанжығасына байлады. Ал 62 келі салмақта маңғыстаулық Жәнібек Әбубәкір 3 орынға ие болып, марапатқа ие болды. Жаттықтырушы Болат Дюсенбиевтің айтуынша, спортшыларымыздың барлығы да мықты дайындықтарын көрсете білді. Джиу-джитсу бойынша аймағымыздың абыройын ел деңгейінде асқақтатқан жеңімпаздарымызды құттықтаймыз!

Ш.Бөлтекұлы атындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің баспасөз қызметі