ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бастаған делегация, соның ішінде Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов І Каспий экономикалық форумына қатысу үшін жұмыс сапарымен Түркменбашы қаласына барды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумның пленарлық отырысына Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедов, Ресей Үкіметінің Төрағасы Д.Медведев, Әзербайжан Премьер-Министрі Н.Мамедов, Иранның бірінші вице-президенті Э.Джахангири, сондай-ақ Өзбекстан Премьер-Министрі А.Арипов пен Болгария Премьер-Министрі Б.Борисов қатысты.

Маңғыстаулық делегация І Каспий экономикалық форумына қатысты

Форум аясында Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымухамедовпен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

2019 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы $68 млн. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 2,2 есеге жоғары. Тараптар шекара маңы аймақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, машина жасау, химия өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік, газ салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын айтты.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ