«Каспий» футбол клубының жасөспірім құрамасы Қазақстан чемпионатына алғаш рет қатыспақ. Ойын 20 мамырда Алматы қаласында өтеді. Маңғыстаулық «Каспий» чемпионатта «Тараз», «Семей», «Оқжетпес», «Ақжайық» командаларына қарсы ойнайтын болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Каспий» футбол клубының жаттықтырушысы Амантай Қошай мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Бес турдан тұратын ойынның алғашқысы Өскемен қаласында өткен. Тамыз айының соңына дейін ел чемпионаты аясында 6 ойын өтеді.

«Алда төрт кезең тұр. Содан соң жұмысымыздың қорытындысын шығаруға болады. Сосын келесі маусымға дайындаламыз. Мақсатымыз — 18-19 жасқа жеткенде мықты футболшы етіп шығару. Балалардың көпшігі өз өмірін футболмен байланыстырады», — деді «Каспий» футбол клубының жаттықтырушысы Амантай Қошай.

futball футбол

Айта кетелік, «Каспий» футбол клубының 2007 жылы туған футболшыларының құрамасы халықаралық жарыста жақсы нәтиже көрсетті. Жарысқа алғаш рет қатысқан 12 жастағы жасөспірімдер құрамасы Хорватия Республикасы Сплит қаласында өткен турнирде үздік бестікке енген.

Мамырдың алғашқы күндерінде Хорватия елінде өткен халықаралық турнирге Польша, Әзірбайжан, Украина, Сервия елдерінен және алаң иелерін қосқанда жиырмаға жуық команда қатысқан. Жасыл алаңда «каспийліктер» 4 ойын ойнап, оның біреуінде жеңіске жетіп, бір ойынды тең дәрежеде аяқтаған.

Жаттықтырушылардың айтуынша халықаралық жарысқа қатысу арқылы команда көп тәжірибе жинаған. Қазіргі таңда команда құрамында 24 ойыншы бар. Олардың футболға деген ықыласы мен жеңіске деген ұмтылысы ерекше дейді жаттықтырушылары. Сондай-ақ жаттықтырушылар мен ойыншылар облыстық спорт басқармасы мен Ақтау қаласы әкіміне алғыстарын білдірді.