поиция

2016-2018 жылдары және осы жылдың 4 айында Маңғыстаудағы ішкі істер органының 24 қызметкеріне қатысты 41 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркеліп, 31 жазалау қорытындысымен сотқа жолданды, 20 тұлғаға қатысты сот шешімі шыққан. Бұл қылмыстық істер жүргізілген жедел-іздестіру қызметінің нәтижесінде және азаматтардан келіп түскен өтініштер бойынша анықталған. Бұл туралы ішкі істер органдарындағы заңбұзушылықтың алдын алу бойынша басшылық құраммен кездесуде айтылды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Кездесуге Маңғыстау облысының полиция департаменті бастығы Қ.Таймерденов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Б.Жилкибаев пен Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Н.Жанназарова, қалалық және аудандық полиция басқармаларының жеке құрамы қатысты.

Соңғы үш жылда ішкі істер органдарына заңбұзушылықтарды жою жөнінде 67 ұсыныс жолданып, нәтижесінде 77 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда 4 ескерту, 12 сөгіс, 28 қатаң сөгіс берілсе, 12 қызметіне толық емес сәйкестілік, 12 лауазымынан босатылып, 9 жұмыстан шығарылған.

Н.Жанназарова «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен қолға алынған «Адалдық айнасы» жобасын оң тәжірибе ретінде ұсынды.

«Жол картасының жобасында аудандық бөлімдер мен полиция басқармаларында азаматтардың өтінішін ХҚКО үлгісі бойынша жедел қабылдау ұсынылады. Сондай-ақ «Integrity Check» қағидаты бойынша полицей мен азаматтың арасында «жасырын сатып алушы» әдісімен қоғамдық бақылау қарастырылған», — деді.

Полиция департаментінің басшысы жемқорлықты болдырмау мақсатында 2019 жылдан бастап барлық әкімшілік хаттаманың электронды түрде рәсімделетінін атап өтті.

«Апта сайын өзім және орынбасарларым азаматтарды жеке қабылдайды. Облыста 2 фронт-кеңсе ашылды, барлық қалалық және аудандық бөлімшелерде ашылады. Айына бір рет әлеуметтік желілерде «он-лайн» режімінде желі қолданушылардың сұрақтарына жауап беремін. Тәулік бойы «WhatsApp» қосымшасы арқылы фото және бейнероликтерді жалғаумен тұрғындардан түрлі құқық бұзушылықтар туралы сұрақтар қабылданады», — деді Қ. Таймерденов.