аурухана министр Елжан Біртанов

Маңғыстауға Үкімет делегациясымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Жаңөзендегі медициналық орталықтарды аралап, жұмысымен танысты. Кездесуге Денсаулық сақтау министрімен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Талғатбек Бапиев және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Маңғыстау филиалы басшысы Бақыт Исмаханбетов, басқа да денсаулық сақтау саласы мамандары қатысты.

Ең алдымен министр Жаңаөзендегі балалар ауруханасын көрді. Бұл ауруханада 95 орын бар. 2017 жылы пайдалануға берілген. Министр Е.Біртанов аурухана қызметкерлерімен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Бұдан кейін Жаңаөзен қалалық гемодиализ орталығына барды. Мемлекеттік және жеке әріптестік механизмімен құрылған бұл нысан созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан науқастарға гемодиализді амбулаториялық сапалы көмек көрсетеді. Жаңаөзен қалалық емханасы мен «Эндохирургия Клиникасы» бірігіп 51 млн.теңге көлеміндегі қаражатқа орталықтың негізін құрған.

Бұрын бүйрек жетіспеушілігінен шалғайдағы тұрғындар облыстық орталыққа бару керек болатын. Ал қазір Жаңаөзен тұрғындары Ақтауға бармай-ақ осы жерден ем-домын ала алады.

Біртанов Жаңаөзендегі ауруханаларды аралады

Содан соң министр Жаңаөзен қалалық №2 емханасына келді. Тұрғындар қаншалықты мобильді қосымшаны пайдаланатынын, ақпараттық жүйе қаншалықты жұмыс істейтінін қадағалады. Тұрғындардың электронды құжатпен диагностикалық зерттеуге мүмкіндік алуға болатындығына, сондай-ақ қағазбастылық жойылғанына көз жеткізді.

«Бұрын дәрігерге қаралу үшін екі-үш сағат кететін. Ұзын-сонар кезекке тұратынбыз. Ал қазір мобильді қосымша арқылы электронды кезекке тұрып, қай дәрігердің қашан қабылдайтынын біле аламыз. Бұл бір жақсы бастама болды», — деді Гаухар Огарова есімді тұрғын министрмен кездескенде.

Біртанов Жаңаөзендегі ауруханаларды аралады

Министр Жетібай селолық ауруханасын да көрді. Бұл аурухана 90 орынға арналған: тәулік бойы 75 орындық стационар, 10 орындық күндізгі стационар, Мұнайшы поселкесінде 5 күндізгі стационар, бір ауысымда 150 келушіні қабылдайтын емханалық қызметі бар.

Аурухана стационар, стационарды алмастырушы көмек, сондай-ақ, амбулаториялық-емхана қызметін көрсететін емдеу клиникасы саналады.

Айта кетейік, Нұр Отан партиясының XVIII съезінде Елбасы әлеуметтік бастаманың бірегейі ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету мүмкіндігін жоғарылату екендігін баса айтқан болатын.

Суреттерді МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз