2018 жыл аяқталуға таяу. Бұл жыл ширегінде жер шары үстінде түрлі өзгерістер мен жаңалықтар орын алды, тарих парағы шимайлана түсті. Осы жыл ішіндегі түрлі оқиғаларды өзіміздің хәл-хәдірімізше көрдік, жіберіп алмауға тырыстық, сараладық, өзгелермен бөлістік.

Не керек, жыл бойына жағымыз бір тынған жоқ, рас. Алайда кей кездері ойыңа қайдан келгені белгісіз, «Жүз жыл бұрын не болды екен?» деген сықылды сұрақтар сап ете түседі. Бүгін сол сұрақтарға бірге жауап тауып көрелік.

Жүз жыл бұрынғы уақыт, яғни 1918 жыл дегеніңіз біздің заманымыздың 1918 жылы, екінші мыңжыл­дықтың 918 жылы, ХХ ғасырдың 18 жылы, ХХ ғасыр екінші онжылдығының 8 жылы, григориан күнтіз­бесіндегі сейсенбі күн.

Бұл жыл қытай күнтізбесінде 4614-­4615 жылдарға, армяндық шіркеу күнтізбесінде 1367 жылға, көне армян календарында 4410-­4411 жылдарға, ислам күнтізбесі бойынша 1336-­1337 жылдарға, буддизм күнпарағында 2461 жылға, иран күнтізбесінде 1296-­1297 жылдарға сәйкес келеді.

Әлемде:

1918 жылы 8 қаңтарда – АҚШ президенті Вудро Вильсонның «Он төрт тармақтан тұратын соғыстан кейінгі бейбіт реттеу туралы ұсынысы» жасалды. Бұл Бірінші дүниежүзілік соғысқа нүкте қойған құжат болды. Ал, соғыстың өзі естеріңізде болса, 1918 жылдың 11-­айдың 11­-күнгі таңертеңгі сағат 11-­де аяқталған болатын.

22 қаңтарда Украина Халық Республикасының тә­уелсіздігі толық мойындалды.

27 қаңтарда Финляндияда азаматтық соғыс өрті тұтанды.

28 қаңтар — ­3 ақпан аралығында Берлинде және өзге де Германия қалаларында соғысқа қарсы көтерілістер мен ереуілдер болды. Бір жылдың өзінде 773 ереуілдік қозғалыстар орын алған екен.

12 ақпанда Түрік әскері Кавказға басып кірді.

24 ақпанда Эстония тәуелсіздігі туралы декларация жарияланды.

25 ақпанда Ревельге неміс әскері басып кірді.

2 наурызда Алматыда (сол уақыттағы қала атауы­ Верный) Совет билігіне ереуіл болды.

3 наурызда Брест бейбіт бітіміне қол қойылды.

25 наурызда Белорусь ұлт­тық қозғалысының қайрат­керлері Белорусь Халық Республикасының құрылғаны туралы жариялады.

30 мамырда Баку қала­сында ұлтаралық қақтығыс басталды.

30 сәуірде Түркістан Авто­номиялық Социалистік Совет республикасы құрылды.

15 мамырда Бірінші совет­фин соғысы басталды.

28 мамырда Әзірбайжан демократиялық республика­сы жарияланды.

11 шілдеде Литва патша­лығы құрылды.

4 тамызда Британ әскері Бакуге басып кірді.

20 қыркүйекте жиырма алты бакулық комиссар атылды.

30 қазанда Австрияда төңкеріс орын алды.

11 қарашада Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Дәл осы жылы Германияда монархияны құлатып, буржуазиялық­-парламенттік республика орнатқан Қа­раша революциясы орын алды.

Әдебиет саласы бойынша бұл жыл ішінде Эдгар Берроуздың «Марс Құдайлары» романы жарыққа шықты. Александр Блоктың «Он екі» поэмасы жа­зылды. Лео Перуцтың «Тоғыз бен тоғыздың арасы» романы дүниеге келді. Дүниеге келген туындылардан бөлек әлемді мойындатқан тұлғалар да аз емес. Әйгілі режиссер Ингмар Бергман да, жазушы Александр Солженицын да 1918 жылы дүниеге келген. Ал фран­цуз ақыны, танымал Гийом Аполлинер, қылқалам ше­берлері Густав Климт пен Эгон Шиле дәл осы жылы өздерінің нұрлы ғұмырларын аяқтап, ақырғы сапар­ларына жол тартыпты.

Қазақстанда:

16 қаңтарда Жалпыұлттық басылымға айналып үл­герген араб графикасы негізіндегі «Қазақ» газеті өзінің ең соңғы 265­-нөмірін шығарып, өз жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

4 ақпанда ағартушылық бағытты ұстанған «Абай» журналы Семей қаласында шыға бастады. Шығару­шылар: Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов.

Наурызда Халел мен Жаһанша Досмұхаммедтер Алашорда атынан Мәскеуге барып, Ленинмен, Сталинмен кездесіп, ІІ Жалпықазақ сьезінің қаулысын табыс етті.

20 сәуірде Ташкентте Түркістан кеңестерінің сьезі болды.

30 шілдеде алаш ұранды «Жас азамат» газеті шыға бастады.

11 қыркүйекте Батыс Алашорда үкіметі құрылды.

Дәл осы жылы Б.Анненковтың казактары Лепсіде 250 адамды өртеді.

Сонымен қатар, бұл жылы 1916 жылы Жетісуда қазақ халқының ұлт­-азаттық көтерілісін ұйымдасты­рушы Тоқаш Бокин дүниеден өтті. Дүниеге жазушы Тәкен Әлімқұлов, батыр Қасым Қайсенов, күйші Төлеген Момбеков, ақын Қайнекей Жармағанбетов келді.

Дәл осы жылы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Адасқан өмір», «Таныстыру» поэмалары, Жүсіпбек Аймауытовтың «Бетім-­ау, құдағи ғой» әңгімесі, Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ марсельезасы» өлеңі жа­зылды. Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» кітабы жарыққа шықты.

Маңғыстауда:

Бұл жылы Маңғыстау жыраулық мектебінің соңғы тұяғының бірі, ақын Өмір Қараұлы дүниеден озды.

Маңғыстау ревкомының төрағасы болып Тобанияз Әлниязұлы тағайындалды.

Тамызда Форт-­Александровск қалашығына Әліби Жангелдин бастаған интернационалдық отряд келді.

Тамыз-­қазан аралығында Жалау Мыңбаев уезді ашаршылықтан арашалау үшін Қызыл Арбаттан 10 ва­гон астық дайындатып, өлкелік азық-­түлік басқар­масынан 100 000 сом алуға қол жеткізіп, оны Фортқа жөнелтті.

Форттағы жеңісті қорғау үшін Қызыл рота (құжаттар­да Қызыл Армия) құрылды. Төрағасы: И.Н.Бажанкин, мүшелері: А.Е.Баутин, Ф.В.Кузин, т.б.

Желтоқсанда Жалау Мыңбаев өлкедегі тұңғыш рет дүниеге келген «Бірлік» жастар ұйымына төраға болып сайланды.

Еділбек ДҮЙСЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз