Осы елдің мен деген қарасақал, көксақалдарының біразы бас қоса қалса керек. Ондай әңгіме, сірә, кеу-кеу әңгімесіз болмайды. Айтыла берсе, әңгіме жарықтықтың да мәні оязданып, олқы түсе беретіні бар ғой. Бұл жолы тап солай болып, отырғандар өзге мәнді мәселенің бәрін тауысып біткен соң, енді әрқайсысы өз ауылының биі мен батырын, байы мен бағланын айтуға көшкен. Мұндай әңгіменің көбі мақтансыз болмайтыны өзінен-өзі түсінікті. Және жай мақтан емес, қазақтың ауызы ғана қарпып айта алатын кеппе, бөспе мақтан. Сөз ауаны солай ауды-ақ бітті, құрыққа сырық жалғанып кете барады. Сол ниетпен бұл әңгіме аяғы да ұзара берсе керек. Сонда манадан бері үнсіз тыңдап, басын іргеге беріп шынтақтап жатқан Тобанияз:

– Жә, сабаларыңа түсің. Біраз жерге бардыңдар ғой. Аз-маз аялдап ат шалдырсаңдаршы. Аталарыңның жақсы атанып, жамбас жегенінде ешкімнің дауы жоқ. Дегенмен әрі айтың, бері айтың осы қалмақтан келген үш шешеден өрбіген ұрпақ болмаса, көбіңнің көрінбес жерлерің көрінетіндей ғой. Соны біліп, мойындап алың алдымен, – десе керек. Отырғандар жақтарын қарыстыра қойыпты.

Тобанияз Әлниязұлы сол уақытта Адай төңкеріс комитетінің төрағасы, яғни, Маңғыстаудағы елдің бірден-бір басшысы. Ленин тапсырмасымен келген дала комиссары Ә.Жангелдин тағайындаған билік иесі. Оған қоса елдің бірауыздан сайлаған төбе биі. Жиналғандардың әлгі уәжден үнсіз қалғаны Тобанияздың мансабынан ыққаны емес, орынды сөзге тоқтағандары еді. Бұл Адай елінің ендігі мәйегі ошақтың үш тағанындай ұстыны болып отырған үш арыстың үшеуінің шешелері қалмақ қыздары екені рас. Даусыз ақиқат. Алып анадан туады дегеннің дұрыстығын дәлелдеп кеткен аруағыңнан айналып кетейін сол үш ана. Ақсұқсыр, Ақсолым, Бекбике! Бұлардың о баста бесікке салғанда қойылған есімдері жадта қалмапты. Қазаққа келін болып түскеннен соңғы есімдерімен солай аталады. Үшеуі де жаугершілікте түскен. Ақсұқсыр қалмақтың Аюке ханының қызы болғанда, Ақсолым мен Бекбике қалмақтың дінбасысы Қара Боқан Ламаның қыздары. Шежірені солай түзген ел жады тарихи шындықтан өрілген. Жазба дерек соны дәлелдеген.

1896 жылы Жоңғар қалмақтарының ханы Сыбан Рабтан Қытай Боғды ханына жазған хатында қазақтардың ұзатылып келе жатқан қалыңдығы Аюке ханның қызын жол жөнекей жасаулы көшке тиіп, тартып алып кеткенін, енді соның кегін қайтару үшін қазақтарға қарсы соғыс ашқалы отырғанын мәлімдейді (Ол хат орысша аударылып, жарияланды). Сол қолды болатын қыз – Ақсұқсыр. Сұқсыр – қалмақша сұлу деген сөз. Шынында да, ол көруге көз керек, өте көркем адам болса керек. Шежіре дерегі Ақсұқсыр солай Адайдың Жеменей ауылына келін болып түсті, ағалы-інілі екі батырға тиіп, олардан Ақбота, Көшке, Өрдек, Зерең деген ұлды болды дейді. Осылардың ішінде Өрдек өскен ауыл. Өрдектен бес бала – Олжашы, Бөкен, Есен, Мамыр, Кенже. Ел ауызында бұлар бес Өрдек делінеді.

Біз әңгіме еткелі отырған Қонай Кенженің баласы. Кенже үш некелі болған. Бәйбішесінен Қонай, Қойсары. Демек, ол әкесінің тұңғышы. Арада бірер жыл өткен соң балалы болды. Әр баласының арасы 2-3 жылдан болды. Он үште отау иесі дейтін аталар балаларын ерте үйлендірді деп есеп жасасаң, Ақсұқсырдың Кенжесінен сүйген немересі Қонай шамамен 1726-1727 жылдары туған болып шығады. Мәңгілік  жаулық жоқ дегенмен қазақ пен қалмақ арасындағы ұрыс тым ұзаққа созылғандай. Сондай ұрыстың бірі – 1740-1741 жылдары қалмақтарды Жайық бойынан, Нарыннан қуып жіберуге бағытталған. Қонайдың батырлығымен көзге түсетіні осы ұрыста. 1724 жылы өлген Аюке хан Хиуа ханымен одақ болып достық қарым-қатынаста болған. Сол ара қатынас Аюке өлген соң да жалғаса берсе керек. Оған дәлел қазақ қолы қалмақтармен соғысып жатқанда сол кезде Хиуа ханына бағынатын Маңғыстау түрікмендері хандарының азғыруымен қазақтарға ту сырттан шабуыл жасайды. Сөйтіп, түбі бір қалмақтарды біржолата жойылып кетуден сақтап қалады. Түбі бір туыс, қандас, діндес деп сеніп келген түрікменнің бұл қылығына кектенген қазақтар 1842 жылы қалың қолмен Үстірт, Маңғыстауға қарай аттанады. Үстірт ернегіндегі Айрақты тауында екі жақтың шешуші шайқасы болып қатты қарсылық көрсеткен түрікмендердің беті қайтады. Жеңіс қазақ жағына да қымбатқа түседі. Бұлар ол бетінде одан әрі ендей алмай араға үзіліс салып, жорықты келер жылдың көктемінде жалғастырады. Бірақ, бұл жолы қазақтардан қаупі мықты түрікмендер үрке қашып, Үстіртті соғыссыз береді.

Шежіре дерегіндегі Адайдың алпыс үйімен Тақ, Ақпан, Беріш, Есболай бастаған қазақтардың Каспийдің Өлі Қолтық шығанағымен астасатын (қылтадан) мұз үстімен Бозашыға келіп қоныстанатыны, Адайдың жалпы қарасы жүздей шолғыншы жасағының Үстірттің Маңғыстауға қараған ернегімен келіп, Маната асуына ат басын тірейтіні, Сисем ата әулиенің басында құрбандыққа боз бие шалып, енді осыдан ереуіл аттың басын кері бұрмауға Сисем атаны елдің жақсы мен жайсаңының ортақ бақилық мекені қылуға пәтуа жасайтыны сол 1743 жылдың жазға салымы Қонай батыр осы жасақ ішінде. Батырлардың Сисем ата басындағы пәтуасының тындырған бір ісі – жаңа қонысты бөлісуі. Сол Сисем атаға жақын ернектегі Кекіл, Шүңкіл, Қосақыр, Шилі құдықтары Қонай мен оған қараған ауылдарға тиесілі болды. Содан бері бұл өңір Кенже ата баласының атамекені болып саналады.

Әбілхайыр ханның Барақ қолынан қапияда мерт болуы заманында қазақ даласын дүр сілкіндірген үлкен оқиға. Егер хан қазасы басқа ұлыстан, елден болса, оның арты қырғын соғысқа ұласар еді. Үкімді қылыш пен найза айтар еді. Бірақ, олай болмады. Құныкер ханның өз қандасы Барақ сұлтан. Одан кек қуып қол жинап жорыққа шығудың орайы жоқ. Барақ Орта жүз ішінде. Ол қаныпезер үшін ағайынның өрісінде ат ойнатып, найза білеу аруаққа шетін. Бірақ, солай деп ханның артын сұраусыз жіберу елдікке сын. Оның үстіне Әбілхайыр хан Адай елінің күйеу баласы. Бопай бәйбіше Табынай Сүйіндік батырдың қызы, Мырзатай батырдың қарындасы. Осылай пұшайман әрі-сәрі күйде жүрген ел жақсыларына Бопай ханымның сәлемі іздегенге сұраған болады да шығады:

– Менің бауырларыма не болды? Қотан қорыған Барақ иттің пысынан басылып қалардай не күн туды? – деп таусылыпты. Соны естіген батырлардың қабақтары түйіліп, жүздері отқа көмген бауырдай қабарып сала береді. Алдымен, шамырқанған, шамданған сірә, Қонай. Шежіре дерегі Шотан, Қонай тағы басқа бірнеше батырдың аттарын атайды. Бараққа қарсы аттанған топта аталған батырлардың бәрі ол жорыққа қатысты ма, жоқ па, ол жағына бүгін төрелік айту қиын?!. Ақиқаты Қонайдың болғаны анық және көп дабыра, дақпыртсыз күндіз тасаға аялдап, түнде сәуір салып жүрген жолшыбай. Олары Бараққа қараған ағайындарды сырттан көздеп берді деген жаладан сақтанғандары. Солай Барақ ауылына жетеді. Қаупі мол қолы қара Барақ та қамсыз емес, сақтық шарасын алып баққан екен. Бірақ, алушыны аңдушы жеңіп, бұлар Барақ жатқан үйге енеді. Барақты жүрелетіп отырғызып қойып, сақалын күзеп алады. Сосын бетін күйелеп керегеге қаратып таңып тастап ілулі тұрған кісесі мен айыр қалпағын алып, адалбақанды күресінге шаншып, қазанына тезек толтырып тайып тұрады. Суыртпақ жібін алмайды, ақтылы малына да тимейді. Бір олжасы әлгі үш тәбәрік – сақал, айыр қалпақ, кісе. Соны Бопай ханымға табыс етіп тұрып айтқандары:

– Барақ иттің арам қанына қолымызды былғағымыз келмеді. Сақалын күзедік, абыройдан жұрдай еттік, бас киімін алдық – басындағы бағын тәрк еттік, кісесін алдық – белін сындырдық. Жарты ақыл немеге осы да аз жаза болмас.

Бопай ханым сол жерде бауырларының кесек қимылына бек риза болады. Барақтың әлгі үш «мүкәммасын» дүйім жұрт алдында өртеп, аластайды. Бұл оқиға туралы ақын, «Дарын» сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанның «Хан кегі» атты поэмасына арқау болды.

Әбілхайыр хан баласы Ералы сұлтан артынан Барақтың ауылын шауып қан қасап қырғынға ұшыратып, үрім-бұтағын, тұқым теберігін түгел қырып, тек ғайыптан тайып бір келіні ғана аман қалғаны белгілі. Ералының онысын ел құптамайды. Құптамайтыны жазықсыз қан төгілді. Бір Барақ үшін былайғы бейтарап жұрт жапа шекті. Ал, ондайды Құран Кәрім қағидасы құптамайды. Тегінде пендесіне жан берген Алла, ендеше оны алу, алмау да бір Алланың қолындағы іс қой. Бараққа үкімді шығарғанда аталарымыз, сірә, осыны басшылыққа алса керек.

Адай елі Маңғыстау Үстіртіне келген соң да іргесінен қиқу арылмаған. Сондағы басты жау – Хиуа хандығы. Қонайдың көп ерлігі Хиуа қарақшыларымен болған ұрыста көрінген. Арғы жағындағы орыспен одақ болған қалмақтар да қазақта кеткен ескі кегін қайтару қамынан қол үзбеген. Оның арты қазақтардың қалмаққа қарсы үлкен қол жинап тағы бір жорыққа шығуымен тынған. Сол жорыққа ат көлік берген Қожаназар Жаңайұлы Адайдың бай, жомарт, сахи аты шыққан белгілі адамы. Қонай батыр ауылымен ежелден қоныстас, ілік-шатыс. Соның жер атауында сақталған топонимикалық дерегі Мұңалжары тауының етегінде Жем өзеніне құйып жатқан Жаңай дейтін өзен бар. Ол әуелде, әрине, арынды өзен. Қожаназар әкесі Жаңай осы өзен бойында туыпты. Сол өзен Жемге құяр жеріне таяу Жеменей деген көл бар. Ол әлі де бар. Бұл Кенже Қонайдың арғы аталарының қонысы. Яғни, Жеменей руының атын иемденіп қалған.

Қонай өте денелі адам болғаны соншалық, шамалы ат көтере алмайды екен. Оның тақымы толатын ат тек Қожаназар байдың жылқысы ішінен табылады-мыс. Кезекті жорықты көлікпен қамдаған Қожаназар бұл жолы да Қонайды атты қылған. Құдай сәтін салғанда қазақтардың бұл жорығы жеңіспен аяқталады. Жайықтың арғы бетінде тағы да бірнеше «Қалмақ қырылған» атаулары пайда болады.

Сонда қазақ жасағы бейбіт отырған қалмақтың бір ауылына тап болады. Ортадағы еңселі үйге енсе, үріп ауызға салғандай үш сұлу қыз отыр. Үй иесі қыздардың әкесі Қара Боқан Лама. Қалмақтардың дінбасы әулиесі. Сол жерде Лама айтады:

– Көздеріңнен көріп тұрмын, менің мына үш қалқамды олжа етпексіңдер. Құдайдың жазғаны солай болса, шарам қане. Бірақ, сендер де ата көріп, үлкен сыйлаған елсіңдер ғой, бір өтінішіме құлақ салың! Қыздарымды көп жесірдің бірі деп қарамаңдар! Тектілеріңе телің. Солай етсеңдер көсегелерің көгерер. Батамды беремін!

Батырлар құп алады. Лама ауылын шаппай жайына қалдырып, үш қызды күймеге мінгізіп алып тартып кетеді. Елге келген соң Ламаға берген уәдесін орындап бір қызды Қожаназар байға, екіншісін сол жорықта ерлік көрсеткен Адайдың Қосай атасынан өрбіген Тіней батырға, үшіншісін Беріш батырына қосады. Қожаназар әйелі Ақсолым болғанда, Тіней әйелі Бекбике. Бейнеу мен Мақат аралығындағы темір жол бекеті – Бекбике, сол шешеміздің аты. Зираты сол маңайда деседі. Бұл тұқымнан қазақтың небір марқасы шықты. Ақын Закария Сағындықұлы, атақты сақи мырза Жұбан (зираты Жем бойында Жұбан тамы деген атпен белгілі), ғалым-академик Хисмет Табылдиев т.б. Ал, Ақсолымнан Әбіш Кекілбаев. Әбекең Қожаназардың алтыншы ұрпағы.

Қонай Ақсолым сұлуды әкеліп беріп тұрғанда Қожаназар: «Аңшыдан – сыралғы, батырдан – сауға» деген бар еді. Сен түптеп келгенде бұл қызды маған сауғаға беріп тұрсың ғой. Соңыра «сауғаға келген әйелден туды» деп бұдан туған ұлға қызыңды бермей, қызын ұлыңа алмай жүрмейсің бе?» – дейді қалжың-шыны аралас. Сонда Қонай:

– Ойбай, Қожеке, ойнасаңда олай дей көрме, – деп сол жерде осыдан Құдай беріп Қонай Ақсолымнан қыз туса, келін қылып алатынын, ұл туса қызын беретін болып уағдаласады. Сол уәде орындалып, бұл екі ауыл кейіннен құйрық-бауыр жескен тату құдалар болып кеткен.

Қонай мал жинамаған кісі. Яғни, жарлы болған. Соның бір дәлелі – жорыққа Қожаназар байдан ат алып мінгені болса, екінші бір дәлелі – Шығыс Бозашыда сақталған «Қонай жармасы» деп аталатын жер атауы. «Жарма» деп Маңғыстау елі терең етіліп қазылған суағарды атайды. Аталған жарма жауын, қар суы түсетін тақырдан көрші көлден ойға дейін қазылған бетінде ойды солай суарып, тары егіпті. Жарма атының Қонай атымен аталуы, себебі ол осы жұмыстың басы-қасында болған. Яғни, басты мұра – өзі. Бұл бір жайлы қоныс. Шығыс беті теңіз, Қайдақ шығанағы. Соның Жармаға қараған жағында Қазба деп аталатын ас тұзының кені. Құбылада қозы өрісіндей жерде Қоғам деп аталатын тұщы су көзі. Құдық 1850 жылы осында болған әскери топограф П.В.Алексеев Қоғамда жартысы шұңғыл, жартысы апан жиырмадай құдық болғанын жазады. Қоғам моласының суретін салып алған. Ол қазір көп мола. Кенжелердің негізгі қауымы сол делінеді. Қонай жармасы – Қонай батырдың заманында шөлге егін салу ісінің де ноқтағасы болғанынан хабар береді.

Қонай батырға қатысты екінші бір жер атауы Сисем ата қауымының солтүстігіндегі Қонай үйігі деп аталатын үйік. Қонай әуелі осы маңайды жайлапты. Бірде түзден аң аулап, атып алған құланын арқалап келе жатса, анадайдан бір салт атты көрінеді. Бағыты бұл барар жақ. Батырдың жіті көзі бірден аңғарады. Әлгі атты адам түрікмен. Бұл әлі қазақтардың түрікменмен арадағы қырғи-қабақтығының бар кезі. Бұл неде болса аңдыған жау болды деп жорыған батыр алдымен жиілетеді. Тезірек үйіне, бес қаруына жетпек. Солай тездетіп үйіне түрікменнен бұрын келеді. Іргеден көріп отыр, түрікмен жауға ұқсамайды. Жүрісі жайбарақат. Үйге анадай жер тақап келіп, атынан түсіп, тұсап бері беттейді. Бұл досжар пейілдің белгісі. Мұны көрген батыр да үйден шығып қарсы жүреді. Амандасып мейманды үйге бастайды. Дастарқан үстінде танысады. Сөйтсе, бұл түрікменнің белгілі батыры екен. Қонайдың атына сырттай қанық, ол жүз көрісіп, дос болмақ ниетпен ат басын тіреген екен. Дос пейілге – ай құшақ. Сол жерде екеуі төс қағысып дос болады. Ол достық атадан балаға ұласады.

Қонай үйігін ел аузында Қонай батыр үйгізді, қарауыл қарап отыратын биік тұғыры екен делінеді. Ақиқаты олай емес. Ол бұрыннан бар, тіпті қадым заманынан қалған жәдігер. Археологтар тілімен айтсақ, бағзы сақтардың моласы. Көрші Қозыбай, Қондыбай (Бәйті) үйіктерінің сыңары. Солардағыдай басында адамның тас мүсіндерінің қирандылары шашылып жатыр. Қонай батыр осында көшіп келген бетінде: «Бұл бізден бұрын болып кеткен бір жұрттардың ата қойымдығы ғой. Өлі аруақты аяқасты қылғанымыз кісілігімізге шетін, дінімізге қарсы», – деп топырағын биіктеттіріпті. Содан Қонай үйігі атанып кеткен. Соның тұсындағы шың ернегінің бір қабат астында бұлақ, жар түбінде құдық. Кезінде сол бұлақ көзін ашып, құдық қазып, тауды жарып, тасты қашап жол салдырған да Қонай дейді ел аузында.

Біздің Қонайға қатысты жер атауларын келтіріп отырғандағы мақсатымыз – тарихи тұлғалар туралы дерек көзінің негізгі бір бөлігі солар болып табылады. Дамыған елдерде тарихи география деген ғылымның бір саласы бар. Ол патшалық Ресейде де болған. Кеңестік саясатқа қай жері жақпағанын қайдам, ол 1920 жылдан соң тәрк етілді. Тіпті, оқытылмайтын, айтылмайтын болды. Содан тарих, география ғылымы зардап шегіп отыр. Тарихи географиядан хабарсыз болған соң бізде өткенімізді географиялық атаулармен дәлелдей отырып баяндау жағы өте-мөте кемшін. Ал, оның олқысы қазіргідей егемендік алған еліміздің жаңа тұрпаттағы тарихын жасақтау мұратын ұстанған тұста толуы тиіс. Бозашыда, Үстіртте, Өлі Қолтықтың шығыс жағалауында Әжібай арал, Есек арал, Есекжал, Есен құдығы, Құрымның биігі, Сейіт арал, Сейіт құдық, Тастемір бай деген жер атаулары болған кезінде. Оларды 1825-26 жылдың қысында Ф.Берг экспедициясы хаттап, картаға түсірген. Мұндағы аты аталған есімдер елге белгілі біразы ру аталық атын иемденген. Қонай батырмен замандас кісілер. Түптеп кетсек, бәрі тамырлас, сабақтас болып шыға келеді.

Қонай батыр өз өсиеті бойынша Сисем ата қауымына жерленген. Әуелде қабір басы үсті жалпақ таспен бастырылған үлкен төмпек еді. Бертінде ұрпақтары басына сағана там тұрғызып, ас берді. Қонай зираты қасында Кенже батырдың құлпытасы табылды. Демек, Кенже Сисем атаға жерленген қазақ батырларының алғашқыларының бірі болды. Қонай әкесінің қасына жерленіпті.

Қонайдың ел жадынан берік орын алғаны соншалық біртіндеп аңызға айналып, мифтік дерлік сипатқа ие болған. Ең азы оның атасы Өрдектің туғанынан аңыз. Ақсұқсыр шешеміздің екінші қосағы Шылым Құдайдан ата жолын ұстанар перзент тілеп әулиеге түнеп келген күннің түнінде Ақсұқсыр қасына жатыпты. Дәл 9 ай, 10 күн өткен соң Өрдек туылыпты. Бұл атаның өзге тұстарына қарағанда көбірек өсіп-өнуінің сыры осында дейтін әңгіме бар. Кенже сол күні түсінде Қыдыр көріпті деп ұстартып әкетеді, ол әңгімені ел тағы. Қонай түнемелікке бұзбай пісірген құланның етін өзі жеп тауысады екен. Сонда қарыны ашпай, жақсы ұйықтайды-мыс деп аңыздайды ел. Ел ішінде бұл ауыл туралы:

       Кенже атаңның баласы,

      Кіреуке тонның жағасы, – деп басталатын өлең бар. Бұл алдымен Кенженің өскен-өнгендігінің дәріптелуі. Кенже жеті баланың әкесі болғанда оның баласы Қонай үш балалы. Бірінші әйелінен – Бегеш пен Жанұзақ, екінші әйелі – қалмақ қызынан бір бала Дауымбай. Қонай бұл әйелін Ақсолым сұлуды Қожаназар досына әкеліп беретін жорықтан алып қайтты делінеді. Қонай өлген соң оны інісі Қойсары алып, Талберген, Көшер деген екі балалы болады. Бегештен он бала – Өтеулі, Бәйімбет, Шалабай, Қосқұлақ, Жаулы, Өрдек, Құлақа, Жары, Құрман, Шоғы. Соңғы төртеуі Бегештің інісі Жанұзақ өліп, келіндей алған әйелінен туған.

Бегеш моласы Қарақия ойының батыс шетінде Ақтауға жақын жерде. Қонай батыр атын шығарыңқыраған осы Бегеш балалары. Мысалы көп жылдар Түрікменстанда ғылыми институт директоры болған биолог-ғалым, академик, қазір Ақтаудағы университет профессоры Бөлей Демесінов, Қазақстанның о шеті мен бұ шетінде бірнеше ескерткішті салған сәулетші шебер Көпбол Демесінов т.б. Арғыдағы батырлардан Төкеш пен Қазыбек.Төкеш Хиуа ханы Аллақұл шапқыншылығы кезінде ұрыста қаза болып, сүйегін серігі Құрманұлы Шегір батыр атасы Бегештің жанына әкеліп жерлеген. Елге қайырымы мол байлардан Райұлы Балықбай, ол би де болған, ру аралық жанжалда Кенжелер қолынан өлген адамның құнын бір өзі артығымен төлеп ел арасын бітістірген. Бозашының Қызан жерінде өз малына бірнеше құдық қаздырып, елдің ортақ пайдалануына берген. Зираты Қызанда. Бай Ағатай Тоқабайұлы да Үстірт үстінен бірнеше шыңырау қаздырып, елден  алғыс алған. 1905 жылы Сисем атаға жерленген, басына Кенже ауылының шеберлері Қосамбай, Досамбай, Бесім, Өтепбергендер бес қабырғалы күмбез тұрғызған. Ол осы қауымдағы ең сәулетті ескерткіштің бірі деп саналады.

Қонай батыр өлерінде: «Ұлтанды елімнің ендігі ырысы Маңғыстаудың ойы мен қырында. Соның бағасын біліп, қадіріне жетің», – деп өсиет айтқан екен. Бүгінгі Маңғыстауды көріп отырғанда сол аталарды әулие демеске лажың жоқ.

Жалпының қаперіне берер жайт: Кенжеұлы Қонай батыр қадірін тек өз ұрпақтарының ауқымын артқа салған тұлға. Ол бүкіл ел болып ұлықталуға тиіс. Соның шаралары қарастырылса, құба-құп болар еді. Мүмкіндіктің шектеулігіне байланысты біз бұл жолы батыр туралы қысқа қайырып, келте баяндадық. Ол жайлы әріден қозғап қалам тарту келер күннің еншісінде. Құдай қалап, ол ниет жүзеге асып жатса, аруақты ата атын жазба жаңғыртудың негізгі бір шарасы сол болмақ.

                                                                                                       Әбілқайыр СПАН,

                                                                               Махамбет сыйлығының иегері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз