Апта сайын қызу жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары қала көркіне айтарлықтай оң әсерін тигізуде.

Шынымен-ақ, жалпықалалық сенбілік басталысымен жер-жерде қарқынды түрде тазалық жұмыстары атқарылып жатыр. Ірі-ірі мекемелердің аумақтары қоқыс-қалдықтардан тазартылса, сыры кетіп, сарғайған ғимарат сырттары қайта қалпына келтірілуде. «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын-үй инспек¬циясы бөлімі» ММ-нің инспекторы Д.Шалхарбаевтың берген мәліметі бойынша бұл жолғы жалпықалалық сенбілікке 4 мыңнан астам адам қатысқан. 26 арнайы техника жұмылдырылып, 200 тонна қоқыс шығарылды. 700-дей көшет отырғызылып, ағаш түптері, жол жиектері әктелген.

Изображение 106
Таңертеңгі сағат 9-дан бөлінген аумақтарды тазартуға кірісіп кеткен жаңаөзендіктердің қатарынан қала әкімі Елубай Әбілов пен әкім орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары да көрінді. Ортақ үйіміздің әсемденуіне бір кісідей атсалысып жатқан қала басшылығы «Ауған соғысы ардагерлері» саябағына барып, көппен бірге сенбілікке қатысып, шыбық отырғызды. Сондай-ақ, саябақта өткен тазалық жұмыстарына қалалық мәслихат депутаттары және аппарат, әкімдік қызметкерлері, колледж студенттері қатысты. Саябақ іші артық қоқыстан тазартылып, барлығы 150 түп ағаш егілді.

Сенбілік барысында ағаш отырғызудың қағидасымен бөліскен қала басшысы шыбықтың тамыры терең жайылып, бойын тік ұстап кетуі үшін жерді талапқа сай қазу қажеттігін ескертті. Барлық жұмыс қоршаған ортаның гүлденуіне, ауаның жақсаруына, тұрғындардың жайлы демалысы үшін жасалатындықтан, жауапкершілікпен қарау керектігін алға тартты. Еткен еңбектің еш кетпеуі, былтырғы еккен ағаштың биыл бүр жарып, биылғы отырғызылған шыбықтың көктеуі — бәрі маманның, маман кеңесіне ұйыған жұртшылықтың ауызбірлігі арқасында болмақ.

«Табиғат — біздің ортақ үйіміз, сол себепті оның тазалығына ұқыптылықпен қарау қажет. «Екі қолға бір күрек» демекші, қаламыздың көгалдануына әрқайсымыз өз үлесімізді қосу міндетті», — деді Елубай Жақайұлы.
Ағаш отырғызу шарасынан соң қала әкімі, мемлекеттік меке¬ме басшылары және БАҚ өкілдерімен бірге автобуспен қаланың кіреберіс көшелерін аралады. «Жаңаөзен» стелласынан басталған бақылау жұмыстары «Рауан» шағынауданы жанынан салынған «Жасыл желекті Маңғыстау» экологиялық жобасына жетіп аяқталды.

Изображение 134

Тазалық талабы

Шынын айту керек, қаланың кіреберіс көшелері — кез- келген мекеннің айнасы іспеттес. Жол бойындағы иесіз, босап тұрған ғимараттар, жұмысын жүргізбей отырған кәсіптік нысандар, сырт келбеті талапқа сай емес обьектілер қала көркіне айтарлықтай зиянын тигізеді. Көптеген газ құю бекеттері жұмысын белгілі-белгісіз себептермен тоқтатып тұр. Сыртқы келбеттері стандартқа сай емес, көрсеткіш тақтайшалары ілінбеген, айналасы абаттандырылмаған. «Қалаға бет алған жолаушы мына жол жиегіндегі сыры кеткен қоршауларды, иесіз ғимараттар, тозығы жеткен нысандар мен билбордтарды, жағалай төгілген қоқыс, жол бойын қаулай өскен арамшөптерді көріп баға береді, ой түйеді. Қаланың келбетіне осындай олқылықтар кері әсерін тигізеді», — деді қала әкімі. Е.Жақайұлы тиісті мекеме басшыларына барлық нысандардың иелерін тауып, себептерін анықтап, ескерту беріп, талаптар орындалмаған жағдайда мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстарын жүргізуді қатаң тапсырды.

Изображение 109

Изображение 191

Басты мәселелер назарда

Қаланың кіреберіс жолдарының екі бетінде орналасқан ғимараттардың сырт келбеті сынға алынған сапарда Ө.Балғынбаев көшесіндегі жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Мұнда жолдың тарлығы салдарынан үнемі кептеліс орын алады. Қала әкімінің кеңесшісі Көшбай Қызамбаев бұл жағдайды қосымша жол салу арқылы шешуге болатындығын айтты. Қала әкімі аталған ұсыныс бойынша тиісті мамандармен шешімді жолды қарастыруды күн тәртібіне қойды.
2015 жылдың қазан айында «Рауан» шағынауданы жаны¬нан қала әкімдігі қолдауымен «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның «Жасыл желекті Маңғыстау» экологиялық жобасы іске қосылған болатын. Әрине, жауын-шашыны аз, жазы аптап ыстық, қуаң даламыздың экологиясының жақсаруына септігін тигізер деген сеніммен. Алайда, бүгінде судың тапшылығынан жағдай мәз емес. Қала әкімі бұл мәселені шешу жолдарын «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бірлесе отырып қарастыруды тиісті тұлғаларға тапсырды.
Сондай-ақ, Е.Жақайұлы қала ішіндегі бірқатар көшелерді аралап, жол бойындағы жөндеуді талап ететін аялдама және басқа да ғимараттарды тез арада қалпына келтіруді тапсырды.

Изображение 251

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Иә, қашанда жұмыла көтерген жүк жеңіл болмақ. Сол себепті, қала әкімі сенбілікке барлық тұрғындардың қатысуы керектігін тілге тиек етті. Шағын және орта бизнес өкілдері өздерінің меншіктері айналасын таза ұстауы тиіс. Сондай-ақ, көп қабатты жеке тұрғын үйлер ауласына тұрғындар тарапынан зор мән берілуі қажет.
— Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жеке тұрғын массивтерін қадағалау керек. Сонымен қатар, тас жол төселмеген аймақтар да назардан тыс қалмауы шарт. Өйткені, жаңбырлы күндері сол аймақтарда балшық, ал құрғақ күндері шаң өте көп, — деді Елубай Жақайұлы. Қала басшысы аталған мәселелер бойынша берілген тапсырмалар қатаң қадағаланып, 10-15 күн мерзім ішінде қайта тексерілетіндігін ескертті. Сондай- ақ, алдағы күндерде, дәл осындай бақылау Каспий теңізі, «Кендірлі» демалыс орнына барар жол бойына да жүргізіледі. Ал, қала іші үнемі басты назарда.
Айта кету керек, қала бойынша тазалық жұмыстарынан өзге ескі ғимараттарды жөндеп, жаңарту жұмыстары да қызу жүргізілуде. «Мұнайшы» мәдениет үйінің жанындағы «Дулыға» тарихи ескерткішіне жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік алаңы» жаңартылып, халық демалатын саябақ жасақтау жұмыстары жүргізілмек.

Айжан НАСЫРОВА