назарбаев мектеп

Ақтау қаласының білім бөлімі 31, 32, 33, 34, 35, «Толқын» және «Шығыс» шағынаудандары жанынан 400 балаға арналған ғимаратты жалға алмақ. Бұл жөнінде əкімдіктің əлеуметтік желідегі ресми парақшасына хабарландыру шыққан еді. Білім бөлімінің айтуынша, ғимарат уақытша мектеп ретінде пайдаланылады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Қазіргі таңда қала бойынша 6 мектептің жобалау-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Егер ғимараттың жобалау-сметалық құжаты толық аяқталса, аталған шағынаудандардан мектеп құрылысы көп ұзамай басталмақ. Атап айтқанда «Шығыс-1» мен 17 шағынауданда 300 орынды мектеп салынса, 34 шағынауданда 900 орынды мектеп құрылысы бой көтереді. Сонымен қатар 19, 19 а, және 18 шағынаудандарына 1200 орынды білім ордасының құрылысы жоспарланған. Ал әзірге білім бөлімі мектеп үшін шағынаудандарға жақын жерден жалға ғимарат алғанды жөн көрген.

«Жаңа салынған шағынаудандарда мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 6 мектептің жобалау-сметалық құжаты дайындалуда. Содан кейін құрылыс басталады. Ал ата-аналар балаларының алыс мектептен білім алуын қиын санап отырған соң жалға ғимарат алып, балаларға білім беретін боламыз. Негізі сыйымдылығы жағынан №3 мектеп, №8 мектеп және  №15 мектеп бос. Түстен кейін арнайы сынып ашып, оқушы қабылдауға дайын тұр. Десе де тұрғындар келіспей отыр. Қазір хабарландыру бойынша хабарласып, ғимарат ұсынып жатқандар көп. Тек жағдайы жақсы ғимаратқа таңдау жасау керек», — дейді білім бөлімінің бас маманы Бағдат Тұрғанбаева.

Ақтау қалалық білім бөлімінің мәліметі бойынша, қалада 25 мектеп бар, биыл 38 767 оқушы оқу жылын аяқтайды деп отыр. Ал қаладағы жеке және кешкі мектептерді қосқанда барлығы 39 382 оқушы оқу жылын аяқтайды. Сондай-ақ биыл 1422 мектеп түлегі білім ұясымен қоштасса, келесі жылы 4444 бала мектеп табалдырығын аттамақ.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА