Ақтауда «Қала жолдары» ЖШС-нің қызметкерлері сәуір айының жалақысын ала алмай жүргенін айтқан еді. Аталған мәселе өз шешімін тапты. Бүгін мекеме  қызметкерлерінің жалақысы үшін 74 млн.теңге төленді. Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров, серіктестік директоры Қайрат Хайрушев және ЖКХ бөлім басшысы Қайрат Ақыбаев қаржыландыру мәселесіндегі қиындықтарды да атап өтті, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Келісім-шарт бойынша қызметкерлерге айдың онына дейін жалақы төлеу керек болатын. Алайда мекеменің берешегіне байланысты қаржыландыру қиын болған.

«Мен басшылыққа келмес бұрын мекеменің 2016-2017 жылдардан қалған 471 млн.теңге қарызы бар екендігі анықталды. Қала тазалығын сақтау мақсатында ашылған мекемені сақтап қалу менің жауапкершілігімде болғандықтан, еріксіз үнемдеу режимінде жұмыс істедік. Екі жыл бұрын 1245 адам «Қала жолдарында» қызмет етсе, бүгінде 720 адам қала тазалығы үшін еңбек етіп жүр. Қызметкерлерді қысқарту арқылы, шығындарды азайттық. Соның нәтижесінде 471 млн.теңге қарыздың 301 млн.теңгесін төледік. Жұмысшылардың айлығы 1-2 күнге кешіккені болмаса, ай сайын төлеп отырамыз», — дейді «Қала жолдары» ЖШС директоры Қайрат Хайрушев.

Қарызға батқан мекеменің беті бері қарағанымен әлі де төлейтін берешегі бар екен. Десе де, қаражатты үнемдеу арқылы қаланың санитарлық тазалығын сақтап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп отыр.

«Былтыр «Қала жолдары» ЖШС бәсекелестік ортаға түсті, яғни барлық мемлекеттік сатып алулардың қатысушысы болып, жұмыстарын атқаратын болады. Биыл «Қазақ соқырлар қоғамының Ақтау оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС мамыр, маусым айларында Ақтау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығымен «қаланың жасыл желектерін күтіп ұстау» жұмысы бойынша келісім-шарт жасаған. Бүгінде қосалқы мердігерлік жұмыстар «Қала жолдарына» берілді. Екі айдан соң басқа тазалық мекемесі келетін болады. Сонымен қатар мекеме қызметкерлеріне 74 млн.теңгені республикалық бюджеттен уақытша алдық. Енді жергілікті бюджет толықса алған қаржыны қалпына келтіретін боламыз», — дейді ЖКХ бөлім басшысы Қайрат Ақыбаев.

Екі айдан кейін «Қала жолдарының» келісімшарты аяқталады. Оның орнына қаланың тазалығын  сақтайтын өзге мекеме келеді. Ал қарызын толық өтемегендіктен конкурсқа қатыспаған «Қала жолдары» басқа жұмыс көздерін іздемек.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН