Маңғыстау облысында «Түркі тілдес халықтарының ортақ рухани құндылығы мен құқықтық дәстүрінің қазіргі қоғаммен сабақтастығы» атты халықаралық конференциясы өтті. Ш.Есенов университеті және облыстық соттың ұйымдастыруымен өткен шараға еліміздің, сонымен қатар Әзірбайжан, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мемлекеттерінің жоғарғы сотының судьялары, ғалымдары және профессорлары қатысты.

Конференция барысында қатысушылар өз баяндамаларын оқып, құқықтық мәдениеттің маңыздылығына тоқталды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы жоғарғы сотының судьясы Бағылан Мақұлбеков еліміздегі тарихи құндылықтардың игілігі туралы баяндаса, Аскеров Гурбет ага оглы Әзірбайжан Республикасындағы сот-құқық реформалары туралы кеңінен айтып өтті. Одан соң шара барысында шетелден келген ғалым-профессорлар Түрік азаматтық құқығының сыртқы бейнесі: қолданылу аясы мен негізгі қағидалары, азаматтық құқықтың өнегелік бастаулары, авторлық құқықтарды құқықтық қорғау саласындағы Әзірбайжан Республикасының заңнамалар жүйесі, Қырғызстан Республикасының қазіргі құқықтық жүйесіндегі рухани құндылықтардың орны туралы баяндамалар оқыды. Сондай-ақ, отбасы құндылықтарының қазіргі заңнамадан көрініс табуы, дала билерінің бітімгерлік рәсімдері мен түркі халықтарына ортақ татуластыру әдістерінің сабақтастығы, қазіргі таңда құқықтық мәдениетті дамыту мәселелері туралы келелі ойлар ортаға салынды.

«Бұрынғы түркі тілдес халықтарының ел, тайпа басқарудағы кейбір элементтерінің бүгінгі күнде маңызы зор деп ойлаймын. Әрине, өткенді бүгінгі күнге әкелеп, дәлме-дәл қайталау мүмкін емес. Дегенмен, бұрынғы ата-бабаларымыздың араздасқандарды татауластыру, жақындастыру заңы қазіргі кезде де маңыздылығын жойған жоқ. Бұл заң бізге керек-ақ. Сондықтан, бүгінгі конференцияның құқықтық сауаттылықта маңызы зор деп ойлаймын», — дейді ҚР жоғарғы сотының судьясы Бағылан Мақұлбеков.

Жиын барысында баяндамашылар түрлі жаңашылдықтармен бөлісіп, түркі халықтарына ортақ сот практикаларына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ олар Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның – түркі халықтарының қара шаңырағына айналғанын айтып, халықтар арасындағы ортақ мәселелерді талқылау достық қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап өтті. Конференция қорытындысы бойынша түркітілдес халықтарға ортақ құқық жүйесін жандандыру мәселелері туралы шешім қабылданды. Жиында тыңдалған үздік баяндамалар мен ғылыми жұмыстар арнайы жинақ болып басылатын болды. Іс-шара соңында қатысушылардың барлығына «360 әулиелі Маңғыстау» атты энциклопедиялық кітап пен сертификаттар табысталды.

Айгүл ОРЫНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН