шахмат

Каспий теңізі жағалауында Маңғыстау облыстық шахмат федерациясы мен «Дебют» шахмат мектебінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Шахмат жексенбісі» өтті. Зияткерлік ойынға қала тұрғындары да белсенділік танытты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ақыл мен ойды қажет ететін спорт түріне қызығушылық танытқан жандар жағалауға жиналды. Тәжірибелі мамандар, мектеп оқушылары мен жаттықтырушылар жарыстың тартысты әрі қызықты өтуіне атсалысты. Сайысқа Мұрат Омаров, Ильяс Галиев, Алан Тасмуханов, Назар Талғатов есімді шахмат ойынының үздіктері қатысты. Уақыт пен сананы бір сәтте басқаруға бағытталған шахмат ойынында ешкім ұтылғысы келмейтіні анық. Сондықтан да сайысқа сақадай сай тұрған жастардың басты мақсаты – жеңіске жету, өз мүмкіндігін көрсету.

Жексенбіде өткен шахмат ойынына 8-12 жас аралығындағы кәсіби ойыншылар келді. Олар әуесқой ойыншылармен «бір мезеттік» сеанс, «тақтайға қарамай көз жұмып ойнау» сеансы бойынша ойын өрнегін көрсетті. Сондай-ақ қосымша үстелдегі шахмат тақтасына келген тұрғындар да көп болды.

Негізгі мақсат – шахмат ойынын насихаттау. Шахмат үздіктері мен әуесқой ойыншыларды байланыстыру, зияткерлік спорт түрін үйренуге шақыру.

– Жағалауда шахмат ойынын өткізу идеясы көптен бері ойымызда болған. Бүгін бастамаға қолдау көрсеткен жандардың арқасында іс-шараны ұйымдастырып отырмыз.  Ендігі жоспарымыз – қала тұрғындары мен «Дебют» шахмат мектебінің оқушылары арасында байланыс орнатып, ойынға деген қызығушылықты арттыру. Шахмат ойындарын көптеп өткізу. Жағалауға келген қала қонақтары мен тұрғындардың тиімді демалуына, бос уақытын өткізуіне жағдай жасау, – дейді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Анвар Шайхымов.

Бес сағатқа созылған шахмат ойынына 200-ден аса адам жиналды. Көптің көңілінен шыққан көңілді демалыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН