Асқар Әдіханұлы
Сурет mng.prokuror.gov.kz алынған

Маңғыстау облысы прокуратурасының қызметкерлері облыс прокурорының орынбасары 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Асқар Әдіханұлы Досекеновты салтанатты түрде құрметті демалысқа шығарып салды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Асқар Әдіханұлы 37 жылдан астам уақыт прокуратура органдарында қызмет еткен. Ол кәсіби білімі мен тәжірибесін жас қызметкерлер ұрпағына бере отырып, заңдылық пен құқықтық тәртіптің нығаюына үлкен үлес қосты.

Прокуратура органдарында еңбек жолын 1981 жылы Қазақ КСР-нің прокуратура органдарында бастаған.

Бірнеше жылдар бойы Министрлер Кабинетінде және Қазақстан Республикасының Президенті аппаратында жұмыс істеді.

Қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының  және жазаны орындау заңдылығын қадағалау Басқармасының бастығы, Бас прокуратураның мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау Департаментінің бастығы,  Жетісу ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, Солтүстік Қазақстан және  Маңғыстау облыстары прокурорларының орынбасары секілді түрлі жоғарғы лауазымдарда қызмет атқарған.

Қызмет кезінде ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, сондай-ақ көптеген ведомстволық наградалармен марапатталған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы прокурорының орынбасары болып Азамат Сардарбекұлы Уәлиевтің тағайындалғанын хабарлаған едік.