айтыс

Жыл сайын дәстүрге айналған аймақтық ақындар айтысына Маңғыстау облысынан үш жас ақын қатысып, жүлделі орынмен оралды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Атырау облысы, Индер ауданында өткен аймақтық ақындар сайысы Бұқар жыраудың 350 жылдығы мен Шал ақынның 270 жылдығына орай ұйымдастырылды. Өз өнерін ортаға салған 20 ақын «Елім дейтін ұланбыз» атты тақырыпта сөз жарыстырды. Додаға Атырау, Ақтөбе, Орал және Маңғыстау облыстарынан келген айтыскерлер бақ сынады. Соның ішінде Маңғыстау облысынан «Жыр-жебе» жас ақындар мектебінің жас айтыскер ақындары Алшын Сүйемов, Жанболат Әлиев, Рамазан Тезекбаев қатысты.

Аламан айтысты жергілікті ауданның айтыскер ақындары мен сөз өнерінің майталмандары бағалады, шын өнер иесін анықтады. Нәтижесінде Маңғыстау өңірінен барған Алшын Сүйемов пен Жанболат Тезекбаев IІ орынды қанжығасына байлады. Ал Рамазан Тезекбаев ынталандыру сыйлығына ие болды.

Сонымен қатар айтыс өнерін насихаттап, жас өрендердің бойына ұлтжандылық қасиетті дарытуға бағытталған аймақтық оқушы ақындар айтысына шәкірт тәрбиелеп, сөз өнерінің құдіретін түсіндірген «Жыр-жебе» жас ақындар мектебінің директоры әрі ұстазы Фархад Мұсаевқа алғыс білдірді.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА