ақын

«Жыр-жебе» ақындар мектебінің жас айтыскер ақыны Мейірбек Саламатов Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының тегін оқу грантын жеңіп алды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

12 сәуір күні Алматы қаласында Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының ұйымдастыруымен «Ұлы дала дарындары» атты республикалық жас өнерпаздар байқауы өтті. Айтыста әр аймақтан келген 8 ақын өзара бақ сынады. Сөз сайысында ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Ж.Ерман, «Ұлттық өнер» факультетінің деканы О.Ибраев, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі доцент, ҚР еңбек сіңірген әртісі Р.Стамғазиев, айтыскер ақын С.Қалиев және Талант Арғынғали төрелік етті.

Нәтижесінде «Жыр-Жебе» ақындар мектебінің жас айтыскер ақыны Мейірбек Саламатов «Айтыс» номинациясы бойынша лауреат атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясының тегін оқу грантын жеңіп алды.

Мейірбек Жаумитұлы 2017 жылдан бастап «Жыр-жебе» жас ақындар мектебінен білім алуда. Бірнеше жүлделі орындарға ие болған ақын. Бұған дейін облыстық «Ақберен» байқауында 2-орын алса, облыстық «Жыр алыбы – Жамбыл» атты оқушылар айтысында 2-орынды қанжығасына байлады, ал ақпан айында өткен республикалық кезеңде 28 ақын қатысқан айтыста бас жүлдеге ие болды. Сөз маржанын терген жас ақынның бұл қуанышы маңғыстаулық жастар үшін мақтанарлық жетістік.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА