Жуырда Бейнеу аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен спорт мектебінде «Жастар жылына» арналған әйелдер арасында волейболдан аудандық жарыс өтті.

Жарыстың басты мақсаты — жастарды спортқа тартып, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сонымен қатар волейбол спортын дамытып насихаттау.

Аудандық жарыстың ашылу салтанатында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ынтымақ Божанов және бас төреші Ләззат Аймолдаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған жарысқа ауданымыздағы мекеме мен кәсіпорындардан он бір құрама команда қатысып, өзара бақ сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша І орынды «Спорт» құрама командасы алса, ІІ орынды «Бұқаралық спорт» командасы , ІІІ орынды «Аудандық аурухана» командасы иеленіп, жеңімпаз атанды.

Жарыста ерекше көзге түсіп, жақсы ойын көрсеткен командалар да қалыс қалмай арнайы аталымдарға ие болып, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне БЖСМ-нің тағайындаған кубок және дәрежелі дипломдары табысталды.

Үміт ҚАЗДАЕВА