Төлеген Айбергенов

Қазақтың айтулы ақыны Төлеген Айбергенов 1937 жылы туысқан қарақалпақ елінде дүниеге келген. Оның туған күні – 8 наурыз. Төлегеннің бұл туған күніне назар аударсақ, абзал азамат, талантты ақын табиғаттың тамаша мезгілі – көктемде дүние есігін ашқан.

Есейе келе Төлеген Айбергеновтің көңілі атамекен Қазақстанға ауа берген. Жатпай-тұрмай алдына қойған басты мақсаты – атамекенге жету мен үміті – Қазақстан елі мен жерінің гүлденуі, халқының болашағы, қуанышы мен шаттығы болған. Есіл-дерті атамекеннің бір пұшпағына болса да табан тіреу болыпты.

Бұл жерде қарақалпақ еліне сыймаған шығар деген ой тумау керек. Ол ел де «Тө- леген біздің топырақта туған» деп, құшағынан шығарған жоқ. Кет, әрі! – демеген. Кездескен қиындыққа қарамастан, қалай да Қазақстанға келу – Төлегеннің отанға деген шексіз перзенттік сүйіспеншілігі еді. Төлегеннің туған елге деген ыстық ықыласы, іңкәр сезімі, сағынышы бір сәт те сейілмеген. Жүрегі Қазақстан деп соққан. Атамекеннің ұлан-ғайыр даласына, асқар тауларына, биік шыңдарына қыранша көз тігіп, талпынып-қанатын қақты. Отанға деген патриоттық сезіммен жүрегінен жалындап алаулаған «Қазақстан», «Қазақстан көктемі», «Атамекен» тағы да басқа өлеңдері – осының дәлелі. Ақыры сол сезімдердің жетегінде атамекені Қазақстанға келді.

Осылай жалындап жүректен шыққан ыстық сезімдердің құдіреті Төлегенге дегенін жасатты да. Төлегеннің қайсы бір өлеңінде де туған жерге, Атамекенге, Отанға деген сағыныш сазы есіліп тұрады. Оның туған топыраққа деген шексіз перзенттік махаббаты сезіледі. Осыдан біз оның отаншылдығына көз жеткіземіз. Мысалы, ол «Атамекен» деген өлеңінде;

Көл-дария көкірегімде бір тұнба ашып,
Мен тұрмын ата-баба жұртын басып.
Жаутаңдап қазір менің жанарымда,
Тұп-тұтас жиырма жеті жыл тұр ғашық.

Түп-түгел төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.
Дүние-ай, қандай жақсы еді табаныңа
Тұрғаны өз топырағыңның ыстығы өтіп.

О, менің мәңгі басар нық тұрағым,
Қалайша жан сырымды ұқтырамын.
Мен сенің ақ төсіңе шаңқай түсте,
Көлеңкем түспесін деп тік тұрамын.

Бұл өлеңді оқыған соң: – Пай,шіркін! бұ жұрттың бәрі де осы Төлегендей отанын шексіз сүйсе, ұрпақ бойында, әрбір азаматта отаншылдық сезім терең орныға түсер еді ғой, дейсің сүйсініп. Отанды Төлегенше сүйіп, қадірін білсең, сырт көзге айбат, жастарға жігер беретін қайрат қалыптасары сөзсіз.

Төлеген – Қазақстанның бүгініне, болашағына нық сеніммен қараған патриоты. Оны «Қазақстан көктемі» деген жыр шумақтарынан байқаймыз.

…Ойладым сені құрбыммен наз алысқанда,
Көктем келді, мінеки Қазақстанға!
Мен сене алмаймын,
Қазақстанға сенгеннің,
Басынан базар ұшқанға.
Құлағым сенің қоңырауыңнан ашылған,
Жасым да сенің омырауыңа шашылған.
Тентектеу менің бозбала күнім жүр сенде,
Көзіме оттай басылған…

Немесе:

…Көкшетау ормандары,
Жүрегі – бұлбұлстан,
Маңғыстау армандары –
Көзімнен бір-бір ұшқан… – демей ме?!
Міне, сезім құдіреті, арманның асқақтығы деген де, ел мен жерге деген перзенттік парызды ұғыну деген де осы болар.

Ақынның бір арманы орындалып, Қазақстанға келген соң шабыты шалқып, қуанышы тасып, Атырау мен Алтай арасында туған елдің келбетін көруге, елмен етене араласу мақсатында сапарға шықты.

* * *

Сонау 1960 жылдардың орта шенінде Т.Айбергенов кең-байтақ Қазақстан жерін   аралаған сапардың бірінде Маңғыстау мен Атырау аймағына да ат басын бұрып, халықпен жүздескен. Туған жерді түлетіп жатқан еңбек ырғағы мен адамдардың жасампаздық істерін көрген ақынның шабыты бұрынғыдан да шалқи түскен. Елді, жерді аралап туған жердің түлеп жатқанына сүйсінген ақынның жүрегін шабыт тербеп, көкірегін қуаныш кернеп, өміршең жырларды жазды. Оның «Маңғыстау саздары» деген өлеңдер циклі сол сапарларда туған шығармасы еді. Іссапар барысында еңбек майдандарының ортасында болып, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жасампаз жандармен кездесті, жастармен сырласты. Ақсақалдардың, ардагерлердің ақ батасын алды. Кездесулерде емен-жарқын әңгіме өрбітіп, ақтарылып жыр төкті. Ақынды халқы да қайсы жерге барса да, құшақ жая қарсы алып құрмет көрсетуден жалықпаған. Оның оқыған жалынды жырларынан, сағынышты саздарынан мейірлері қанып тыңдады.

Сол жылдарда ақын жүрегінен жалындап шыққан жырлар көп болды. Оның жырларының бірі де, бірегейі де – әлгі айтылған «Маңғыстау саздары» өлеңдер циклі. Кезінде бұл шығарманы талғампаз оқырман қауым жылы қабылдап, жоғары бағасын берді. Іздеп жүріп оқитын дүниеге айналды. Кейін ақынның «Құмдағы мұнаралар» деп аталатын өлеңдер жинағына сол замандағы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Яғни республикалық жастар сыйлығын алды.

Төлеген – қазақ поэзиясында Маңғыстау тақырыбын тұңғыш рет ашқан ақын. Ол өлеңде Маңғыстаудың ұшан-теңіз қазба байлығы халық игілігіне жарап жатқандығын, түлеген түбектің келешегін оқырманның көз алдына елестетіп, болашаққа деген сенімге жетелегендей әсерге бөлейді. Маңғыстауға деген өзінің сүйіспеншілік сезімін жеткізеді. Келбетін көркем сөзбен кестелеген.

Рас, Маңғыстау тақырыбына қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ. Бірақ түлеп жатқан түбектің сол жылдардағы келбетін өлеңмен өріп өрнектеген, әдемі теңеумен әрлеп-кестелеген, әсем әуез-екпінді дауыспен жырлаған, жапан даланы ерлікке пара-пар еңбекпен жаңғыртып жатқан ерлердің тасқын табыстарына балаша қуанып, ата қонысқа ынтызар болып, оның өсіп-өркендеуін, гүлденуін тілеп, кезінде талай тарландар өткен қасиетті де киелі мекеннің – құтты қоныстың ежелден келе жатқан сыбызғы үнді саз-сарындары мен ақын-жыраулардың ақберен жырларынан сусындап, қалың елге ет-бауыры елжіреген нағыз Төлегендей ақын бірен-саран ғана. Маңғыстау жерінің аруанадай бауыры иіп, омырауынан ақтарылған «қара алтын» — мұнайдың шалқыған Өзенін көргенде қуанған ол:

…Білмедім мен кеудемнен ашты ма кен,
Омырауы осынау тасқын әлем.
Күн көтеріп барады Маңғыстауды
Мұнаралар аспанның астыменен – десе,
Тағы да сол кенді өлкенің келбетін:
Қалайша мен жаным-ау тұраламын,
Жүрегімнің сыздатпай шынар әнін.
Табанымның астында қара дария
Тас төбемде Тайгасы мұнараның,.. – деп суреттепті ғой.

Төлеген Маңғыстаудың ертеңіне елеңдеп, талайы тағдырына жаны ауырып жүрегі сыз- дайтыны аңғартады. Оның дәлелі Төлегеннің жан жары Үрниса Айбергенованың мына бір естелігінен үзінді келтіре кеткеніміз жөн болар, сірә.

«…Осы сапарынан Төлеген көңілді оралды. Шәмшінің ән шығарғанын, оған өзінің өлең жазғанын айтып, мына бір-екі жолды айрықша оқыды:

Жаңғырған заңғар көкте мұнаралар,
Қазаққа ата қоныс бұл аралар…

– Сен түсіндің бе, мынау алпауыттар бұл жерді өздеріне лайықты бір заңмен қарата қалар болса, күндердің күнінде өжет ұрпақ өз жеріне иелік етсін деп әдейі жазып отырмын. Сонда «Міне, Айбергенов пен Қалдаяқов бұл өлке жайында кереметтей өлең жазып, ән шығарған» деп дәріптеуге, дәлелдеуге жақсы, – деді.

Ата-бабамыздың аманатындай бұл жерге кімдер көз алартып отыр дегендей мен кірпігімді жыпылықтаттым. Сонда ол маған «Маңғышлақ» деп маңқа сөйлеуінен-ақ тү- сінбейсің бе, әйтпесе «Маңғыстау» дегенге тілдері келмей тұрма екен …» деп сөз астарын аңғартты. Қайдағыны сезіп ойдағыны елден бұрын аңғара қоятын қайран ақынның алғыр зердесі-ай десеңші. Сол кездің өзінде былаң құйрық түлкі саясаттың сайқал құлқын аңғара қойғанын айтсаңшы.

Асқақтатып байтақ дала тұлағасын
Тас төбемде жиырманыншы тұр ғасыр.
Жаса, жаса менің байтақ жүрегім –
Маңғыстауым, мекендеген күн қасын, – деп, Маңғышлақ емес, Маңғыстауды қызыл көзден қызғанған, аса бір перзенттік сүйіспеншілікпен өзіне иімдене жырлаған екен ғой!… Бұдан артық туған жерге ет-бауыры елжіреуді, бұдан артық жүрекжарды қуанышты, бұдан артық ертеңіне елеңдеу, бұдан артық пәк көңілді басқалардан байқамаған шығарсыз!

Ал Маңғыстаудың ақжелең қонақжай жұртын, атпал азаматтарын, марқасқа ұлдарын қалай бағалаған десеңші! Неше күн болса да қайсы ауылға барса да еркін жүріп, ел-жұртты аралап, аунап-қунап құрметті қонағы болған. Сол сапарда «келдің бе?» деп, құшағын жая қарсы алған Маңғыстау елін, дүбірге толы жерін қимай қоштасқанда жазған «Қимастығында»;

Оралсам деген тағы да
Білмедім үміт пе мұнда.
Амал жоқ, енді қайтамын,
Жан еркем күткен сағына.
Маңғыстау жігіттерінің
Мен саған несін айтамын…
Жарығы ғашық жанардың
Шетінен сырбаз нар олар, – десе,

Бірде:

Таушықтың сансыз тауында,
Тұлпарлар қалды ақтабан, – дейді қимастық сезіммен өкініп.

Соңында:

Қайтейін ащы теңізді
Жігіттер қалып кетті ғой, – депті, аз ғана күнде жақын бауыр басқан елге ризашылықпен.

Бұл да – Төкеңнің Маңғыстауға деген ерекше ыстық ықыласының жарқын көрінісі!

Осы орайда Маңғыстау өлкесіне басқалардан алабөтен бүйрегін бұрған Төлегенге маңғыстаулықтардың да лайықты құрмет көрсетуі парыз екендігі белгілі.

Сондықтан Төлегенмен кезінде тұз-дәмдес болып, көзін көрген замандасы, өлкемізге белгілі азаматтардың бірі марқұм Таңаш Меңдібаев ағамыздың мына пікірі көңілге қонған еді.

«…Төлеген Қазақстанда туған азамат емес. Бірақ ол – қазақтың марқасқа ұлы! Шығармаларына Маңғыстау көп арқау болған. Сол себепті облыс көлемінде бір мектеп немесе оқу орны Төлегеннің атында болуы лайықты, абыройлы іс болар еді», – дейді облыстық «Маңғыстау» газетіне жазған «Қазақтың марқасқа ұлы» деген мақаласында. Әрине, бұл – құптарлық пікір!

Бір есептен Төлеген қысқа ғұмырында жарқын, мәңгілік жырларды жазып, жақсы істерді жасап та кетті деуге болады. Мен солай деп ойлаймын. Ақынның қайсы бір шы- ғармасы жазылғанына көп уақыт өтсе де, кезең талабы мен талғамы өзгерсе де, өмір ағысынан жағаға шығып қайырлап қалмай алдыңғы толқынмен келеді. Оның өлеңдері кез келген уақытта кәдеге жарап жүр. Қашанда өр өлеңнің кәусар бұлағынан жырға шөлдеп жүрген оқырманның мейірін қандыруда. Арадан қанша жылдар өтсе де, ақынның сөзіне жазылған әндер өнер сахнасынан түспей, жүрекке жылы ұялайды.

Ақынның өміршең өлеңдері мен оның сөзіне жазылған әндер бүгінгі күннің биік өнер сахнасынан түспей, талғампаз көрерменнің көңілінен, талапшыл оқырман ойынан шығып, лайықты орнын жоғалтқан жоқ.

Атап айтар болсақ, 1995 жылы Атырау облысында осыдан 30 жыл бұрын өнердің қос тарланы – Төлеген мен Шәмші шығармашылық сапарда болып, жазған «Ақ ерке ақ Жайық» әнінің 30 жылдығының мерекеленіп өтуі – жоғарыда айтқанымыздың мысалы.

Кәрісбай ӘДІЛ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз