Адайдың ақындық өнерімен елге белгілі болған қыздары баршылық. Ел аузында Балдай қыз атанған Балдай Көшкінқызы, Қанапия Доспамбетқызы, Фариза Оңғарсынқызы, Айсырға Қилыбаева, Ақшагүл Рамазанова, Оңайгүл Тұржан, Айнахан Есет, Анар Шамшадинова, Нұргүл Маулина, Жұмагүл Мұрсаловаға дейінгі жыр көшіне ілескен арулар тізбегі үзілмей жалғасын тауып келеді. Ал өз заманында ауыл арасында ақындығымен танылып, уақыт өте келе аты ұмытылған қыздар қаншама?

Адайдың ақын аруларының көш басында Әтембек Қаратоқа неме­ресі 1805 жылдары  туған Балдай Көшкінқызын атасақ болады. Ол туралы жазып, жинақтап жүрген Олжабай Жұмаға­лиұлының деректеріне сүйенсек: «Көшкіннен Балдай, Талдай атты қатар өскен екі қыз бо­лыпты. Екеуі де көңіл көтерер тойлы оты­рыстарда қатар отыра қалып, айтысар жан болса, сөз қағыстыра кетеді екен. Балдай за­манында атышулы ақын болған…

Балдай 9 жасында Құранды меңгеріп, 13 жасынан бастап өлең сөз шығару қабілеті байқалған. Сол 13 жасында болуы керек, Ба­тыс Қазақстан өңіріне ақындығымен даңқы шыққан Абыл Тілеуұлымен сөз қағыстырып, кідірткен екен делінеді».

Қанша ақын болса да, әкесінің төрінде отырғанда Абыл секілді ақынмен айтысып, өлеңін сынға салғанмен, қыздың жіңішке жо­лы талантын тұсап, бойындағы бар өнерін жарқыратып аша алмаған Балдайдың ұза­тылып бара жатқанда:

«Осымен ән де бітті, сән де бітті,
Кесілді өңешімнен тіл мен таңдай.
Ғұмыры қыз баланың бес жыл екен,
Сәлем де сұрағанға дұғай-­дұғай…» деп, келін болып түскен жерінде өз еліндегідей еркіндік болмайтынын мойындайды.

Балдай бес жылдай ғана ақындық өне­рін көпшілікке танытып, 18 жасында ұза­тылып кеткенше Абыл ақынмен 7 рет сөз қағыстырып, жетеуінде де өзінен 20 жастай үлкен айтулы ақынды сөзден тоқтатыпты.

Бұрын Балдайды сөзден жеңуді мақсат ет­кен Абыл жезделігін пайдаланып қызға қиянат сөздер де айтып жүреді екен, енді бөтен елге аттанып бара жатқанда сонысы үшін ақын қыздан кешірім сұрап, «ат-­шапан айы­бы» есебінде бозжарға атын мінгізіп:

«Абыл деген ақынмын,
Алдыма қара салмаған.
Мен қаншама қусам да,
Қамалым Балдай алмаған…» деп, оны қанша айла қылса да сөзден тоқтата алмағанын көп­шілік алдында мойындап, құдаларға өзінің Балдай туралы айтқан сөздеріне сенбеуін сұ­рауы – ақынның азаматтығын танытатын мі­нез.

ХІХ ғасырдың орта тұсында суырыпсал­ма ақындығымен танымал болған Ұмсын ақынды ұмытуға болмайды. Талап Жанжігі­тов дерегі бойынша Қараш Есей Есенғараның Қызанбайының үш ұлдың ортасындағы жал­ғыз қызы Ұмсын ерке өсіпті. Бойжеткесін «Күйеуді өзім таңдап тиемін» деп, жеңгелері арқылы әкесі Қызанбайға хабар жеткізіп, өз алдына отау тіккізеді. Құда түсіп келгендерді ұнатпай, «Мені алатын адам өзінің өнерін, не күшін басқадан асырып барып алады» деген шарт қояды.

Бірде Әлім ауылының Қойбақ деген байы Арқада әкесіне ас беретін болып, Кіші жүзге хабар айтады. Сол асқа Адай жағы күреске Құлбай палуанды дайындайды. Бұл хабарды естіген Ұмсын жеңгелеріне: «Сол асқа мен де барамын. Көптің іші ғой, теңім табылар» дей­ді. Бұл әңгімені жеңгелері Құлбай палуанға жеткізеді. Құлбай қарындасының ойын теріс көрмейді. Асқа баратын уақыт та болады. Әкесі Қызанбай бастап жүрейін деп жатқанда Ұмсын: «Мен де барамын» деп орнынан ұшып тұрады. Әкесі қолдамаса да, ағасы Құлбай қарындасын асқа ала кетуге көндіріп, алып жүреді.

Адайлар Әлім ауылына келіп, қонғаннан кейін той басталады. Сахаба «Тойды кім бастайды?» деп хабарлағанда, Ұмсын: «Тойды мен бастаймын» деп ортаға шыға келіпті. Бірақ «Әйел адамға той бастауға болмайды» деп, Шектінің бір жігітіне той бастатады. Бұған ренжіген Адайлар ұрыс шығарғысы келгенмен, араға Ұмсынның өзі түсіп: «Ар­тын бағайық» деп тоқтатыпты.

Той басталып, бәйгі аттар кеткесін, күрес басталып, ортаға палуандар шақырылады. Сол кезде қара жорғаның үстінде отырған Ұм­сын аттан секіріп түсіп, тізеге түскен ұзын ша­шын бір өрім қылып буып, қызыл шарқаттың астына жіберіп, екі жеңін түріп, ортаға тізер­леп отыра қалып: «Күш атасын танымайды. Мен әйел емес, еркекпен күресемін. Әйел деп той бастатпадыңдар. Күреске жолдың керегі болмас» деп, былай деген екен.

«Қызы едім Қызанбайдың атым Ұмсын,
Таранған ақ отауда тоты құспын.
Ит жоқта түлкі үргендей жолымды алған,
Жапалақ лағып жүрген неткен құссың?!
Демесең, нәті әйел, білегім бар,
Құлбайдай атышулы тірегім бар.
Жығатын осы тойда еркек болса,
Байраққа тігетұғын жүрегім бар.
Егерде жығылып қалса палуаның,
Ғұмырлық құл ететін тілегім бар,
– шықсын палуандарың!» депті.

Жүрегі тұрып күреске ешкім шықпай Құлбай палуанның қарындасы екенін, осы тойда Құлбайдың бар екенін той­шы қауым біліп, күрес бәйгесіне Ұмсынға қалы кілем жапқан буаз маяны сыйға тартқан екен. Ұмсын маяның бұйдасын ұстамастан: «Құлбай, бауырым, шық ортаға! Сен тұрғанда менің күрес бәйгісін алуым ұлық. Сенен артық күш атасы да жоқ. Бұл тойда менімен күресіп, жығатын жігіт те жоқ» деп, түйенің бұйдасын Құлбайға ұстатқан екен. Бұны көрген Әлім ақсақалдары жиналып ақылдасып, Ұмсынға «Той бастау кәдесі үшін» деп бір жорға же­телетіпті.

Қазақтың өнерлі әйелді қадірлемейтін бір көркеудеге тап болды ма, әлде басқа жағдайы бар ма, Ұмсынның одан соңғы тағдыры – жұмбақ.

Қанапия Доспамбетқызы – 1840-­45 жылдар арасында Маңғыстау өңірінде туған Маңғыбай Көрпе Құлтастың немересі. Оның ай­наласына ақындықпен танылуына 1853 жылы Хиуа жасағы Сүгірәлі Құрман, Таған бай­лардың тоғыз ауылын шауып, Қанапияның әкесі жау қолымен шайқаста қаза табуы себеп болған секілді. Сол қазаға қабырғасы сөгіле қайғырған 16­-17 жастағы Қанапия әкесіне жоқтау шығарып, шайқастың ұзын-­ырғасын жүйе-­жүйесімен баяндап жырға қосады.

…Менің әкем Доспамбет
Шеттен тиіп ақырды,
Аудармады маңдайын,
Кетірді жаудың жағдайын.
Сапырылысқан сан қолдың,
Тұяғынан аттардың,
Қараңғы тұман шаң басты,
Жағдайы кетіп жау қашты,
Бағыттан сүйтіп адасты…
…Дулыға сыймас шекеге,
Білегі сыймас жеңіне,
Ерлігі сыймас жүрекке,
Мен әкеден айырылдым,
Қабырғам сынып қайырылды.
Қой құмалақ қорғасын,
Ажал оғы тап болып,
Кез болдық шықпас сорға шын…
…Қайран әкем сүйегін,
Алып келіп жерледік,
Көлденең Шыңның басына,
Балша­-Бекет қасына…
Мен балдыр тартқан бала қаз,
Қоғалы көлде жүздім аз,
Адасып қалдым көлімнен…
Қызыл шарқат шұбалтқан,
Тарқады белбеу белімнен…
Көліме қонып жүргенде,
Аққу едім, ешкімнің
Ұсынса қолы жетпеген.
Бала қаздай мамырлап,
Қой алдынан шығушы ем.
Сары нарға сән түзеп,
Қызыл уық қомдаушы ем.
Қайран менің әкекем,
Мінген аты боз тарлан…
Сағынып көрген Сақижан,
Ересек те болмады-­ау,
Қабырғасы кетті қайысып,
Омыртқасы кетті майысып,
Бұлаңдап жүрген «Қанен» ем,
Аяғым сынып ақсадым,
Әкемді жоқтап қақсадым,
Қысқарып өріс тоқтадым… деп, өз басын­ дағы қайғысын ел басына түскен ауыр сын­ мен қоса толғаған Қанапияның да кейінгі өмірі белгісіз. Басына жаулық түскесін өлең жайына қалған болуы керек. Оның ұзақ жыр толғауының үзінділерін ел аузынан әдебиет зерттеушісі, ғалым Қабиболла Сыдиықов баспа бетінде жариялап, жарыққа шығаруға жергілікті өлкетанушы Жетібай Жылқышиев еңбек сіңірген.

«Қазақ поэзиясының ханшайы­мы» атанған Фариза Оңғар­сынқызының шығармашылық жолы туралы әңгімелеу артық болар, оның бүкіл қазақтың қалам ұстаған қыздарына қамқор болғанын, Айсырға, Ақшагүл секілді сіңлілерін іздеп келіп, өз ошағының басында отырып жаққан өлең шырағының өшпеуіне рухани демеу көрсеткенін көпшілік біледі.

Халыққа көп танылмағанмен, ақындық қабілеті айқын арулардың бірі – 1942 жылы Форт-­Шевченко ауданы, Сығынды ауылын­ да дүниеге келген Тыныштық Бәйнекеқызы. Ұзақ жылдар халық шаруашылығы саласын­ да қызмет атқарған, ардақты ана, ауылдық, ау­дандық кеңестерге депутат болып сайланған Тыныштық асыл тұқымды адай арғымағын баптап, бәйгеге қосқан атақты атбегілердің бі­рі, Есболай торыалаяқ жылқысының тұқымын өсірген Әлі Жаңай Есболай Аманұлының ұрпағы.

Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұс келген Тыныштық әкесі майданда қаза бол­ғасын, отбасы тауқыметін анасы Мәрзия­ мен бірге көтеріп, бойындағы өнері кеш танылған ақын. Көбіне атасы Есболай мен әжесі Тараудың  тәрбиесінде болған Тыныштық жасынан ескілікті әңгімеге құлағы түрік, өлең сөзге жақын болып өседі. Оның өзімен тағдырлас, замандас ағасы Әбіш Кекілбаевқа арнаған «Әбіш ағаға» өлеңінде:

Үйір көрмей жырақтау,
Жетім қалған тай­құлын.
Тағдырласым Әбеке,
Талайын тарттың қайғыны…
Соғыстан соңғы сарқытпыз,
Нардың жүгін тартыппыз.
Әке жолын ардақтап,
Үмітпен жүріп шалқыппыз, – деп жыр ар­науында үлкен мән жатыр. Бұл өлеңнен Тыныштықтың өзінің де өмір суреті анық көрініс береді.

Теңіз жағасында дүниеге келіп, Қолтық жа­ғалауында өскен ақын «Ақтауыма аққу келіп қонбайтын» деген өлеңінде көпшілік аңғара бермейтін бір сырдың бетін ашқандай бола­ды.

Ақтауыма аққу келіп қонбайтын,
Аялдайтын, қанаттарын қомдайтын.
Мұз үстінде бауырлары тоңбайтын,
Жылы жаққа қанат қағып самғайтын…
Әкелерім алыс кеткен ардақты,
Хат жазыпты, шолып өтіп жан-­жақты.
Өздері жоқ, сарғыш тартқан хат қалып,
Әке рухы аққулармен алмасты.
Қайсыбірі өтіп кетті өмірден,
Шығып кетті қайсыбірі көңілден.
Өмірлері өтіп кеткен арудың,
Рухы – аққу болып келді теңізден…
Қазақ ұғымында киелі саналатын, пәктік пен махаббаттың символына айналған аққу құсының Ақтау маңына қыстап қалуы бүгінгі оқырманға таңсық көрініс емес, бірақ оның кешегі қан майданда қаза тапқан жауын­герлер рухына айналып ортамызға оралуы Тыныштық қаламының ұшына ілігіп, қасиетті құс қадірін арттыра түскені анық.

Төрт жол сөз төрт серке еді жол бастаған,
Әр сөзім салмақты еді ой тастаған.
Сырлы сөз астарында сырым жатыр,
Атойлап арғымақтай ойқастаған… деген жолдардан Тыныштықтың жоқтан барды те­ріп өлең құраған сылдыр сөздің иесі емес, салиқалы сөз саптаған «сырлы сөз» иесі екенін аңғаруға болады.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз