қоқыс

Қазіргі таңда экология тақырыбы ауқымды мәселеге айналды. Жер-ананың бізге берер несібесі мол болғанымен, соны пайдаға асырушы біздің тараптан өрескел қателіктер жасалуда. Соның салдарынан табиғат тағдырының бұлыңғыр болашағы таразыны басып кетіп тұр. Ол, әсіресе, әр түрлі саладағы өндіріс ошақтарына тікелей байланысты. Оларға қатысты қоршаған орта эмиссиялары туралы түсініктің бар екені белгілі. Десе де бұл ұғым әлі күнге дейін өз деңгейінде жүзеге аспай келеді. Сондықтан аты аталған терминнің мағынасы қандай? Ол табиғатты қорғауда қаншалықты рөл атқарады? Тағы да басқа сұрақтардың жауабын білу үшін Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жобаларды экологиялық сараптау» бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақбілек Өтегеновадан сұрап көрген едік.

Табиғатқа келтірілген шығын өтелуі тиіс

— Жалпы қоғамда «қоршаған орта эмиссиялары» сөзінің мағынасы әлі күнге дейін түсініксіз деңгейде. Соның салдарынан заң бұзушылық жасалады. Сол эмиссия үшін үкіметке салық төлеу керектігі де назардан тыс қалып жатыр. Сондықтан алдымен осы терминді жан-жақты түсіндіріп өтсеңіз?

– Дұрыс айтасыз. Қазіргі жаҺандық даму заманында адам баласының техногендік әрекетінің нәтижесінде қоршаған ортаның ластану процесі күннен-күнге қарқынды өсіп келе жатқандығы белгілі. Сондықтан болар, «эмиссия» сөзі облысымызда өзекті мәселелердің бірі. Көп жағдайда зиянды ластағыш заттарды білгенімізбен, «эмиссия» сөзінің мағынасын біле бермейміз. Әсіресе қарапайым халықтың білмеуі ықтимал. Олардан «эмиссия» сөзінің мағынасын сұраған жағдайда, «білмедім» немесе «банкке қатысты термин ғой» деген жауап алып жатамыз. Сондықтан осы терминге түсінік беріп өтейік. Эмиссия дегеніміз – барлық зиянды ластағыш зат. Яғни ірі өнеркәсіп орындарынан, салынып жатқан құрылыс нысандарынан шығатын төгінділер, қалдықтар.

– Ендеше, қоршаған орта эмиссиялары бойынша табиғат пайдаланушылар қандай заңдылықтарды білуге тиіс?

– Облыс көлемінде орналасқан әрбір кәсіпорын өзінен шығатын қалдық бойынша, яғни қоршаған орта эмиссияларын заңды түрде жүзеге асыру үшін міндетті түрде рұқсат алуы керек. Одан соң орналасқан жеріне қарай лас қалдықтар үшін жергілікті бюджетке төлемақы төлейді. Егер бір адамның меншiгiнде бірнеше өндiрiстiк нысан бар болса және олар бір облыста орналасса, онда барлығы үшін бір рет рұқсат алуға болады, ал егер олар әр облыста шашырап орналасса, онда сол облыстарға барып жеке-жеке рұқсат алады. Не үшін бұның жігін жіктеп айтып отырмыз? Қазіргі таңда өңірде қоршаған орта эмиссияларына рұқсат алмай, сол бойынша бюджетке төлемақы төлемей, заңды бұзып отырған бірқатар өндірістік кәсіпорын бар.

– Қоршаған орта эмиссияларына рұқсат алу жолы қандай және ол қалай есептеледі?

 – Ең алдымен, рұқсат алудан бұрын кез келген табиғат пайдаланушы өзінің өндірістік объектісінің санатын, яғни деңгейін біліп алуы керек. Өйткені олардың өндірістік санатына қарай рұқсат алуға ұсынылатын құжаттар топтамасы әр түрлі. Нақты айтар болсақ, өндірістік объектілер қауіптілік санатына қарай І, ІІ, ІІІ және ІV болып 4 санатқа бөлінеді. І санатқа санитарлық-қорғаныш аймағынан, яғни өздеріне жақын орналасқан елді мекеннен 500–1000 метрге дейінгі арақашықтықта орналасқан нысандар жатады. Олар көбіне ірі-ірі өндірістік мекемелер болып есептеледі.    Мысалы, «Қаражанбас», «Қаламқас», және т.б.

Ал ІІ санатқа – СҚА-дан 300–499 метр, ІІІ санатқа – СҚА-дан 100–299 метр, ІV санатқа – СҚА-дан 1–99 метрге дейінгі аралықта орналасқан нысандар кіреді.

І санаттағы нысандары бар мекемелерге Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, ІІ, ІІІ және ІV санаттағы нысандары бар мекемелерге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қызмет көрсетеді.

Рұқсат алу үшін мекеме иелері аты аталған органдарға керекті  құжаттар  топтамасын  электрондық нұсқада ұсынады және www.elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы тегін түрде қызмет ала алады. Қоршаған орта эмиссияларына рұқсат алуға арналған өтiнiмнің нысаны «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 2015  жылғы 23 сәуірдегі №301 бұйрығында көрсетілген. Қоршаған ортаны ластағаны үшін есептелетін төлемдер «Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақыны есептеу әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2009 жылғы 8 сәуірдегі №68-ө бұйрығына және Маңғыстау облыстық мәслихатының 2018 жылғы 20 наурыздағы №17/211 «Маңғыстау облысы бойынша қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы мөлшерлемелері туралы» шешіміне сәйкес есептеледі.

– Жалпы қоршаған орта эмиссияларына төленетін ақының табиғатты қорғаудағы пайдасы қандай?

 – Табиғат пайдаланушылары қоршаған ортаны ластағаны үшін бюджетке экологиялық салық төлеуге міндетті. Ол – қоршаған орта эмиссияларына арналған төлемақы. Эмиссияға рұқсат алу кезінде біз оларға қоршаған ортаға шығатын лас қалдықтардың шектік лимитін белгілеп береміз. Сол лимиттен аспауы керек. Осы заңдылықты сақтаса өндірістік орындардың табиғатқа залалы тимейді және біз осы заңдылықты бұзбауды қадағалап отырамыз. Тағы бір пайдасы бюджетке түсім түседі және табиғатқа келтірілген шығынның орнын толтырады.

– Осы бағыт бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жиі өткізіліп тұру керек секілді. Себебі қоршаған ортаның тазалығы тұрғындар үшін маңызды. Осы орайда өзіңіз айтып өткен эмиссияға байланысты заң бұзушылықтар анықталды ма және олар қалай жазаланады?

 – Біз үнемі халықтың арасына шығып түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Былтыр қыркүйек айында облыс әкімінің №204-ө өкімімен «Салық кодексінің талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін және жергілікті бюджеттің орындалуын қамтамасыз ету» бойынша жұмыс тобы бекітілген болатын. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, жылжымалы түрде барлық аудандарда жоспар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде қоршаған орта эмиссияларына мүлдем рұқсат алмаған және рұқсаты бола тұра төлем жүргізбеген мекемелер анықталды. Қазіргі таңда оларға жеке ақпараттар беріліп, рұқсат алу және төленбеген қаражаттары есептеліп, төлем жүргізу шаралары қолға алынып жатыр. Тағы бір айта кетерлігі, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы орын алған әкімшілік құқық бұзушылықтар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі №235-V ҚРЗ кодексінің 21-тарауымен реттеледі. Оны қоршаған ортаны қорғау саласындағы құзыретті органдар мен құқық қорғау органдары жүзеге асырады.

– Сөзіңізді қорытындылай келе, табиғат пайдаланушыларына айтарыңыз бар ма?

– Адам – табиғат перзенті. Ал табиғат – біз өмір сүретін орта. Онсыз өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан әрбір табиғат пайдаланушы өзі өмір сүрген ортаны қорғауға, аялауға міндетті. Біз де жер-анамызды ластанудан, бүлінуден қорғауымыз керек. Сондықтан қоршаған ортаға зиян тигізген әрбір табиғат пайдаланушы оған келтірілген шығынның орнын толтыруға міндетті деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Айгүл ОРЫНБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз