Жақында мемлекеттік қызмет істеген ерлі-зайыпты зейнеткерлер Ақмоншақ Баужанова мен Бекбасар Төлегеновтің «Армандар мен белестер» және «Өмір шындығы» атты кітаптары бір мұқабаның ішінде кітап болып жарыққа шықты.

Жетпіске жеткен әр адам­ның өмірі бір­-бір кі­тапқа арқау бола алары белгілі ғой, бұл кісілер де өткен өмірдің естеліктерін жинақтап кір­піштей кітап қылып шығарыпты.

Қос автордың кітабы бір мұқабамен шықты

Мамандығы орыс тілі пәнінің мұғалімі болғанына қарамастан, ұзақ жылдар әлеуметтік саланың қамытын киген бұрынғы мемлекет­тік қызметкер, зейнет жасына әл­деқашан жеткенімен әлі де болса қоғамдық қызметтен қол үзбей облыстық Ардагерлер кеңесі төр­ағасының орынбасарлығын атқарып жүрген Ақмоншақ Баужанова «Зейнетке шыққан әйелдер үйде бос отырғанша, қоғамға пайдасы тисін» деген мақсатпен «Айсәуле» аналар клубын құрды.

Клуб құрамында бас қосқан Роза Айдарбаева, Рухия Батыршиева, Тамара Жұмалиева, Ұлбосын Ахметова, Маңдайлы Қосымбай т.б. әйелдердің  алдағы уақытта елге танылған әйелдерді, көп балалы аналарды ұрпаққа таныту мақсатында жұмыстанбақ жоспарлары бар екен.

Кітаптың 153­-бетіндегі сұхба­тында: «Біз әртүрлі салада еңбек етіп, елге қызмет жасаған әйелдер­ді (клубқа) тарттық. Көп бала тәр­биелеп, отбасымен қызметті қоса атқарған асыл аналарымызды ша­қырдық», – дейді.

Осындай еңбекқор жан: «Ешқа­шан да бармын, көппін деп асқақтап, аспай, жоқпын деп түңілмей өмір сүру, қандай жағдайда да бірқалып­ты, ұстамды болу – адамгершіліктің белгісі. Адамның ең сенімді сүйені­ші – өзі. Сондықтан адам өзін жо­ғалтып алмаса, бәрі орнына келеді. Су ағады, мұз қатады, қайтадан еріп, мұздың ізі де қалмайды. Өйткені жер дөңгелек, дүние кезек, бәрі де алмасып, кезектесіп тұрады, мәңгілік ештеңе жоқ» деген пәлсапалық ой айтыпты.

Кітаптың екінші жартысына Москва мал дәрігерлік академиясын бітірген, ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет еткен Бекбасар Төлегенұлы өзінің заман­дастары мен ата-­бабасы, отбасы туралы естеліктері мен мақалаларын енгізіпті.

Кітаптағы өмір шындығын өр­нектеген шынайы мақалаларды оқи отырып кеңестік дәуір, тәуелсіздік жылдары, аудан тұрмысы мен қоғам­дық өмірі туралы біраз мәліметтер алуға болады.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз