налог салық

6-сайланған Маңғыстау облыстық мәслихаттың кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтті. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен жиында күн тәртібінде тұрған екі мәселе қаралды. Оның бірі облыстық мәслихаттың 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №15/173 «2018–2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу турасында болса, екінші мәселе облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №15/180 «Маңғыстау облысындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде болды.

Бірінші мәселе бойынша 2018–2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың басынан бері бюджет екі рет нақтыланып, нәтижесінде бүгінгі таңда облыс бюджетінің көлемі 195 млрд. теңгені құрап отыр. Бюджет параметріне енгізілген өзгерістер бірінші кезекте республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға сай жүргізіледі. Сол қаржыны тиімді пайдалану мақсатында әр салаға байланысты ағымдағы жоспарлан­ған қаржы көзі – 350 млн. теңгеге азайтылса, кейбір салаларды дамыту мақсатында бөлін­ген қаржы көлемі 1,5 млрд. теңгеге артқан.

— Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес ішкі істер ор­ганы қызметкерлерінің лауазымдық жал­ақысын  көбейтуге  бөлінген  трансферттер 22 млн. теңгеге азайтылды. Білім беру сала­сында білім министрлігі тарапынан төлеу механизмінің  кеш  бекітілуіне   байланысты 3 тілдік оқыту курсынан өткен және негізгі қызметкерді алмастырғаны үшін мұғалімдер­ге төленетін қосымша ақы көлемі 153 млн. теңгеге азайтылды. Денсаулық сақтау саласында медициналық ұйымның сот шешімі негізінде жүзеге асырылатын іс-­шараларды өткізуіне бөлінген 127 мың теңге толықтай қысқартылды. Әлеуметтік қолдау саласында бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттер көлемі 348 млн. теңгеге, оның ішінде, күн­ көріс деңгейінен төмен тұратын азаматтар санының төмендеуіне байланысты 259 млн. теңгеге қысқартылды. Ауыл  шаруашылы­ғы жануарларын, техниканы және техноло­гиялық жабдықты сатып алуға кредит беру, сондай­-ақ лизинг бойынша субсидиялауға бө­лінетін трансферттер көлемі 30 млн. теңгеге, ауызсу беру қызметін субсидиялауға берілген трансферт 21 млн. теңгеге азайтылды, – де­ді сессияда сөз алған облыс әкімінің орын­басары Шолпан Илмұханбетова.

— Ал даму трансферттері бойынша Қарақия ауданы Құрық селосында 4 қабатты жалда­малы және Мұнайлы ауданы Батыр ауылы­ның «Емір» ықшамауданында 40 тұрғын үй бойынша даму трансферті 119 млн. теңгеге азайтылған. «Ата жолы» автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын қаржыландыруға қосымша 1,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Осылайша республикалық бюджет аталған жоба бойынша өз міндеттемесін толықтай орындады, – деді Ш.Илмұханбетова.

Ендігі кезекте жергілікті бюджеттің тиім­ді орындалуына келетін болсақ, Шолпан Ла­зарқызының айтуынша, бюджет қаржысының 100 пайыз игерілуін қамтамасыз ету мақ­сатында облыстың қала, аудандарына жүр­гізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде 3,8 млрд. теңге қаржы үнемделген.

Үнемделген қаржы тиімді жұмсалмақ

Үнемделген қаржы келер жылы жаңа ме­ханизмнің енгізілуіне байланысты колледждерге, «Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заңға сәйкес денсаулық сақ­тау нысандарының күрделі шығыстарына, ұзындығы 13 км «Тұщықұдық­Шебір» авто­мобиль жолын жөндеуге, қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік көмекке және Ақтау қала­сы, 32А шағынауданда орналасқан, 1 қыр­күйекте қолданысқа берілген 900 орындық жаңа мектептің ағымдағы шығыстарына жұмсалатын болады. Бұл шешімдер сессия барысында дауысқа салынып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдауға ие болды.

Сонымен қатар әкімдікке депутаттардан жекелеген шығыстар бойынша бірқатар ес­кертпелер мен ұсыныстар айтылып, қолдау тапты.

Түпқараған ауданы, Сайын Шапағатов ауылының 6-­кварталын газдандыру, «Ақтау– Форт­-Шевченко» автожолының 14-­28 ша­қырым аралығын жарықтандыру жұмысына қаржы қарастыру, Мұнайлы аудандық орталық аурухана құрылысына қаржы бөлу, өңірде іске асырылып жатқан жобалардың ішінде автомобиль жолдарының құрылыс сапасын арттыру және келесі жылы республикалық маңызы бар «Бейнеу–Ақжігіт–Өзбекстан шекарасы» автомобиль жолының қолданысқа берілуіне байланысты шекарада орналасқан Бейнеу ауданы, Тәжен және Ақжігіт ауылдарын газдандыру, жарықтандыру және абаттандыру бойынша депутаттардан келіп түскен ұсы­ныстар толықтай қолдау тауып, тиісті қар­жы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқандығы туралы облыс әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова айтып өтті.

Сессияның күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша «Ақтау қаласында «қауіпсіз аула» бейнебақылау жүйелерін енгізу және оған қызмет көрсету» жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер қабылдау ұсыныл­ған. Бұл жоба қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылмақ. Бүгінгі таңда «Dynamics Business Technologies» жеке әріптестік мекемесі 15­-шағынаудандағы жа­ғалауда тестілік режимде 12 бейнекамера ор­натып, оларды полицияның тірек пунктіне қосты. Алдағы уақытта бейнебақылау каме­ралары адамдар көп жиналатын жерлерде, яғни теміржол, вокзал, әуежай, сауда ор­талықтары және басқа да қоғамдық орындарда толықтай орнатылатын болады.

Сессия соңында мәслихат депутаттары­ның кезекті 22-­сессиясы төрағасы болып №23 сайлау округінің депутаты Қ.Бисенұлы сайланды.

Айгүл ОРЫНБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз