кітап

«…Өткен ғасырдың сонау бір жылдары облыс таратылып, көптеген мекемелер Атырауға (Гурьевке) көшірілді немесе қосарланып, бір-бірінің қол астына өтті. Сол жазда КазГУ-дің журфагін бітіріп, елге келсем, облыстық телерадиокомпания да бұл жағдайды бастан кешкен екен. Жұрттың бәрі жан-жаққа нәпақа іздеп кеткен, ешкім қалмапты. Маған Форт-Шевченко қалалық студиясы ашылатынын айтып, сол жаққа баруға ұсыныс жасалды. «Әйтпесе, жұмыссыз қаласың»,- деді. Амал жоқ, Фортқа келіп, жұмысқа кірістім. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
…Журналист қайда жүрсе де, жол дәптері мен қаламсабын жанынан тастамайды. Онда күнделікті жұмыс жоспарымен қатар, «құпия жазбалары» да жүреді. Ол — әдемі новелла, өлең, суреттеме ме, табиғат тамашалары туралы әсем пейзаждар дейсіз бе?! Оған көңіл түкпіріндегі сырлар тоғытыла береді. Бірде… «көне қоржындардың» бірін ақтарып отырып, көңіл суреттерін, әдемі естеліктерді тауып алғаным-ай! Әр жерге шашыраған өлең жолдарын біріктіргенде әп-әсем дүние пайда болған секілді. «Форт-Шевченко қалалық партия комитеті…», Форт-Шевченко қалалық атқару комитетінде…» деп басталатын сол тұстағы құжаттарды айтпағанның өзінде Ақкетік атауын жиі ауызға алғанын естімеппін. Қазір Ақкетік әнге де, жырға да қосылады, тіпті ауыздан түспейді. Ол қалаға менің де сағынышым көп, іргеде жатқан шалқар теңіздің өзі адамды қуанышқа бөлеп, көңіліңізді өсірмей ме?!
Ендеше жерлестерім, сол кезде «көк дәптерге» түскен көңіл сырларын өздеріңе ашайын, сағынышпен құшайын! Қаланы алғаш көрген кезде алған әсерімнен туған жырларды аса бір мін тақпай, қабыл алсаңыздар…», — деп Гүлнар апамыз хат жолдапты.

Науырша Гүлнар

Теңіз жағасындағы ауыл…
              (этюд)

Ертегідей бір ауыл бар түбекте,
Ол туралы жазылған көп дерек те.
Көк теңізге сұғынады көп үйлер,
Ол көп үйлер орналасқан ерекше.

Тым ерекше, шынымен таң қаласың,
Жағалаудан «нән параход» табасың.
Қарт Каспийдің көк толқынын тербетіп,
Жалғастырып жүріпті екі ел арасын.

Сонда алғаш көрген едім жақыннан,
Айлақ-мүйіс, қайықтарды қалқыған.
«Керемет қой!»,-деп ойладым,
Маңғыстау! Жаралмаған тек құла түз, тақырдан.

«Тәубе, тәубе!» — қуаныштан сыйындым,
Аппақ әуен жүрекке кеп құйылдың.
Құлашымды кеңге сермеп кетер ем,
Қуалаған толқыныңнан тыйылдым.

Форт-Шевченко, Аташ, Баутин-осы екен,
Ең басында азғантай үй қос екен.
Патша ағзам әмірімен салдырған,
Бұл қаланың атағы енді паш екен.

Биік тау да, бекініс те, бар мұнда,
«Жасауылдар жүргендей ме, жар бұға…».
Ана кеме палубасы тым ескі,
«Жасырынып тұрған шығар, Абдолла…».

Барады ұшып шағалалар «Маякқа»,
Орыс кемпір сүйеніп тұр таяққа.
Маған келіп сұраса егер, бір нәрсе,
Баутин жайлы айта алмаймын, бірақ та.

Терезелер оюланған қақпақты,
Мені өзіне қаратып ол тоқтатты.
Көк шатырлы, екі қабат еңселі үй,
Сол бір кезгі әсем көркін сақтапты.

Кеме көрдім, суға батқан лайсаң,
Көзім талды қарай-қарай, оған сан.
Желкеніне өрлеп бір ұл барады,
«Шықпа,-дедім, не болады, құласаң!».

Қызарған күн су бетіне дірілдеп,
Аппақ толқын келіп қалды гүрілдеп.
Су моншақтар, шашырайды бетіме,
«Күле ме, әлде, мені еске ала жүрің!»,-деп.

«Захар бақша»-жырын төкті майталман,
Соқтым жолда екі кентке қайтадан.
Аташ ауыл тау бөктерін қиялап,
Ал Баутинді  көк теңізің айқарған.

Неткен сұлу, Каспий-теңіз, шығанақ,
Жүре бергің келеді екен, аралап.
Мына әлеммен тауып тұрмын үндестік,
Бұдан артық болар ма екен, сірә, бақ.

Тағы келем, туған жердің төріне,
Ей, адамдар, сән қосыңдар сәніне.
Ұшпа таулар ұшарына құс қонған,
Қосылыңдар және менің әніме!

«Қош бол!», -дедім,
«Қорғантасқа» қол бұлғап,
«Хатам-шайыр» жүрегімде жыр толғап.
Қиялыммен жүрмін әлі ғарышта,
Жағадағы ауыл қалды, а-л-ыста…
                                       1988-1990 ж.ж.

«Тамшалы»

Тамшалы ма,
Тамшылы ма, білмеймін,
Демес едім атауыңды жөндеймін.
Жан атаулы саған, бірақ қызығар,
Сені көрсем, мен қызықпын, шөлдеймін.

Шөлдегенде…сені сүйгім келеді,
Көп тамшылар…ойын түйгім келеді.
Бүркіп тұрған ол – тамшылар, жауһардай,
Жауһарларды қолыма үйгім келеді…

Тас қабырға, шып-шып ағып,тамшылар,
(Мұны көрген жандар, сірә, таң шығар).
Сен тұрған жер, ақ боз үйге ұқсайды,
«Дөп-дөңгелек, жұмыртқадай аршыған…».

Тамшалы сай — туған жердің көркісің,
Мен тыңдаймын, тамшылардың күлкісін.
Мен тыңдаймын, жарқабақтан бір әуен,
Сол әуенге жүрек еріп балқысын…

Сылдыр-сылдыр ерек дауыс, бір әсем,
Қуантасың, күлдіресің және сен.
«Мөлдір тамшы, тұра тұршы, жүгірмей,
Жете алам ба, тастарыңа… өрлесем!».

Салқын ауа, самалды кеш, тауларың,
Көк шөп өскен дымқыл-дымқыл жарларың.
Қызғыш құстай қорғап жүр ме, жат көзден,
Жаныңдағы тұт ағашы, бауларың!

Дәл ортада кішкентай көл мөлтілдеп,
Тамшыларың келеді екен төркіндеп…
Ағып жатыр үлкен тастың астына,
Ағын-сулар жиектермен бүлкілдеп.
Тамшалы сай-табиғаттың жасауы,
Барсаң болды, шаршауыңды басады.
Тамшалы сай — керемет қой, һәм сұлу,
Ал әйтпесе көңіл неге тасады?!

Саған арнап ғибратты сыр төккен,
Ғафу ақын, Фариза қыз жыр төккен.
Жетпегенмен ол жырларға бұл жырлар,
Біз де кеттік араласып, сол көппен…


Ақкетік десем…

Ақкетік десем ән келер,
Ақкетік десем сән келер.
Ақкетіктің адамдары,
Ақкетікке тән келер.

Өнерлі екен баршасы,
Жырға құмар соншасы.
Ұлы тарих бар мұнда,
Қастерлеген кәрі-жасы.

Дәуірлерден дүбір бар,
Құлағында күбір бар.
Білгің келсе, ол сырды,
Мұражайға жүгір, бар.

Тарастың тұр күркесі,
Батырлар бар, серкесі.
Жалау Мыңбай туған жер,
Елінің-Хан Беркесі.

Тарихқа бай таулары,
Тарихқа бай баулары.
Алмас қылыш – ерлер көп,
Тап бергенде жаулары.
Қырымның 40 батыры,
Дүние әттең, ғапылы.
Ұрпаққа оны жеткізген,

Мұрын жырау- хакімі.
Айнымайтын антынан,
Айнымайтын қалпынан,
Ақсауыттай жарқырар,
Көрем ұлды, парқы нән.

Бұл жерде мен қайралдым,
Бұл жерге мен қайранмын.
Иса-Досан пірімнің,
Ұран оты жайған мән.

Ертегідей бұл мекен,
Исі көркем, жер екен.
Келген едім, кеткім жоқ,
Білмей тұрмын, неге екен?!

…Көз алдымда көп елес,
Ұға алсаң, сен өрелес.
Ақкетіктің тағдыры,
Альпі таудай, шың-белес
                             2005 жыл.

Көктүріктің ұланы

Ей, Бейбарыс, Көктүріктің ұланы,
Сенің атың тым биікте тұрады.
Сеніменен мақтанады ел-жұртың,
Сенің елің еркін, міне, жарады.

Атажұрттан кетіп едің еріксіз,
Кебенек киген ер боп енді келіпсіз.
Еліңізге рухыңыз дем берді,
Көктүріктің туын көкке іліп сіз.

Бөтен елде намысыңды таптатпай,
Жас жүрегің соғып еді атқақтай.
Ата жаумен алысқандай алыстың,
Жүрсең-дағы туған жерден шетқақпай.

Осы өрлік сені алға апарған,
Осы өрлік қалдырмады қатардан.
Мамлюктер қолбасшысы атандың,
Даңқың шығып Мысыр деген шаһардан.

Туған жердің исі қалған мұрнында,
Туған жердің күші қалған қанында.
Туған жердің рухымен нұрланған,
Ұл болдың ғой, арындасаң, арында!.

Тақта отырдың, Египет сарайында,
Жидың әскер қыпшақтан маңайыңа.
Әділдігің, ержүрек, батылдығың,
Шырай қосты патшалық шырайыңа.

Сен осылай өзге елде өрлей бердің,
Халыққа ен байлықты теңдей бөлдің.
Мамлюктер мемлекетін көркейтіп,
Жауыңды бетқаратпас селдей жеңдің.

…Шам, Сирия, Дамаск, Мысыр қала,
Бұл күнде бір-бір ұлыс, жеке дара.
Қолтаңбаң бар бәрінде жарқыраған,
Осыдан-ақ білінер парқың, баға.

Мысырда мешітің тұр сұлу, әсем,
Еліңде де салынған небір кешен.
Ақ Жайықта мәрмәрдан ескерткішің,
«Риза бол, Аз-Захир Тәңірге сен!».

«Қыпшақтар әдебиеті» әлемінде,
«Бейбарыс сұлтан жыры» тамам елде.
Сахараның перзенті — ардақты ұлға,
Қай жақта да құрмет, орын төрде.

Сен жайлы жырлар тіпті тоқтамайды,
«Бейбарысты жүректе сақта!»,-дейді.
«Мамлюктің патшасы- мамлюк ер,
Өзге елде болсаң да шекпе, қайғы…».
                                            2013 жыл, қараша.

Маңғыстаудың жүрегі

Жаңара бер, жасара бер, Ақтауым,
Маңғыстаудың маң қаласы- мақтаным.
Өзіңменен бірге менің жолдарым,
Өзіңменен бірге атады ақ таңым.

Түбектегі ару қала, гүл қала,
Жайна, жайна, көркейе бер, бүр жара.
Уақыт көші сені артқа тастамай,
Өркені өсіп, өркендесін ел жаңа.

Ел жаңарса, болашағы көгерер,
Қалың жұртың қуанышқа бөленер.
Әулиелі жердің ғасыр байлығы,
Сен арқылы шартарапқа жөнелер.

Сен боларсың — Маңғыстаудың жүрегі,
Сен боларсың қазыналы ел тірегі.
Сол биікке жету үшін ұрпағың,
Еңбек етсін, қолдан түспей күрегі.

Жасара бер, жаңара бер, ақ қала,
Әрбір жанға бақ сыйлаған шат қала.
Сұлу сезім құшағында тербеліп,
Жырға қосам, мен өзіңді шаттана.
                                      2004 жыл, тамыз.

Қарлығаш-құсым

Қанатың бар ұшасың,
Кең әлемді құшасың.
Мен отырмын жаза алмай,
Көңілімнің құсасын.

Қалықтайсың аспанда,
Қуаныштан тасқанда.
Келмей қойды бір бақыт,
Қанша талып тоссам да.

Еркін құсы даланың,
Жүрегімде жара мың.
Сырласайын деп едім,
Сен де қонбай жанадың.

Жанай ұштың, жасқандың,
Ғайып болдың, қас-қағым.
«Кетпедің бе, мені де ап»,
Аясына аспанның.


Армысың, аяулы жан
       (әні Марат Ордабаевтікі)

Аманбысың, аяулым, амандасам,
Амандасу қашаннан адамға сын.
Қалмайды ма, сағыныш сая тауып,
Жайыңды айтып жаным-ау, хабарласаң.

Сәлеметпісің, қалқам, сәлемдесем,
Айлы кеш, естен кетпес, шәрбәт кезең.
Жүрер едім тып-тыныш, армансыздай,
Жүрегімді бір күйге бөлемесең.

Армысың, аяулы жан, амандасам,
Күніге жүз көрер ем маған қалсаң.
Жырымды тек ұшырам дірілдеген,
Сағынышым болып ол, саған барсын…

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ардагерлер рухына тағзым

           Ініме хат
(әні Марат Сәулебайдікі)

Хат жазамын қалам алып ініме,
Алыстасың, сағынарсың, күніге.
Отан қорғау – сенің абзал борышың,
Жауынгер бол, онда көрсет өнеге.

Қайырмасы: Бауырым, бауырым,
Сағынды ауылың,
Сағынды ауылың,
Бауырың.

Барлығы да аман, көрші балалар,
Саған сәлем жолдап жатыр ағалар.
Сен оларды еске алып жүрсің бе,
Сары қызды сағынбашы, күрсінбе.

Қайырмасы: Бауырым, бауырым,
Сағынды ауылың,
Сағынды ауылың,
Бауырың.

Анашың да тілеуіңді тілейді,
Құрдастары әзіл айтып демейді.
«Көкетай!»,- деп ораларсың көктемде,
Туған елдің қасиеті жебейді.

Қайырмасы: Бауырым, бауырым,
Сағынды ауылың,
Сағынды ауылың,
Бауырың.

   Сүю жайлы…
(қыз күнделігінен)

Сүю жайлы жыр жазам, сүймей тұрып,
Ерінім ерініңе тимей тұрып.
Сезімім сергелдең күй кеше берсін,
«Мына қыз Мәжнүн ғой!»-десе, десін.

Мәжнүн боп, Ләйлі боп, күн кешемін,
Жанымды жазаласын, мұң неше мың.
Махаббаттың белгісі сағыныш қой,
Сағынышын ол маған еселесін.

Қызыл гүлмін, қызыл арай — қырдағы,А
шылады сезімнің сан сырлары.
«Мың бір түннің хиссасындай» таусылмас,
Сүйген жанның маған айтар жырлары…

Осылайша екеуміз, жолығармыз,
Біз жайлы да әйтеуір, қалар аңыз.
Дәл қазір көп нөпірдің ортасында,
Сен де жалғыз яки, мен де жалғыз.

Беу, көңіл алаңдайды, армандайды,
Сезімдер неге қалқам, жалғанбайды.
Сені сүйген, саған ынтық, қара көз,
Сағыныштан сарғайса да, талмайды.

Күте-күте сезімдер суынар ма,
Жүрегім жабығар ма, жалындар ма.
Қылауы жоқ, құлтасыз, аппақ көңіл,
Ілесіп келед(і) сол бір сағым-нұрға…

Гүл ұсыншы….

Гүл ұсыншы,
Жанымды жадыратсын,
Өзгелерге құрбыңның қадірі артсын.
Гүл сыйланбай жүргелі көп болыпты,
Жүрегімді, жүзімді албыратсын.

Гүл сыйлашы,
Қандай гүл бола берсін,
Сезімдерге самал-нұр ала келсін.
«Ескерткішке берді!»,-деп еске алайын,
Хош иісі аңқып ол тұра берсін.

Гүлден артық сый бар ма, ойланшы, өзің,
Білсең егер осы сәт, қимас кезім.
Гүлмен бірге шаттанып, күлімдейін,
Жанымның жараларын бір емдейін.

Гүл сыйлашы,
Қызыл, жасыл, сарысын
Жан сыздатқан жүрек мұңнан арылсын.
Гүл-махаббат, гүл-сезімнің бүршігі,
Гүлмен бірге үміт оты жағылсын…

Гүлнар НАУЫРША

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз