Нұрнияз Мұқанов театр

Биыл Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры он бесінші көктемін қарсы алды. Ал сол өнер ордасына есімі берілген қазақтың белгілі тұлғасы, актер Нұрмұхан Жантөриннің туғанына 90 жыл. 15 жылда театр қоржыны бірқатар үздік қойылымдармен толығып, ұжым көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бүгінде республикадағы театрлардың алдыңғы қатарында. Қос мерейтой қарсаңында облысымыздағы айтулы өнер ордасына барып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Осы орайда ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Облыстың және Қарақия ауданының құрметті азаматы, ұжым басшысы Нұрнияз Мұқановтың сұхбатын оқи отырыңыз.

— Қайырлы күн, Нұрнияз аға. Биыл Н. Жантөрин атындағы тетарға 15 жыл, Нұрмұхан Жантөриннің туғанына 90 жыл. Бұл даталарға орай қандай шаралар өткізілмек?

— Әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар. Биыл — біздің театр үшін жауапкершілігі мол жыл. Себебі екеуі де біздің театрға үлкен қатысы бар шаралар. Сондықтан жыл бойы атқарылатын жұмыстар осы атаулы даталарға арналады. Мысалы, биыл театр репертуарын байыту мақсатында әрі осы мерейтойларға тарту есебінде 7-8 премьера қоямыз. Солардың ішінде жақында ғана репертуарымызға қосылған Агата Кристидің «Мышеловка» классикалық шығармасы, Рақымжан Отарбаевтың «Фариза мен Мұқағалиы» бар. Жуырда Иран-Ғайыптың «Бөшке» қойылымы да жарық көрмек.
Облысымыздағы балаларға арналған, жастарға арналған театрдың, драмалық және музыкалық-драма театрдың көрермендері мен орыс тілді көрермендердің сұранысын өтеу үшін осы аталған 5 бағытта спекткальдер қоямыз.

— Театр алғаш ашылған сәт туралы айтып беріңізші.

— Театр Елбасының тапсырмасымен 2003 жылы 21 наурызда ашылды. Ең алғаш «Томирис» спектаклін, одан кейін «Қыз Жібекті» қойдық. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан отыз маманнан тұратын екі топты таңдап алғанбыз. Одан соң өзіміздің 20 баламызды алты айлық курстан өткіздік. 10 – техникалық қызметкер, 10 – актер. Қазір театрда 200-ден астам маман қызмет етеді. Соның 51-і актер, қалғанының барлығы — техникалық қызметкер. Сонымен қатар, бізде 9 цех жұмыс істейді.

— Көрермен тек дайын қойылымды, актерлерді көргенімен, сахна сыртындағы жұмысты біле бермейді. Ал «Театр киім ілгіштен басталады». Осы цехтарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

— Әрине. Әрбір цехтың өз қызметі бар. Қойылымға әр заманның өзіне сай киім-кешегі, тұтынған заты қажет болады. Мысалы, 1950-1960 жылдардағы керуетті дүкеннен таба аласыз ба? Немесе француздардың, итальяндардың V, VI ғасырлардағы киімін қайдан аласыз? Тіпті ерте замандағы қазақтың киімі де оңайлықпен таптырмайды. Соның барлығын дайындау үшін цехтар жұмыс істейді. Соған арнайы оқыған мамандар бар, бас суретші бар. Олар сол заманға көз жүгіртіп, қалай өмір сүрді, тұтынған заттары, киген киімдері қандай болды, жан-жақты зерттейді.

Мысалы, қойылымға Иван Грозныйдың қолына ұстайтын асатаяғы немесе Томирис патшайымның тағы қажет болуы мүмкін, бірақ олар еш жерде жоқ. Болған күнде де бір дана, олар сатылмайды да, сатылған күнде де ірі көлемде қаржы керек. Музейде тұрады. Сондықтан өз қолымызбен жасаймыз. Бірақ оны алтынмен, жақұтпен көмкере алмайтын болғандықтан, бөтелкені уатып, түрлі бояумен бояп, ұқсатамыз. Оны арнайы бутафорлық цех жасайды. Батырлардың киімін темірден құйып, әрбірін тоқи алмаймыз ғой. Сол себепті оған арнайы тоқылған матаны пайдаланамыз. Сахнада әдемі көрінгенімен, жанына барғанда арзан матадан тігілгені байқалып тұрады. Сондықтан оны бояп, әрлейміз. Мұны «бутафор» дейді, ол жалған дегенді білдіреді. Кейде театрға келіп, ханның, батырдың киімдерін сұрап жатады. Оны біз сахнада бар мүмкіндікті пайдаланып, жарықты қолданып ойнататынымыз көпке беймәлім. Жақыннан көргенде «Қыз Жібектің не Төлегеннің киімі осындай болатын ба еді?» деуіңіз де мүмкін. Мәселен, қойылымда барлығы қылыш ұстап жүреді. Оның ішінде айқасатын екеудің қылышының ғана сартылдап даусы естілуі мүмкін, қалғандары ағаштан немесе басқа материалдардан жасалады. Барлығына бірдей темірден жасайтын мүмкіндік жоқ. Былайша айтқанда иллюзия өнері сияқты.

Осы айтылған қылыш, тақтан бөлек, кейде кереует, екі қабатты үй т.б. декорациялар керек болады. Оны шегемен қағып, желімдеп тұрғыза алмайсың. Мықты дәнекерлеуші керек. Оны темір цехы дайындайды.

Одан кейін бір қойылымда бай мен кедей үйі көрсетілсе, олардың тұрмыс-тіршілігі, жиһазы, тұтынатын заттары екі түрлі ғой. «Хан кегіндегі» Әбілқайыр ханның үйі, отыратын орны, тағы, ең аз дегенде жайылатын көрпесі сол заманға сай жасалуы тиіс. Оның барлығы тігін цехында, ұстаханада әзірленеді.

Немесе балалар спектакльдеріне қасқырдың, маймылдың, иттің, жыланның бейнесі қажет болады. Олар әр адамның бойына, дене пішіміне сәйкес тігіледі. Оны тігін цехы дайындап, киім цехына береді.

— Бұл киім цехы немен айналысады?

— Театр алғаш рет «Томирис» спектаклімен ашылғанда бар болғаны 30-40 киім болды. Екінші «Қыз Жібекті» қойғанда 50 шақты киім болды. Ал бүгінде репертуарымызда 80-ге жуық қойылым бар, демек қазір 4 мыңның үстінде костюм бар. Оның бәрін сақтайтын да орын қажет. 80 қойылымның әрбіреуінің декорациясы тағы бар. Костюмдерді күтумен, сақтаумен киім  цехы айналысады. Бірінің ілгегі үзіледі, арқасы жыртылады. Немесе ол киімді киетін кейіпкер бес жылдан кейін толысуы, арықтауы мүмкін, орнына басқа актер келуі мүмкін. Сосын театрда аяқ киім цехы да жұмыс жасайды. Ақбөбек пен Қайыптың аяқ киімін, қазақтың бұрынғы саптама етіктерін қойылым үшін өзіміздің цехта тігеміз.

— Бір спектакльдің әр құрамындағы актерлерге бөлек-бөлек киім тігіле ме?

— Иә, әр құрамға бөлек тігіледі. Себебі актерлердің дене пішімі әртүрлі болады. Бойшаң актердің киімі орта бойлы кейіпкерге сәйкес келмейді. Кейде бір спектакльге 100-ге дейін костюм дайындалады. Кейде үш құрам ойнайды. Оның барлығы қадағаланып, ескіргені не жыртылғаны реставрацияға беріліп отырады.

Образдың жағымдысы мен жағымсызы бар. Соған байланысты актер таңдалып,  киім тігіліп, грим жасалады.

«Әлиханның аманаты» спектаклінде 9 арысымыз ойнайды. Ахмет, Бейімбет, Міржақып, Сәкен, Әлихандардың әрқайсысын ұқсату керек. Актерлерді сол тұлғаларға ұқсатуда, образ беруде грим цехының маңызы өте зор. Мәселен, Мұқағали образын ойнайтын актерға арнайы шаш дайындалады, себебі Мұқағалидың шашындай парик дүкенде сатылмайды. Мамандар оны арнайы шаш талдарымен, желіммен бір-бірлеп тоқыды. Аяз атаның сақалы мен Ақшақардың шашын дүкеннен таба аламыз, бірақ Байтұрсынұлының, Абайдың, Жамбылдың сақалын таба алмаймыз. Яғни театр деген – ұжымдық өнер. Жалғыз актер, режиссер немесе әкімшілік ештеңе істей алмайды.

— Дегенмен кейде дайын күйінде сатып алатын дүниелеріңіз болатын шығар…

— Әрине, болады. Қазіргі заман жайындағы қойылымдарға дүкеннен сатып аламыз. Бүгінгі күнді сахналап жатсақ, оны тігудің қажеті не?

— Осы киімдердің сызбасын кім әзірлеп бекітеді?

— Ол сурет цехының міндетіне кіреді. Театрдың бас суретшісі — Гүлнар Қанафина. Сіздер сахнадан тек қана дайын өнімді көресіздер. Салат әзірлегенде қажетті заттарды дүкеннен алу керектігі, оның балғындығына, сапасына мән беру қажеттігі, оларды ретімен, дәмін келтіріп жасау қажеттігі белгілі. Қойылымда 7 адам ойнаса, қайсысы басты рөлде, ол қай жерде тұруы керек, жарық қалай берілуі қажет барлығы есептеледі. Көрермен назары олардың арасынан сөйлеп тұрған актерге түсу керек. Актердың қимыл-қозғалысы, мимикасы осы жарық берумен де әсерлі болады.  Жарық беру цехы соның барлығын реттеп отырады.

Ал декорацияның орналасуын машина цехы реттейді. 10-15 секунд ішінде сахна өзгеруі, оны халық байқамауы керек. Мұның барлығы – ешкім көрмейтін, ешкім бағаламайтын сахнаның артындағы еңбек.

Осы тұста айта кетейін, мұндағы екі залда қатарынан шара өтетін болса, бір шағын ауданға жұмсалатын электр қуатын пайдаланамыз. Кейде шара өткізгісі келген жандар театр залын бере қоймайды деп назын айтып жатады. Театр ғимараты өзімен-өзі жұмыс істемейді, осыны ескерген жөн. Тек бір шара өткізу үшін, тіпті жиналыс өткізу үшін 27 адамды жұмысқа шығаруға тура келеді. Біреуі келмей қалса, жұмыс жүрмейді.

— Ал дыбыс режиссері міндетіне не кіреді?

— Залдағы дыбысты да бір маман реттеп отырады. Көрермен қай қатарда отырса да актерлердің даусын естуі қажет. Күнделікті өмірде біздің даусымыз 20-30 метрге жетпейді ғой. Соның бәрін арнайы аппаратура арқылы дыбыс режиссерлері басқарады.

— Халыққа жақсы қойылым сыйлау үшін театрдың мүмкіндігі жеткілікті ме?

— Арнайы театрларда сахна айналып, ортасы жоғары-төмен қозғалып, бірі оңға, бірі солға айналып тұратын сақина болады. Көтеріліп, түсірілетін 50-60 штанкет болады, ал бізде 14-15 қана. Бұл біздің өнерімізді толық көрестуге шектеу жасайды. Бірақ сонымен де көрерменіміздің көңілінен шығып жүрміз. Бұл – біздің мүмкіндігіміздің 3/1 ғана.

Былай түсіндірейін. Мысалы, жақсы көйлек алып кигің келеді. Арнайы фирмада тігілген сапалы көйлек кемі 500 доллор тұрады дейік. 150-200 мыңның көйлегін алуға мүмкіндік болмағандықтан, 7-8 мыңның көйлегін киюге мәжбүрсің. Бірақ бәрі талғаммен таңдалса, арзан көйлекпен де әдемі көрінуге болады. Біздің театр да солай.

— Бір қойылым қанша уақыт дайындалады?

— Ең кемі екі ай дайындалады.

— Музыкалық-драма театры болғандықтан әуенге, биге де айрықша көңіл бөлетін боларсыздар?

— Қойылымда ойналатын барлық әуенді іздейміз, жоқ болса жаздырамыз. Ән жаздыру да ақылы. Кейде қойылымда 15-20 музыкаға дейін жазылатын кездер болады. Мұның барлығы музыкалық цехта дайындалады. Арнайы хормейстердің басқаруымен ән айтылып, хор шығады. Би де солай. Маман дайындамаса, актер қалай билеу керектігін өзі шешпейді. Осының бәрін бақылап, қадағалап отыру керек. Ол балетмейстер мен режиссердің тікелей жұмысы. Бірақ ол оңай дүние емес, арнайы білімді қажет етеді.

— Қызметкерді жұмысқа қабылдарда қандай талап қойылады?

— Кадр бөлімінде әр маманға қойылатын талаптары, кәсіптік міндеттері жазулы тұр. Мысалы, түрім жақсы, ән айта аламын, анаған-мынаған қатыстым, актер бола аламын деп келетіндер бар. Бірақ ол оңай дүние емес. Қанша жерден даусың мықты әнші болсаң да сахнадан 20-30 метрге даусың жетпейді. Посыл звука (дыбыс жеткізу қабілеті) деген қағида бар. Әртіс осы екеуміз сияқты отырып айтқан әңгімесін анау соңғы қатарға жеткізе біліуі керек. Яғни, актер болуға арнайы білім қажет. Қысқасы, сахнаны ашып-жабуды да оқу керек.

— Қазір театрға жетіспейтін дүнелерге тоқталсаңыз.

— Мен бұл театрдың жетістігі мен жетпейтіні туралы сағаттап айта аламын. Сахна сыртындағы еңбекті ешкім біле бермейді. 200 қызметкердің әрбірінің отыратын орны болуы керек, дегенмен бір кабинетте 7-8 адамға дейін отырады. Одан маман шығармашылығын қалай шыңдайды?

Бұл ғимарат әу баста екі залды кинотеатр ретінде салынған. Жеңістің 40 жылдығына орай, яғни осыдан 33 жыл бұрын берілуі керек еді. Кинотеатрға кино көретін зал, әкімші мен кассир отыратын орын ғана жеткілікті. Тіпті киім ілетін орынның да қажеті жоқ. Сондықтан драма театрға қажет айтылған цехтардың ешбірі есептелмеген. Біз бұл ғимаратты өзімізге бейімдеп алған болдық десек те болады. Ол жеткіліксіз.

Одан қалды спектакль көруге де халық оңай жинала қоймайды. Оның барлығына мамандар қызмет етіп, жарнама жасайды. Қаншама бағдарлама, афиша шығарылып, типографияға қыруар қаржы жұмсалады. Сыртта ілінетін баннер мен жүгіртпе жолды қосыңыз. Баннер шықпайтын кездерде қолмен жазып та жүрдік. Екі залда қатар шара өтсе, ғимаратта 1100-ден астам адам жүреді. Оның қауіпсіздігін қосыңыз. Келімді-кетімді адамның су ішетін буфеті болуы керек. Оның бәріне арнайы бөлмелер қажет. Осындай көзге көрінбейтін жұмыстар айта берсек көп. Соның барлығын басшы қадағалап, назарда ұстап жүруі тиіс.

— Ғимарат кинотеатрға арналған дедіңіз. Осы уақытқа дейін бұл мәселе қозғалып, жаңа ғимарат салу жайлы сөз болмады ма?

— Оны театр ашылғалы міне, 15 жыл бойы айтып келеміз. Теңіз жағасынан еш жерде жоқ керемет жоба жасалған деп еді. Оның ішінде 800 орындық үлкен зал, 300 орындық кіші зал, 7000 орындық амфитеатр, 100 орындық эксперимент залы қарастырылған. Ол Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған уақытта дайындалған болатын. Одан кейін де он шақты жыл өтті. Ал қазіргі облыс әкімі Ералы Тоғжанов мырза бұл мәселені қолға алып, жаңа жоба жасақтап, жақын жылдары театр ғимаратын салуды жоспарлап отыр. Біз бұған, әрине, бек ризамыз.

— Ол қайда орналаспақ?

— «Дина» супермаркетіне қарсы Әбіш мәдени орталығының маңайында болады деп жоспарлануда.

— Қай кезеңге жоспарланып отыр?

— Ол жағы әзірге белгісіздеу.

— «Фариза мен Мұқағали» спектаклі премьерадан 2 күн бұрын ғана көркемдік кеңестің назарына ұсынылды. Кеңесте қандай да бір ескертулер, түзетулер енгізілуі мүмкін. Тұсаукесерге екі күн қалғанда түзеп үлгере ме?

— Кемшіліксіз болмайды, ескерту айтылады. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал «Әлиханның аманаты» спектаклін алғашында қабылдаған жоқпыз. Режиссердің айтылған ескертулер бойынша тағы жарты ай жұмыстануына тура келді. Түп тамырында кез келген көрерменге ұялмай көрсететін үлкен туынды дүниеге келді. Бұл көркемдік жетекшінің, бас режиссердің тікелей еңбегі.

— Осы тұста облыстық музыкалық-драма театрдың бас режиссері жайлы оқырманға толығырақ айта кетсеңіз.

— Бас режиссеріміз – Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған, арнайы режиссерлық мамандығы бар, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гүлсина Мерғалиева. Бүкіл қойылымның жақсы шығуына басшылық етеді. Сонымен қатар, біздің театрда Қазақстанда жалғыз сахна қозғалысының режиссері, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Гүл Зиятова қызмет етеді. Екеуі де республикаға белгілі режиссерлер, біздің мақтаныштарымыз.

— Мәселен, 2 күннен кейін премьера, қойылым қабылданбады делік…

— 2-3 күнде бәрі де үлгереді. Себебі актерлер мәтінді толық меңгеріп, бойына сіңірген. Мұндайда тек қозғалыс пен мизансцена ғана өзгертіледі. Аз уақыт ішінде сол айтылған кемшіліктерді түзету үшін бүкіл цех, костюмшілер, декораторлар мен әртістер күні-түні үзіліссіз жұмыс істеуіне тура келеді.

— Театрдың 15 жылдығы қарсаңында қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

— Театрдың туған күні наурыз айында болғанымен, біз тойлауды мамыр айына қалдырдық. Себебі сәуір айында Беларуссия елінде өткен халықаралық фестивальге Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» қойлымымен қатыстық. 9 елден 22 театр қатысқан фестивальде 13 эксперттің 13-інен де оң баға алдық. Бұл – үлкен жетістік.

Екі жылда бір рет өтетін Каспий жағалауы елдерінің театр фестивалі биыл Н.Жантөриннің 90 жылдығына орайластырылды. Келесі жылы Әбішке арналмақ. Маңғыстау облысында дәстүрге айналған екі фестиваль бар. Бірі — Каспий жағалауы елдерінің фестивалі, бірі – Әбіш әлемі фестивалі. Екеуі екі жылда бір өтеді, сонда жылына бір рет фестиваль өткізіп тұрамыз. Облыс орталығында мұндай дәстүрлі фестиваль өткізетін республикадағы жалғыз театрмыз.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, сонша уақыт дайындаласың да, шара бір күнде өте шығады. Бұйырса 16 мамыр күні театрда мерейтойға арналған шарамыз өтеді. Әртістерімізді қызыл кілеммен жүргізбекпіз. Театр қызметкерлерінің талантын паш етіп, олардың қатысуымен мерекелік кеш өткіземіз. Бұдан бөлек фото-көрме ұйымдастырылады. Нұрмұхан Жантөринге арнап брошюра шығарып жатырмыз.

15 жылда не бітірдік, не істедік, халыққа не айта аламыз? Театрымызға атын алып отырған Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығына немен келдік? Осыларға қорытынды жасалады. Әрине, бұл шаралар облыс әкімінің, мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіледі.

— Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз