Бүгін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Украинаның ұлттық күні аталып өтеді.

Ұлттық күннің салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев және Украина премьер-министрінің орынбасары, өңірлік даму, құрылыс және тұрғын-үй коммуналды кешені министрі, Украина ұлттық секциясының коммисары Геннадий Зубко қатысты.

«Украиналық мамандардың ғаламшардың экожүйесін сақтауға және Жасыл энергетиканың дамуына үлес қосуға дайын екені қуантады. Біз Астананың күн, жел, биогаз, теңіз және жылы сулардың энергиясын қолдану саласындағы үздік әлемдік жаңалықтар мен трендтерді таныстыратын тиімді алаңға айналарына сенімдіміз. Қазақстан үшін Украина маңызды экономикалық серіктес болып саналады. Біз екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің жоғары деңгейін биік бағалаймыз», — деді Жақсалиев өзінің құттықтау сөзінде.

Украиналық шеберлер ЭКСПО-ға 30 метрлік сүлгі әкелді

Өз кезегінде Геннадий Зубко Украина мен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ұқсас екенін атап өтті.

«Украина Қазақстанмен қатар экономикалық және сот салаларында және инвестициялар тартуға септігін тигізетін реформалар жүргізіп жатыр. Бүгінде Украина нарығын 40 миллиард долларға бағалап отырмыз, оған инвестиция салып, табыс табуға және ең бастысы — әрбір елдің өз энергиясын сақтап қалуға болады», — деді ол.

Сонымен бірге, арнайы ЭКСПО-2017 көрмесі үшін украиналық шеберлер ұзындығы 30 метр болатын рекордты сүлгі әкелді. Қолмен тоқылған бұл сыйлықта Украинаның әрбір өңіріне тән алуан түрлі өрнектер бейнеленген. ЭКСПО көрмесінен кейін бұл туынды Қазақстандағы Украина елшілігіне сыйланады.

Атап өткен жөн, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Украина экспозициясы Жібек Жолы павильонында орналасқан. Онда Украинаның инновациялық жел және күн генераторлары, энергия үнемдейтін үй,  электр өндіретін пердешелер және өзге де жаңалықтары қойылған.

Дереккөз: inform.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз