Астана қаласының «Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың халық алдында есеп беруі өтті. Министрдің құқық бұзушылықты алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрестің проблемалары және ішкі істер органдарының басқа да мәселелер бойынша баяндамасын барлық өңірлердің халқы онлайн түрде тыңдады.

Есеп беру барысында ішкі істер министрі ағымдағы жылдың жартыжылдығында жеткен жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Оның сөзінше, министрлікте халықпен тығыз қарым-қатынас күшейіп, ашықтық, жариялылық қамтамасыз етіліп, БАҚ өкілдерімен байланыс бекіген. Сайтта министрдің блогы жұмыс істейді, соңғы жаңалықтар жарияланады. Министрліктегі жауапты тұлғалар халықты ұдайы қабылдап, толғандырған мәселелері бойынша жауаптар береді.

Министр баяндамасында республикалық құқық қорғау органдарында жақсы нәтижелер жетерлік екенін атап өтті. Қылмыс азайып, халық қауіпсіздігі артқан. Ағымдағы жылдың 5 айында қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 15-18 пайызға төмендеген. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, кісі зорлау, ұрлық, алаяқтық, кісі тонау және бұзақылық, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарған.

Сондай-ақ Қ.Қасымов көші-қон заңы, тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесі, жергілікті полиция, пробация қызметі, жасөспірімдердің құқықбұзушылығы, жол қозғалысы, есірткі бизнесі, ұялы телефондар ұрлығы, масаң күйде қоғамдық орындарда дау шығарып, қылмыс жасау сынды түйткілді тақырыптарды қозғады.

— Ұялы телефонды ұрлау — пайдасыз ету бойынша шаралар қолға алынуда. Ұрлаған адам телефонды пайдалана алмайтын немесе сата алмайтын деңгейге жеткізуді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда ұялы байланыс операторларымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Ұялы телефон ұрлығымен күресуде шетел тәжірибесіне сүйенеміз. Мәселен, АҚШ-та ұялы телефондарды ешкім ұрламайды, өйткені оны ешбір оператор байланысқа шығармайды. Бізде де солай болу керек,-деді министр.

Кездесу соңында халық өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қарша боратты. Министрге көкейіндегі ойларын жеткізуде өңірлердің тұрғындары да шет қалған жоқ. Маңғыстау аймағы атынан облыстық төтенше жағдайлар ардагерлерінің төрағасы Сейтмолда Мұханов Ақтау халқының өскеніне байланысты жаңа өрт сөндіру деполарын ашу қажеттігін алға тартты. Министр оның сөзімен келісіп, мәселе алдағы уақытта шешілетінін жеткізді.

Ханым ОРЫНБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз