«Қыз жолы» жобасы аясында «Бекен» жас көшбасшылар достастығы мен «Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Қыздардың арын қорғай алған ел түбінде бәрін қорғай алады» деген ұранмен «Қыз жолы» қыздар конгрессі өтті.

Конгресс мақсаты:  қыздар арасында әлеуметтік мәселелерді талқылау, жасөспірімдер арасында неке және отбасы құндылықтарын насихаттау, сонымен қатар, мектеп бітіруші қыздарға кәсіптік бағыт-бағдар беру.

Аталған жиынға Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов өз кезегінде жастар саясатында жастар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар туралы ақпарат беріп өтсе, МО білім басқармасының өкілі Алма Төремұрат мектептегі қыздар тәрбиесі жайында сөз қозғады. Қыздар тәрбиесінде қоғамның рөлі жайында пікір білдірген «Жастар жетістіктері» Қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Шахзадақызы қоғамды түйіткілді мәселелерді атап айтты. Аналық ілтипатпен, қыз қадірі жайында сөз қозғаған Айнұр Асқарқызының пікірі қатысушыларды ойландырмай қоймады.

«Рай» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Райхан Абдуллақызы өз кезегінде отбасы және неке мәселелері, қыздар мен әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы тұшымды пікірін білдірді.

Шараның екінші бөлімінде жиынға қатысушыларға жетістік кұпиясымен бөлісу мақсатында Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының әртісі Жазира Ходжахмедова сөз алса, кәсіптік бағыт-бағдар беру бойынша ақтаулық танымал дизайнер Гаухар Амирова сөз сөйледі.

«Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры, жоба авторы Мұқаш Бекенұлы жиынды: «Бұл жоба арқылы, қыздарымызға өмірлік және кәсіптік бағыт-бағдар бергіміз келеді. Олардың өмір жолын ақ, қауіпсіз етуді көздейтін аталған жоба жыл бойы жүзеге асатын болады»,-деп түйіндеді.

Көпшіліктен қолдау тапқан шараға қатысқан 9 сынып оқушылары жиын соңында спикерлерге сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз