Маңғыстауға еліміздің басқа өңірлерінен ерте келетін Амал мерекесін Ақтаудағы «Маэк-ҚазАтомПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы зор қуанышпен, толағай табыстармен қарсы алуда. Мекеме ғимаратының алдында ондаған киіз үйлер тігіліп, қазақша киінген жұмысшылар ұлтымыздың әнін айтып, жырын шырқады.

WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.40.42

Өңіріміз тұрғындары үшін жылдың аса маңызды мерекелерінің бастысы саналатын – Амалды сағына күтіп, асыға тойлайтындардың бірі — «Маэк-ҚазАтомПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы. 3500 жұмысшы қызмет ететін кәсіпорында мейрамды қызу дайындықпен атап өтуде.

Амал мерекесін атап өту- біздің мекемеде дәстүрге айналған деуге болады. Жыл сайын дәл осы күні ұжым мүшелері бір адамдай жиналып, бір ауыздан келісіп, Наурызды тойлаймыз. Қазақ болсын, орыс болсын, ұжымның әрбір адам ұлық мерекені жоғары дәрежеде атап өтуге өз үлесін қосады. «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і бас директорының экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Қыдырбай Қасымбеков.
Наурыз мерекесін асыға күтетіндердің бірі — «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і жөндеу құрылыс цехының жұмысшысы Евгения Гостичова. Ұлты басқа болса да, ниеті бір, тілі басқа болса да, қазақпен жүрегі бір орыс қызының Маңғыстау облысында тұрғанына 46 жыл. «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-інде қызмет еткеніне 32 жыл болыпты.

Бүгінгі мерекеге қатты дайындалдық. Қазақтың түрлі ұлттық тағамдарын пісірдік. Бізде қазақтың ұлттық тағамдарының барлығы бар деуге болады. Бәрімізде қазақша киімдер де бар. Арнайы киім тіктірдік. Жыл сайын Наурыз мерекесін жоғары көңіл-күймен, үлкен қарсы аламыз,- дейді Евгения Гостичова.
Амал – ақ дастархан жайылып, ізгі тілектер ақтарылып, жырдан шашу шашылатын – мерекелі де берекелі күн. Жылдың басы, нұрдың шашылатын кезі. Қазақ «Ай көрмесе ағайын араз болады, жыл көрмесе жекжат жат болады» деп қашанда көрісуге, сағынысып қауышуға асыққан.

Мен үшін Наурыз Жаңа жыл. Халқымның амандығын, жерімнің тыныштығын тілеймін. Бала кезімде үлкендер қырық үйге барып көрісу керек деп үйрететін. Сол дәстүрмен күні бүгінге дейін үй-үйді аралап, жан-жуықты түгендеп көрісіп келеміз. Халқымыздың игі дәстүрі жылдан-жылға жаңарып, жоғалма екен деп тілеймін,-дейді «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-інің құрылысшысы Байғали Өтегенов.
«Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і биылғы Наурызды үлкен жетістіктермен қарсы алуда. Аймақ тұрғындарын сумен, жылумен, электр тогы және жарықпен қамтамасыз ететін мекеменің жұмысшылары бүгінде өз қызметтерін жауапкершілікпен атқарып, адал еңбектің нанын жеп, отбасыларын асырап отыр.

WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.41.10

Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын! Елімізде тыныштық пен бейбітшілік болғай! Ата-бабаларымыздан келе жатқан, халықты біріктіретін ерекше мейраммен гүл көктем еніп, табиғат жаңарып, адамдар қуануда. Бала кезімізден бері көрісіп, Амалды атап өтіп келеміз. Дегенмен, егемендік алғаннан соң Наурыз кең көлемде, жоғары деңгейде өтеді. Соған қуаныштымын!-дейді «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Нұрмұқан Мұқанов.
Жұмыс күні болса да, бұл күні барлық бөлімшелер, цехтар мен зауыттар қазақтың салт-дәстүрінен шеберліктерін танытып, өнерлерін көрсетеді. Жиналғандарға дастархан жайылып, түрлі жарыстарға қатысады. Кәсіпорын жұмысшыларының бір-бірімен көрісіп, ізгі тілектер айтып, қауышуының өзі бір ғанибет емес пе?-дейді «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і ақпараттық-әдістемелік орталық директорының орынбасары Қолғанат Нұржаубайұлы.
Кәсіпорын бүгінде соңғы технологиялармен жұмыс істеуде. Бұрынғы су тұщыту қондырғылары, жылу-электр стансасылары мен қазандықтар жаңартылып, үздіксіз қызмет жасау үшін үнемі жөндеу жүргізіліп отырылады. Жаңасына ауыстыру үшін келешекте кезегін күтіп тұрған қондырғылар да жетерлік. Сондай-ақ, қалаға жылу беру құбырларын жаңарту осы жылдың мамыр айында қолға алынатын болады.

WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.41.15

Амал мерекесі құтты болсын! Жерімізге жақсылық, елімізде тыныштық болғай! Халқымыз аман болып, өз ұлтын сүйетін, дәстүрін сыйлайтын ұрпақтар өсіп, өне бергей! Амалдан Амалға жетіп, әр отбасында қуаныш мол болғай!-деді «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-інің жас жұмысшысы Нұрсұлтан Досанұлы.
Ата-бабамыздың салт-дәстүрін ескіртпейік, асыл қазыналарымызды дәріптейік, ұрпаққа үлгі етейік деген мақсатпен жыл сайын Амал күні қазақтың нағыз киіз үйін тігеміз. Алты қанат киіз үйдің әсем басқұрлармен көркемделіп, киіз, кебежесі қойылған. Кірсе, шыққысыз үйдің жабдықтары қазақ әйелдерінің шебер қолынан шыққан дүниелер! Амал мерекесі жерімізге тек жақсылық әкелгей!-дейді «Маэк-ҚазАтомПром» ЖШС-і автокөлік басқармасы жөндеу бөлімінің бастығы Бекқали Жұрымбаев.
Ұжым мүшелері қазақтың ұлттық тағамдары мен киімдер, киіз үйлер мен өнерден сайысқа түсіп, бағы жанғандар басшылық тарапынан сыйлықтарға ие болды.

Көңілді мерекелік шаралардан соң арнайы құрылған қазылар алқасы жарыс қорытындысын шығарды. Амал мерекесін атап өтуде бар күшін салып, өнерін паш еткен жөндеу-құрылыс цехының жұмысшылары І орын алса, жүлделі екінші орынға қауіпсіздік қызметінің командасы лайық деп танылды. Үшінші орынды белсенділік танытқан бірнеше басқарма жұмысшылары бөлісті. Жеңімпаздарға облысымыздың көрікті жерлеріне жолдама тапсырылды.

Анар Шамшадинова

WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.41.28  WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.41.05  WhatsApp Image 2017-03-15 at 20.41.24