Бүгін, 14 тамыз күні Ақтауда «Қазақстанның үздік тауары – 2019» өңірлік көрме-байқауы өтті. Оған 45-ке жуық кәсіпорын қатысты. Үздік деп танылған 9 кәсіпкер республикалық «Қазақстанның үздік тауары – 2019» байқауына жолдама алды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Аталған байқаудың мақсаты – қазақстандық нарықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету, ұлттық брендті қалыптастыру.

Конкурсқа қатысу үшін 45-тен астам кәсіпорын өз өтініштерін жіберіп, өңірлік-көрмеде өз өнімдерін көрсетті. Байқау «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» атты номинация бойынша өтті.

Маңғыстауда 9 кәсіпкер үздік тауар иесі атанды (ФОТО)

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Каскор Машзавод» АҚ үздік атанды. Компания мұнай құбырларын шығарады. Жоғары қысымды шыныпластик құбырларды өндіретін «Шыныталшықты құбырлар зауыты» ЖШС мекемесі де үздіктер қатарынан көрінді. 2013 жылы іске қосылған «Каспий Тас жол» ЖШС-ның өнімдері де өндірістегі үздік тауары атанды.

Маңғыстауда 9 кәсіпкер үздік тауар иесі атанды (ФОТО)

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Қаракөл терісінен сырт киім тігетін «Сенек» ЖШС мекемесі, қыз жасауы, бесік жасауы, құрақ көрпе, ұлттық киім тігетін ЖК «Асем Андрей» және былтыр көйлек тігуден 3 млн 250 мың теңгеге тапсырыс орындаған ЖК «Бадо» үздік атанды.

Маңғыстауда 9 кәсіпкер үздік тауар иесі атанды (ФОТО)

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша нан, тоқаш өнімдерін пісіретін «Maga Bread» ЖШС мекемесі алдыңғы қатарға шықты. «Волна» Ақтау кондитер фабрикасы» ЖШС және «Тетис» ЖШС мекемесі де үздік тауар иесі атанды.

Маңғыстауда 9 кәсіпкер үздік тауар иесі атанды (ФОТО)

«Биыл конкурс талаптарына сай 9 кәсіпкердің тауары үздік атанды. Олар енді «Алтын сапа» ҚР Президентінің сыйлығын алу үшін республикалық деңгейдегі көрмеге жолдама алды. Жеңімпаздар үздік тауарлар логотипін жарнамалық мақсатта 3 жыл бойы пайдалана алады. Сондай-ақ бұл жоба кәсіпкерге брендттік атауын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — дейді «Атамекен» Ұлттық  кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасайұлы.

«Осы кәсіппен айналысып жүргеніме 2 жылдан астам уақыт болды. Негізгі мақсатым – заманауи үлгіде киімдер тігіп, сатылымға шығару. Қазіргі таңда кәсібім өз жемісін беріп, күннен күнге сұраныс артуда. Әсіресе, жастар заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді көп алады. Бүгінгі байқауда «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрінуім де осы халықтың тапсырысы мен сұранысынан деп ойлаймын. Киімнен бөлек қыз жасауы мен бесік жасауын дайындаймыз», — дейді ЖК«Асем Андрей» директоры Әсем Утепова.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН