«Азаматтарға арналған үкімет» жас босанған аналар арасында «Анаға цифрлық жәрдем» байқауын жариялады. Байқауға қатысушылар egov.kz порталы арқылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыны онлайн рәсімдеуі керек. Содан соң әлеуметтік желідеге жазба жариялауы шарт. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» ХҚК орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Байқау шарты бойынша әлеуметтік желіге жазба қалдырған аналар мемлекеттік корпорацияның ресми аккаунтын @gov4c.kz белгілеп (instagram әлеуметтік желісінде), #анағацифрлықжәрдем хэштегін қоюы тиіс.

Байқау жеңімпаздары кездейсоқ нөмірдің түсуі арқылы 15 қыркүйек Аналар күні мерекесінде анықталады.

Қызықты пост жазып, байқауға қатысқан үш жеңімпаз bebek.kz интернет-дүкенінен «Sweety» брендінің жөргектерін бір ай бойы алуға мүмкіндік беретін сертификатты иеленеді. Бес жеңімпаз ынталандыру сыйлығын алады. Онда балаларға арналған тағамдарға, ыдыстар мен күтім құралдарына қосымша сертификат беріледі.

Айта кетейік, egov.kz порталында «Бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау» қызметі 2017 жылы 29 желтоқсанда іске қосылған. Биыл 6 ай қорытындысы бойынша елде 19 мың жәрдемақы онлайн рәсімделген.