Елбасымыз Н.Назарбаевтың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы аясында биыл ауданымызда тұңғыш рет аудан жастары үшін қуанышты жаңалық — Маңғыстау ауданында «COWORKING» орталығы ашылды.

12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай облыстағы аудандар ішінен Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан бой көтерді. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары М.Сақтағанұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы А.Фазылбек және ауыл жастары қатысты. Шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Т.Әбжәтұлы құттықтау сөзбен ашып: «Биыл 2019 жыл Жастар жылы жағымды жаңалықтар өте көп болды. Соның бірі бүгін Маңғыстау ауданында орын алып отыр. Төл мереке құтты болсын!», — деді. Бұдан соң облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары М.Сақтағанұлы құттықтады. Шара аясында аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов және джиу-джитсудан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, жерлесіміз Е.Құдайбергенұлы орталықтың лентасын қиып, жастарға сәттілік тіледі.

Мұнда жастарға бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жанға жайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Жайғасып отырып, жұмыс істеуге қолайлы жиһаздар, кітап сөрелері, домбыра мен гитара, ғаламтор желісі, қысқасы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қажеттінің бәрі бар. Аталмыш орталық аудан жастары үшін қызмет жасайды. Яғни әрбір азаматтың интеллектуалды, жан-жақты тұлға ретінде дамуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруына және іскерлік қабілетін дамытуына үлес қоспақ. Коворкинг орталығына келген әрбір жас әкімшілікке тіркелген соң интернет желісін, материалдық-техникалық базаны тегін пайдалана алады. Сондай-ақ мұнда шеберлік сағаттары, семинарлар, презентациялар, түрлі басқосулар өтпек. Су жаңа коворкингті өзгелерден мына қасиеті ерекшелеп тұрады екен. Ашылу салтанатына келген жастардың кітап сөресіндегі тұрған оқулықтарға, арнайы жұмыс аймағына деген қызығушылығын байқауға болады.

— Ауданымызда тұңғыш рет ашылып отырған бұл орталық біз үшін таптырмас орын десем болады. Себебі мұнда заманауи үлгідегі жиһаздар, жұмсақ орындықтар, кереметтей кітап сөресі, тіпті жайғасып, шай ішуге де жағдай қарастырылған. Жастар күнінде осындай жағымды жаңалықпен қуантып жатқаны үшін аудандық жастар орталығына алғыс айтамын, — деп белсенді жастар осы орталықтың тиімділігін тілге тиек етті.

— «Жаңадан ашылған коворкинг орталығы қосымша білім алып, біліктілігін шыңдауды көздеген, жаңа достар табам деген жастар үшін жұмыс күндері таңғы 10-нан кешкі 6-жарымға дейін қызмет жасайды. Бұл орталық түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығы болуы тиіс. Сондықтан осындай орталықтарды мазмұнды, мәнді дүниелермен толтырып, жастарды тартуымыз керек», — дейді орталық басшысы А.Қонарбаев.

Өз тілшіміз