Сурет сайт архивінен

Спорт ойындарының ең қолайлы, кең тараған түрі волейбол болса керек. Волейболшылардың организміне түсетін салмақ мөлшері — орташа деңгейде. Денеге аса күшті әсер ететін қимыл – жүгіру мұңда аз қолданылады. Ойынның қозғалысы адам баласына аса пайдалы табиғи қозғалыс пен дене мүшелерінің қимылынан жүгіру,  жүру, секіру, лақтыру жаттығуларынан тұрады. Ойын барысында нақты қозғалыс нәтижесінде, ең бастысы, адамның кординациясы қалыпты қалыптасады. “Демек волейбол адамның барлық қабілет – қасиетін қалыптастыратын ойынның бір түрі” дейді мамандар пікіріне құлақ ассақ.

Спорт күні мерекесі қарсаңында спорттың осы түрінің Маңғыстау ауданында дамуына үлес қосып жүрген «Аршат» қыз–келіншектерден құралған команда мүшесі, бапкер Бағила Ұзақбаевамен сұхбаттасудың реті келіп отыр.

Б.Ұзақбаева 1991 жылы Түрікменстан Республикасында туған. Үш жасында Маңғыстауға қоныс аударған Бағиланың спортқа деген сүйіспеншілігі бала кезінен байқалып тұрды. Мектеп жасынан спортқа қызыққан ол алғаш сараптамашы мамандығын игеріп, кейін Орал қаласындағы «Инновационная технология и педагогика» институтынан дене шынықтыру мамандығын бітірді. Қазіргі таңда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт мектебінің бапкері. Оқушыларының жеткен жетістіктері аз емес. Бейнеу ауданында Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай өткізілген облыстық ашық турнирде, Қызылорда қаласында «Мұз айдыны» СК волейболдан қыздар және ұлдар арасында ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған ашық турнирде және Арал қаласында өткен аудандық ашық турнирде ұлдар және қыздар арасындағы жарыста бірінші орынды иеленді.

Бағила — 3 баланың анасы, аяулы жар, үлгілі келін. «Спортпен шұғылданғаныңызға үйдегілер қалай қарайды?» деген сұрағыма «Қазақи тәрбиеде қыз–келіншектердің спорт пен айналысуы оғаш көрінуі мүмкін. Маған бұл сұрақ көп қойылады. «Жолдасыңыз қарсы емес пе?» деген сауалдар маған үйреншікті. Ал расында жолдасым да волейбол ойнайды. Отбасым әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Ата–енем — түсінігі мол жандар. Әсіресе, менің отбасымның спортқа деген көзқарасы мені қуантады. Кейде жарыстарда ауылдан ұзауға да тура келеді. Сондай кезде үнемі қолдау сезініп отырамын», — деп жауап берді.

— «Аршат» қыз–келіншектер командасы үшін әр сайыс оңайға соқпайды. Жыл өткен сайын біздің қарсыластарымыз күшейіп келе жатыр. Волейбол туралы жалпы ойым, әрине, жағымды. Еліміздегі спорт түрлерінің ішінде волейбол саласында белгілі бір қиындықтардың бар екені рас. Бірақ соған қарамастан даму бар. Қаншама командамыз спорттық лигаға қатысып жүр. Бұл біздің болашағымыз. Уақыт көшінен қалмай еліміз дамып келеді. Елімізбен бірге волейбол да дамып, бұқаралық спорт түріне айналып, танымалдығы артуда. Бұл, әрине, қуантатын жайт. Волейбол – өте әдемі спорт түрі. Бізде дарынды жастар жетер- лік. Білікті бапкерлер де бар. Егер мықты ойыншылар мен талантты жастардан ортақ бір мақсатқа жұмылған команда жасақтай алсақ, бағындырар белестеріміздің биік болары сөзсіз. Елімізде волейболдың даму жолында көп жұмыстар атқарылуда және осы салаға тікелей қатысы бар біздерді әлі талай игі істер күтіп тұр, — дейді Б.Ұзақбаева.

Жанаөзен қаласында Амал мерекесіне орай өткен жарыста, Ауған соғысының 30 жылдығына орай облыстық турнирде бірінші орын, әйелдер арасындағы облыстық халықаралық жарыста екінші орын иеленді.

Командасы үнемі жеңіс тұғырынан көрініп, салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген Бағила Ұзақбаевамен біз «Жеңісті күндерде жолыққанша», — деп қоштастық.

Ш.ШАКЕНОВА