Маңғыстаудағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» 746 млн.теңге бөлініп отыр. Енді мал шаруашылығын дамытамын, егіс салып, ірі қара мен ұсақ мүйізді мал басын көбейтемін деушілер 6 пайызбен несие ала алады. «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алу үшін 18 адам өз өтінішін беріпті. Қаражат алып, бизнес бастаймын деген азаматтардың өтініші жыл соңына дейін қабылданады, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Еңбек» бағдарламасы аясында маңғыстаулық тұрғындар 6 пайызбен несие алып, өз кәсібін бастай алады. Несиелеу мерзімі 84 айға дейін беріледі. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 244 млн.теңге бөлінбек.

«Биыл «Еңбек» бағдарламасын орындау мақсатында облысқа 1 млрд 244 млн.теңге қаралған. Оның 746 млн.теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» беріліп отыр. Ал жалпы шағын несиеге бөлінген 944 млн.теңгеге 262 кәсіпкерлік субъекті қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бүгінде 67 млн.теңгеге 18 адам өтініш білдіріп, өңірдегі ауыл шаруашылықты дамытуға ниетті», — дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалының директоры Мұрат Бахитқалиұлы.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігімен келіскен Қор ішкі несиелеу шарттарына сәйкес 6 бағдарламаны бекіткен болатын. Қазіргі таңда облыста мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Игілік», көктемгі егістік және күзгі жиын-терім жұмыстарына «Егінжай», ал ауылшаруашылық және ауылшаруашылық емес бизнес түрлеріне «Кәсіпкер», сондай-ақ ірі қара және ұсақ мүйізді мал басын көбейтуді қамтамасыз етуде «Сыбаға» бағдарламалары өз жұмысын жүргізіп отыр. Ал «Ырыс», «Бірлік» бағдарламаларына халықтың қызығушылығы төмен. Себебі өңірде сүт қабылдау бекеттерін құру және дамыту қиынға соғуда.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы несиені тек жұмыссыз жүрген азаматтар алады. Ол үшін аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелу керек. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздері бойынша білім жетілдіруі шарт. Егер кәсіпкерлік саласын оқымаған болса «Бизнес бастау» жобасы арқылы оқуға мүмкіндігі бар. Айта кетейік, былтыр «Бизнес бастау» жобасы арқылы 1056 адам білім алған. Сондай-ақ бюджетке және банктер мен қаржы институттарға мерзімі өткен берешектің болмауы маңызды.

Жұмыссыздықты азайтып, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет 2017 жылы «Еңбек» бағдарламасын қолға алған еді. Негізгі мақсаты – кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамтамасыз ете отырып кәсіп көзін ашуына жәрдем беру.

«Былтыр дәл осы бағдарламаға 1 млрд 244 млн.теңге бөлінген, оның 821 млн.теңгесі 210 несие алушыға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы берілді. Бұдан бөлек басқа да бағдарламалар арқылы 23 адамға қосымша 130 млн.теңге шағын несие берілді. Осылайша облыс бойынша былтыр 335 жұмыс орын ашылды», — деп атап өтті Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Изимтаев.

Сондай-ақ биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша индикативтік көрсеткіштерге сәйкес облысқа барлығы 10 000 бас ұсақ мүйізді мал (қой) сатып алып беру жоспарланып отыр. Соның ішінде 3500 бас Қор арқылы, ал қалған 6500 бас АНК арқылы қаржыланатынын айтты.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН