Бұрын Түркияға барсақ та, Кеңес одағынан бөлінген тағдырлас түркі тілдес көршілерімізге қарасақ та, кез келген ұлттың өкіліне түсінікті латын қаріптерімен жазылған жарнама, маңдайшалар көзімізге оттай басылатын. Архивтерден көретін латын қаріптерімен шыққан ескі қазақ газеттері көз алдымызға елестеп, жанымызға жақын әріптерге деген сағыныштан бір күрсініп қойып, қиялдап қана жүре беретінбіз. Сөйтсек, бұл да орындалатын арман екен.

Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесін 1990 жылдары тілтану­шыларымыз көтеріп, 5­-6 жылдан бері жиі қозғалатын болып, үміт сәулесін шашып келе жатқан. Енді, міне, бұйырса оған жететін күн де алыс емес. Латын әліпбиіне көшу шаралары кезең­кезеңімен үздіксіз жүріп жатыр.

Жаһан халықтарының 80 пайызы жа­затын жазумен жазсақ, өзге тілдерді тез үйрену мүмкіндігі артатыны, жаңа техно­логия шарықтаған цифрландыру дәуірінде мұның аса қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал, ең бастысы, латыннегізді қазақ жазуы айдалада адасып қалғандай күй кешкен бізді күллі түркі әлемімен біріктіріп, төл сөздерімізді жазуда кеткен кемшіліктерді табиғи қалпына келтіруге, ана тіліміздегі сөздердің дұрыс айтылуына көмектесері сөзсіз.

Әлбетте, латынға көшудің логикасы тым тереңде. Оны тізбелеп ашып жатудың қа­жеті жоқ, уақыт көрсетер. Жаңа әліпбиге көшудің бірнеше кезеңге бөлініп жүріп жатуы да сондықтан. Оған тыңғылықты дайындық керек. Қазіргі әліпби нұсқасы келешекте бірнеше мәрте өзгеруі ғажап емес. Бұл әліпбиін ауыстырған елдердің барлығына тән жағдай. Мәселен, 1929–1940 жылдары латын әліпбиінде жазып кел­ ген екенбіз. 1940 жылы кириллицаға кө­ше бастағанымызбен, үкімет кириллицаны 1957 жылы ғана бекітті. 17 жыл бойы әбден зерттеліп, тіліміз жақсылап бұратылып барып бекіді. Білетін мамандардың ай­туынша, заманына сай ұстанылған саясат бойынша қазақ тіліне тән ұ, ң, ғ сияқты әріп­ терді алып тастауға байланысты тартыс­тар да болған көрінеді. Бірақ ұлтжанды азаматтарымыздың табандылығының арқа­cында ғана осы күнгі әліпбиді сақтап қалу мүмкін болған.

Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының бөлім басшысы Айгүл Ықыласқызынан алған мәліметке сүйенсек, емле ережелерімен көпшілікті таныстыру, тиісті сала маман­дарын оқыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Тіл-­Қазына» орталығының ғалым-­әдіскерлері латын­ негізді қазақ жазуын меңгертетін тренер­лерді дайындайтын курстарды ұйымдас­тырып жатыр. Сол курсқа Маңғыстаудан қатысып, сертификат алған мамандардың бірі – Ш.Есенов атындағы Каспий мем­лекеттік технологиялар және инжини­ринг университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбаршын Адамбаева. Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған курстарға да өңірімізден қатысқан мамандар бар. «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арт­тыру институтының бас маманы, педаго­гика ғылымдарының кандидаты Алмахан Қабылова да – жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін меңгерген тіл маманы.

Гүлбаршын Мінбарқызы мен Алма­хан Батырбайқызының курстардан алған білімін үйреткен семинарға қатысқанымда көп жайттарға қанықтым. Ана тіліміздің көкжиегі, шынымен, кеңейетініне көзім жетті. Қос білікті маманды тыңдап, білген­ түйгенімді саралап көрсем, өзіміз өмір бойы қолданып келе жатқан 42 әріптің 14-­і бізге жат екеніне әншейінде назар аудармаған екенмін. Санамызға солай сіңгендіктен бо­лар.

Өткен жылдың 6 желтоқсанында қазақ жазуын латынға көшіруге байланысты ұлттық комиссия отырысында тыңдалып, мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» негізінде бұрын орыс сөздерін қазақ мәтіндерінде орыс орфографиялық ережелеріне сәйкес жазып келсек, енді қазақтың өз дыбыс заңдылығына байланысты жазатын бола­мыз екен. Мысалы, аппарат, менеджер, цирк сөздері енді аparat, menejer, sırk болып жа­зылады.

Қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын латыннегізді жаңа әліпби бойынша ю әрпі ıý әріп тіркесі түрінде жа­зылады, яғни aıý, baıý, oıý, jaıý, súıý. Демек, ı әрпінен кейін тұрған ю әрпінің орнына ý әрпі жазылады. Я әрпінде де солай, ıa әріп тіркесімен жазылады. Мысалы, qoıan, ıaǵnı, saıa. Сондай­-ақ жіңішкелік белгісі (ь) бар буынға жіңішке дауыстылардың әрпі жазы­лады, қосымшалар түбірдің соңғы буынына үндесіп жалғанады. Мысалы, аnsámbl (-­diń, ­-i, -­ge, ­-der), batalón (-­niń, -i, ­-ge, -­der) болып. Ал айыру белгісі (ъ) ескерілмейді, қосымшалар соңғы буын үндесіміне сәйкес былай жалғанады: sýbekt, оbekt, ıneksıa, feldeger. Қазақша ма? Қазақша.

Шыны керек, күні бүгінге дейін менің басым жетіңкіремей жүрген бір мәселе  бар. Ол – жыл, не айдың бір күні санмен таңбаланғанда ­-ыншы, ­-інші жалғауының орнына сызықшаның қойылу­-қойылмауы. Менің ұғымымша, мысалы 2019­-жыл және 1-­қаңтар болып жазылуы керек. Өйткені сол сандарды айтқанда, біз міндетті түрде -ыншы, -­інші жалғауын қосып айтамыз. Осыны қанша жыл газетте жұмыс істеп келе жатсам да, ешкімге дәлелдей алмап едім. Корректорлар да, редакторлар да менің сызықшамен   жазғанымды түзетіп қояды. Оқуын жаңа бітіріп келген жас мамандар маған отыра қалып, «қатемді» бетіме басып, ереже үйретеді. Ау, орыс сызықша қоймаса, оларда сан айтылғанда сол сөз өзгеріп оты­рады. Мысалы, двадцать первый год, к двадцать первому году, в двадцать первом году деген сияқты. Ал бізде жиырма бірін­ші жылы десең де, жиырма бірінші жылға десең де, бәрі-бір сан сол -­ыншы, -­інші жалғауымен өзгеріссіз айтыла береді. Олай болса, сызықша қойылуы тиіс. Осы ойыммен келіспегендерді де түсінемін. Өйткені олар бекітілген ережеге сүйенеді.

Сонымен айтайын дегенім, жаңа әліпби енген соң менің пайымым бойынша жа­зады екенбіз. «Араб цифрымен берілген санға қосымша дефис арқылы жалғанады, сондай-ақ түсірілген ­-ynshy (­-inshi), ­-nshy (­-nshi) қосымшасының орнына дефис қойылады, ал рим цифрымен берілсе, де­фис қойылмайды: 6-­ǵa, 100­-ge deıin, 10­-15­-ten; 2018-­jyly, 5-­sanat, 3-­kireberis, 10­-qazan, 2­-aqpan, 136-­bap, 1­-úı, 9­-páter, ХХІ ǵasyr, III tom, IV taraý. Бірақ № шартты белгісімен тіркесетін араб цифрлы сан есімдер дефис арқылы ажыратылмайды: №82 mektep, dırektordyń №5 buıryǵy, №107 qaýly, №17 kiris» деген ережемен танысқанымда төбем көкке екі елі жетпей қалды. Қазақша ма? Нағыз қазақша!

Тағы бір қуанып қалғаным, дж әріп тір­кесі бар сөздерде д әрпі түсіріліп жазы­латын болғаны. Мысалы, menejer, jınsy, jentilmen. Сондай­-ақ -­cт, ­-зд әрпімен аяқ­талған сөздерде т, д түсіріліп, мынадай бо­лып жазылады: jýrnalıs (jýrnalıske, jýrnalısi, jýrnalıster), komýnıs (komýnıske, komýnısi, komýnıster). Бұл да – кәдімгі қазақша жазу.

Қазіргі кириллица әліпбиіндегі ды­быстарды айтқанда, мысалы М әрпін ЭМ, Л әрпін ЭЛ деп дыбыс­таймыз. Ал жаңа әліпбидегі М әрпін МЫ, Л әрпін ЛЫ деп, жалпақ қазақша айтады екенбіз.

Осы орайда ертеректе 4 жасар інімнің ас үйдегі бір түйір тарақанды көріп алып, «таракаааан» деп айқайлағаны есіме түсіп кетті. «Бұл не?» деп барып сұрадым інім­нен. «Таракан» деп жауап берді ол. «Ал қазақшасы қалай?» деп сұрасам, «тарақан» деп қарап тұр. Сосын дастарханда жатқан шұжықты сұрадым «мынау не?» деп. «Кол­баса» деді бала. «Ал қазақшасы?» деп сұрасам, «қалбаса» дейді. Баланың бал тілін қызықтап күлгенбіз сонда. Қазір ойлап отырсам, қазақ болып туған адамның жаратылысы кез келген сөзді, ешкім үйретпей-­ақ қазақша ыңғайлап айтуға бейім келеді екен ғой.

Жасыратыны жоқ, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігінде қа­зақ тілінің құрдымға кетіп бара жатқаны байқалады. Орыс тілінен тікелей аударғанның кесірінен жазуымыз қазақша бол­май бара жатыр. Шала-­жансар құралған сөйлемдерді оқып отырып, күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Жазылғанды толық түсіну үшін сол қазақшаны қайтадан қа­зақшаға аударып оқуға мәжбүр боласың. Ал адамдар БАҚ-­та жазылған сөздің дұрысын емес, бұрысын іліп әкетіп, қолданысқа енгі­зе салуға құштар. Мәселен, даусы, аулы деп жазылуы тиіс сөздер ауылы, дауысы болып кеткелі қашан?! Сонау бір жылдары аты­шулы шара «Азия дауысы» деп жазылған екен, содан «дауысы» болып қалыптасып кеткені өтірік емес. «Бұл дұрыс емес, бы­лай жаз» дегенді көтере алатын авторлар да некен-­саяқ боп тұр ғой. Ал жастар түгілі, жасамыстардың да әлеуметтік желілерде тіліміздің берекесін кетіріп, қалай болса, со­лай жазатыны тағы бар. Енді латын әліпбиі тілімізді қолданудағы осы олқылықты да түзетуге септесер деген үміттеміз.

Иә, айта берсе жаңа әліпбимен бірге енетін жаңалық аз емес. Алайда арамызда «тіліміз өзгеріп кететін болды» деп байба­лам салушылар да табылмай жатқан жоқ. Ондайлар өзге тілден енген сөздердің қазақ тілінің табиғатына сай айтылып, жазы­луынан қауіптенеді. Бұрынғыдай тілімізді бұрап тұрып, орыс тілінің заңдылығымен сөйлеуімізді  құптайды, қазақы акцент­ті қаламайды. Ал өзге тілде сөйлеген әр ұлт өкілінің өзіне тән акцентінің болуы – табиғи заңдылық. Мына кавказдықтар болсын, түрікмен, өзбек ағайындар бол­сын, солардың небір оқымыстыларының да өзіндік акценттері бар. Жарасымды­-ақ. Тіпті түрлері орыстан аумайтын Балтық жағалауының елдері де  өздерін акценті­мен­-ақ танытып жүр. Онысынан олардың ана тіліне деген құрметі біздікінен кеміп қалып жатқан жоқ. Ендеше ана тілімізге жанымыз ашитын болса, қолымыз әрең жетіп жатқан осынау жаңалыққа тосырқай қарамай, керісінше әліпбиіміздің жетілуі­не үлес қосқанымыз абзал болар. Өйткені өзгеріп жатқан біздің тіліміз емес, әріп таңбасы ғана. Қазақылығымызға қайта ора­лып, қазығымызды тауып жатырмыз.

Валентина ҚОЗЫБАҚОВА