балабақша Жетібай
Сурет сайт аривінен

Бейнеу ауылында Жеңіс күні мерекесінде ауыл тұрғындары, аудан әкімдігі мен білім беру саласының қызметкерлері, ата-аналардың қатысуымен «НҰР Жанарыс» атты жекеменшік балабақша ашылды.

Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова балабақшаның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жолдауында атап көрсетілгендей, Қазақстанда 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 100 пайыз балабақшамен қамтуға тапсырма берілгенін атап өтті. Ауданда ашылған жаңа балабақшаның жұмысына сәттілік тіледі.

Ауданның белгілі азаматы Мұханбет Сейілханов өзінің жүрек жарды лебізін білдірсе, ауыл ақсақалы Рзабек Сейілханов игі іске ақ батасын беріп, құтты болсын айтты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ү.Әмірханова мен ардагер М.Сейілханов жаңа балабақшаның тұсаукесер рәсімін жасап, ата-аналар шашу шашты.

Бейнеуде жаңа балабақша ашылды

Жиналған жұртшылық ғимаратты аралап танысты. Балабақшаның бөлмелері заман талабына сай кең, әрі әдемі безендірілген. Балалар үшін көзтартар көркем ойыншықтармен қамтылған. Ғимараттың алдында бүлдіршіндерге ойнауға арналған ойын алаңы да бар.

— Балабақшаға мектепке жасына дейінгі 60 баланы қабылдаймыз. Қазіргі таңда балабақшада 3 қызметкер жұмыс жасайды, — дейді балабақша басшысы, жеке кәсіпкер Мөлдір Айтжанова.

Үміт ҚАЗДАЕВА