Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі… Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» – деп атап көрсетті.

«Қазақстанның қасиет­ті рухани құнды­лықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қай­нар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Қасиетті орындар – ерекше қастерленетін табиғи, мәдени мұ­ралар, діни сәулет ескерткіштері, кесенелер. Қазақстан халқы өшпес із қалдырған және ұлттық бірлік пен жаңғыру символы ретінде көріне­тін тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар.

Достық үйінде «Маңғыстаудың тарихи­-мәдени мұраларын зертте­удегі жаңа көзқарастар мен перс­пективалар» атты халықаралық ғылыми­-практикалық конферен­циясы өтті.

Конференция «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мемле­кеттік бағдарламасы және Пре­зидент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи­мәдени мұралары» халықаралық ғылыми кешенді экспедициясының қорытындысы бойынша анықталған тың дерек­терді ғылыми айналымға енгізу, қазақ тарихының маңызды арте­факттары ретінде өлкенің тарихи жәдігерлерін терең зерттеу, ар­хивтік­библиографиялық ізденіс­терді жүйелеу, Маңғыстаудың мың­ жылдық тарихын зерделеу, өлке тарихын зерттеуде жаңа көзқарас қалыптастыру бағыттарына арнал­ды.

Конференцияда тарихтан хабар беретін үш көрме жұршылықтың тамашалауына ұсынылды. Оның негізгісі былтырғы халықаралық деңгейде жүргізілген экспедиция қорытындылары. Өткен экспеди­ция қорытындысы бойынша бұ­рын Маңғыстауда анықталмаған 20 құдық шыңыраулар, 5 жер ас­ты, жер үсті мешіттері, көптеген библиографиялық, археологиялық жаңалықтар анықталған болатын. Сол  жаңалықтарды бейнелей­тін көрме, сонымен қатар «алтын қазған» діни қабірлеу кешенінен табылған жаңа экспонаттардың көрмесі жасақталды. Көрмеге «ал­тын қазғаннан» табылған ерекше экспонаттың әбзелдері, ері, жүгені қойылды.

Конференция төрағасы – Маң­ғыстау облысының әкімі, заң ғылымдарының   кандидаты, сая­си ғылымдар докторы Ералы Тоғжанов. Конференцияға Ұлы­британия (Оксфорд универси­теті), Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан және Қа­зақстан мемлекеттерінен ғалым­дар қатысты. Конференцияда ең алғаш сөз алған облыс әкімі Ера­лы Тоғжанов ғалымдарға сәттілік тіледі. Ғалымдардың еңбектері мен зерттеулерін көпшілік қызыға тыңдады. Шетел ғалымдары бас қосқан ғылыми жиын үш тілде өтті.

— «Маңғыстау мұраларын зерт­теудегі жаңа көзқарастар мен перспективалар» атты ғылыми практикалық халықаралық деңгей­дегі конференция жұмысын бас­тады. Конференцияға шетелдер­ден 24 ғалым, қазақстандық ғалымдарды қосқанда 50 ғалым қатысып отыр. Конференцияның негізгі мақсатының өзі де Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, соны­мен қатар «Ұлы даланың жеті қы­ры» бағдарламасындағы қойылған талаптарға сәйкес елдің тарихын түпкілікті тұрғыда зерттеу мәсе­лелері және тарихтағы өзекті мә­селелермен алға қойылған перспек­тивалар жоспарланған болатын.

Конференцияның негізгі жұмы­сында қаралатын мәселелер был­тырғы жылы өткізілген «Маңғыс­таудың тарихи мәдени мұралары» материалдық және материалдық емес мұралары, халықаралық дең­гейде өткен экспедиция қоры­тындысында анықталған ғылы­ми жаңалықтарды ғылыми ортаға енгізу болып табылады. Конфе­ренция жұмысына атақты және халықаралық деңгейдегі ғалым­дар атсалысуда. Атап айтсақ, Түркі елінен, Британ, Ресей, Әзірбайжан, Иран мемлекеттері­нен ғалымдар қатысып  жатыр. Бұл ғалымдардың деңгейі конфе­ренцияның маңыздылығын көр­сетеді. Маңғыстау тарихына жаңа, тың көзқарастармен оның перс­пективасын зерттеуге арналған конференцияға қатысушы ғалым­дар Түпқараған ауданындағы Шақпақ ата мешітінде болып, танысып қайтты. Мешіттің ерек­шелігін ғалымдар атап көрсетуде. Ғалымдардың барлығы Маңғыс­тау тарихына байланысты Маң­ғыстаудың материалдық және материалдық емес мұраларына қа­тысты тың деректермен бөлісті, – деді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина.

Өткен жылы ұйымдастырылған экспедиция – біздің Маңғыстаудың мәдени, ғылыми өміріне үлкен өзгеріс  әкелген  қозғалыс  бол­ды. Бұған елдің ықыласы ерекше екенін байқадық. Біз ғалымдар болып, солармен бірге жүріп та­рихи нысандарды шолып, таныс­тырып, білгенімізді айтамыз деп жоспарлағанбыз. Бірақ біз барған жергілікті жердегі халық олардың ішіндегі зиялы қауым көптен бері күтіп отырған болып шықты. Бір­неше ауылдарға бардық. Келген ғалымдар тек Қазақстанды емес, әлемнің түкпір­түкпірін аралаған ғалымдар еді. Шетелден келген ғалымдар Маңғыстау халқының мұраға деген ерекше көзқарасына тәнті болып, «Мінездеріңізде ерек­шелік бар екен» деп кетті. «ХХІ ғасырда өмір сүре отырып, 4–6 мың жыл бұрынғы мұраларды сақтап, пайдаланып келесіздер. Осыны тү­сінгіміз, табиғаттарыңызды зерт­тегіміз келеді» дегенді айтты. Сон­дықтан экспедиция алдына қойған мақсатына артығымен жетті деп есептейміз.

«Тек қана сақтап қоймай, күн­делікті тұрмыс­-тіршілікте, салт, әдет-­ғұрыптарыңда осыны пай­даланып келе жатырсыздар. Осы­ны біз ерекше құбылыс ретінде ашып, түсінгіміз келеді. Сіздердің табиғаттарыңызды зерттегіміз ке­леді» деп еді мамандар. Осы кон­ференцияға келген ғалымдардың ішінде сол ғалымдар бар. Бұл конференцияда ғалымдардың қо­рытындылары айтылады. Бірақ бұл мамандардың ойларында үлкен жоспарлар бар екенін байқадым. Экспедиция – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларының іске асыру жоспары. Экспедиция­ға қорытынды жасамай жатып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы шықты. Біздің жұмысымызды бұл мақала одан әрі дамытып, тереңдетіп тұр. Біз соған қуанамыз. Біздің бастаған ісіміз тек қана Маңғыстауда емес, бүкіл ұлттық, түркілік дәрежеге көтері­ліп бара жатқанына ризамыз, – деді өлкетанушы Алқажан Еділхан.

— Маңғыстауда өтіп жатқан жиын рухани жаңғырудың жалға­сы іспеттес тұрақты, дәстүрлі кон­ференцияға айналды. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламасының негізінде жүзеге асып отыр. Бас қосуға деректанушы­лар, тарихшылар, өлкетанушылар бірігіп Елбасының мақаласында көрсетілгендей, тұтастай тарих­ты зерттеуді нысанаға алып отырмыз. Мәселен шетел зерттеушілері зерделеулерінің арқасында өзіміз­дің тарихымызды пайымдап кел­дік. Деректер тікелей түпнұсқадан алынып, сарапқа салынады, – деді филология ғылымының докторы, шығыстанушы Ислам Жеменей.

Жиын барысында ғалымдар жан­-жақты зерттеп, сүзгіден сүзіп, елек­ пен елеп әкелген жұмыстарын та­ныстырды.

ТРЕПАВЛОВ Вадим Винцеро­вич – Ресей тарихшысы, профес­сор, тарих ғылымдарының докто­ры. РҒА Ресей тарих институтының бас ғылыми қызметкері, Ресей халықтары тарихының және ұлт­аралық қарым-­қатынас орталығы­ның жетекшісі.

Сұрақ: Бұл конференцияның қорытындысы қандай болмақ? Маңғыстау облысының әлемдік қоғамдастықты қызықтыратын тарихи орындары туралы, атап айтқанда «Алтын қазған» ми­фологиялық кезеңдері жөнінде көптеген қызықты оқиғаларды естідік. Конференцияның қоры­тындысын айтып берсеңіз, мүм­кін шағын жинақтар шыға ма?

– Қорытынды туралы тек кон­ференция аяқталған соң көреміз. Негізінде осындай конференция­ларды дайындау және өткізу, әрине, өте қажет және уақытылы өткізі­ліп тұруы тиіс. Себебі Маңғышлақ түбегінде және Батыс Қазақстанда сонау заманнан бері қалған ес­керткіштер өте көп. Бұл жерде көптеген ондаған елдер өздерінің іздерін қалдырған. Соңғы кездері Қазақстанда ерте заманнан қалған ескерткіштерді іздеу және белгі­леу бойынша үлкен жұмыс өріс алды. Қазақстандық тарихшылар халықаралық тарихшылар қоғам­дастығының қолдауымен және ынтымақтастығының арқасында көптеген жұмыстар атқаруда. Жаңа және өте құнды тарихи материал­дар жүргізу, бір сөзбен айтқанда ғылыми айналымға және мәдени дағдыға айналу үшін Қазақстан халқы мен өзге елдердің халқын осы тарихи асыл қазыналармен, осы өнер туындыларымен, Қазақ­стан халқының арғы ата-­бабалары тастап кеткен дүниетанымымен таныстыру керек.

Сұрақ: Яғни бұл конференция болашақта әр түрлі, жаңа архео­логиялық ескерткіштерді ашуға пайдасы зор демекшісіз бе?

— Атап айтқанда осындай кон­ференциялар тек пайдалы болып қана қоймайды, олар қажет. Бұл – бүкіл әлемдегі ғалымдар мен та­рихшылар үшін қажетті жұмыс нысаны. Қазақстан ғылыми өнім және осындай конференциялар­ды ұйымдастыру деңгейінде өзін айтарлықтай өте жоғары дәрежеде көрсетуде. Бұл – халықаралық қо­ғамдастық пен тарихшылардың жалпы ойы.

Сафар АШУРОВ – Әзірбайжан Ұлттық Академиясының археоло­гия және этнография институты­ның баспа және ғылыми байла­ныс секторының жетекшісі, тарих ғылымының кандидаты.

Сұрақ: Өзіңіздің баяндамаңыз туралы қысқаша айтып бере аласыз ба? Сіз экспедицияға қа­тыстыңыз ба?

— Иә, экспедицияға қатыстым. Бұл бір рет емес. Алғашқы конферен­циям бұдан 10 жыл бұрын болған.

Сұрақ: Жалпы қорытындысы туралы айтып кетсеңіз?

— Бұл менің Ақтау қаласына және Маңғыстау облысына ке­зекті сапарым болып табылады. Алғаш рет осы жерде Каспий өңі­рінің алғашқы конференциясына қатысқан болатынмын. Бұл бұдан 10 жыл бұрын болған. Келесі ме­нің сапарым өткен жылы болды, халықаралық экспедицияға мамыр айында қатыстым. Осыдан кейін менде Әзірбайжан мен Маңғыстау облысының арасындағы байланыс туралы зерттеу мәселесі туында­ды. Атап айтсақ, мәдени құнды­лықтарды зерттеу болды. Осыған байланысты өткен жылы қыркүйек айында мен Әзірбайжанның бір қалашығында өз жұмысымды бас­тадым. Көптеген ұқсастықтар тап­тым. Мысалы, Әзірбайжанның та­былған тарихи құндылықтар мен Маңғыстау облысында Қызылқала, Кетеқаладан табылған тарихи зат­тар, керамикалық материалдар бір­-біріне өте ұқсас. Тіпті олар­ды бір-­бірінен ажырату мүмкін емес. Олар – құмыралар, әр түрлі нысандағы ыдыстар т.б. Бұның өзі Әзірбайжан мен Маңғыстау облысында орта және темір дә­уірлерінде бір-­бірімен өте тығыз байланыста болғанын тағы бір рет дәлелдейді. Олар өзара теңіз жолдары арқылы байланыс ұстаған. Одан кейін мені таңғалдырғаны осы жерде көмілген ескерткіштерге ұқсас дүниелер Әзірбайжанда Апшерон түбегінде орналасқан және сол жерден табылған. Апшерон түбегінен басқа еш жерде табылмаған. Осының бәрі қола жә­не темір дәуірінің кезеңінде әзір­байжандар мен Маңғыстау облысы халқының арасында тығыз байланыс болғанын дәлелдейді. Каспий теңізінің екі жағында орналасқан елдердің бір­-біріне материалды және рухани түрде өте жақын екендігін білдіреді. Мен бүгін осы туралы баяндама жасадым.

– Еділ мен Орал (Сарай, Са­райшық) өзендерінің сағасында пайда болған Джучидтердің саяси орталығы Еуразия арқылы шы­ғыстан батысқа өтетін сауда жол­дарымен неге бірігуге тура келге­нін білдіреді. Моңғол әлемінің уақытында бірнеше сауда жолдары Хаджи­-Тархан, Сарайшық, Дербент және Үргенішпен және Арал теңізінің оңтүстік жаға­лауымен бірге басқа да бекеттерді біріктіре отырып, Маңғыстау өңірін кесіп өтіп жүрді. Теңіз жолдары Каспий теңізі арқылы және оның жағалауымен Маңғышлақ түбегі мен Үстірт шоқысы арқылы жалғасып жатты. Ол жерде 40 күннен аспайтын Сарайшық пен Үргенішті тұтастырып отырған жербетілік жол керуен сарайының желі жүйесіне қосылып жатты. Осы барлық жолдар континент аралық хабарлау жүйесінің ең маңызды аумағын қалыптастырды және Маңғыстау Алтын Орданың саяси орталықтары мен Хорезм, сондай­-ақ Орта және Шығыс Азия елдерінің арасындағы тұрақты алмасуды қамтамасыз етіп отырған көлік болды.

Төменгі Поволжьені аралаған синхронды саяхатшылар көшпен­ділікпен айналысатын ұйымдасты­рушылықты әсерлі жеткізді. Оған тартылған көптеген адамдар саны, қалалықтарға ұқсайтын өзіндік қо­лайлы заттарымен жаппай лагерь­лер және олардың адамдары мен тобымен бірге еріп келе жатқан үлкен жылжымалы базарлар. Сонымен қатар жылжымалы әкімшілік «Орда-­Базар» – ақша сарайы, кеңсе хатшыларымен, есепшілері және таңдаулы күзетшілерімен бірге қазынашылықта болды.

Көптеген тарихшылар монғол­дық «орда» терминін хан сарайы және оның әскери ордасына те­ңестіреді. Алайда Джучидтердің кезінде бұл термин тереңірек және қиын мағынаға ие болды. Империялық қуаттылық шоғыр­ланған әскер, сарай билеушінің негізін қалайтын азаматтар – үл­кен лагерь. Бұлардың бір­-бірінен айырмашылығы болмады.

Маусымдық көшіп-­қону тәртіпті талап етті. Көзбен көрген адамдар көшпенділердің лагерьлеріндегі таңғаларлық тәртіпті айтып бер­ді. Хан ордасы оның әйелдерінің ордасынан бөлек орналасқан. Бек­тер де өздерінің меншікті көшпенді бағдарларымен жүрген.

Өзім айтқандай менің баяндамамда Монғол әлемі туралы түсінікті қайтаратын уақыт  кел­ді. Зерттеулер бұл – контингент­тік масштабтағы құбылыс екендігін белгіледі, – деді тарих ғылымдарының докторы, Оксфорд университетінің (Ұлыбритания) тарих факультетінің ғылыми қыз­меткері. Алтын Орда тарихы тура­лы ағылшын және француз тілін­дегі көптеген мақалалар авторы Мари Фаверо-­Думенжу.

Ғалымдар Амал мерекесі қарса­ңында Отпан тауға барып, ондағы сыр шертер дүниелермен таныса­тын болады.

Конференцияның қорытынды­сымен ғылыми зерттеушілердің ең­бектері жинақталып, кітап болып шығады деп күтілуде.

***

Өткен жылғы экспедиция барысы

Маңғыстаудың ежелгі теңіз-порттары

«Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи­-мәдени мұралары» кешенді экспедициясы барысында Ресей мемлекеттік әскери-­теңіз флотының архивінде ізденіс жұмыстары жүргізілді. Архив қорынан Түпқараған мүйісіндегі маяк пен әскери казарманың, қойманың қолдан сызылған түпнұсқа суреттері (326 қ,. 2т, 2391 іс), А.Колодкин құрастырған Каспий теңізінің атласы (1331 қ, 3т, 35а іс) мен бас картасы көшірмеленді. Штурман А.Е.Колодкинге 1808 ж. Адмиралтейство департаментінен Каспий теңізінің толық атласын жасау тапсырылып, ол жұмыс 1809 жылы басталып, 1817 жылы аяқталады. Атлас әр түрлі масштабтағы 16 картадан және 2 бет жағалаулардың көріністерінен тұрады. Картада Каспий теңізінің солтүстік-­шығыс және шығыс бөлігіндегі жер­су атаулары мен кеме тоқтайтын мүйістер мен айлақтар, құдықтар мен түбектен шығатын керуен жолдары көрсетілген.

Маңғыстаудағы Үстірттің құдықтары

Құдық қазу – номадтардың әлемдік өркениеттің дамуына қосқан жа­ңалықтарының бірі. Маңғыстау құдықшыларының өнері – құпиясы мол, қыры мен сыры әлі ғылымға белгісіз құбылыс.

Маңғыстаудың жер асты мешіттері

Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан Үпі, Масат ата, Бекет ата, жер асты мешіттерін салдырған «аталар» мен әулие­-пірлердің сопылық мектебінен дәріс алып, рухани жолын жалғастырған өз заманының бі­лімдарлары – қожалар, ахундар, ишандар, сұпылар болғаны сөзсіз. «Шағын жер асты мешіттері» – осындай рухани жалғастылықтың куәсі. Бұл мешіттер өте шағын, аса биік емес қыраттар мен жартастардан төмен қарай үңгіп, ойып, қашап жасалынған, шамамен XIX ғасыр мен XX ғасырдың алғашқы ширегі аралығында өз қызметін атқарған.

Экспедиция барысында Сейдишан, Сегізәжі, Борлы-­Торым, Аққорған, Аққу-­Шөжікті, Қазанғап, Уәлі т.б сияқты шағын жер асты мешіттері, төбесі тесік табиғат ескерткіші алғаш рет зерттеу нысанына алынып, ғылыми айналымға ұсынылды.

Неміс этнографы Рихард Карутцтің «Маңғыстаудағы қырғыздар (қазақтар) мен түрікмендер арасында» еңбегінде баяндалған Маңғыстау адайлары мен түрікмендердің салт­-дәстүрі, тұрмыс-­тіршілігіне қатысты кейбір ерекшеліктердің қазіргі күнге дейін мәнін жоғалтпай сақталып жетуі этнографтар үшін құнды ғылыми дерек болды. Экспедиция мүшелері бұдан 118 жыл бұрын Р.Карутц болған, суретке түсірген орындарға барған.

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз