janaozen Амал Жаңаөзен

Жаңаөзен қаласында көрісу күні, яғни Амал мерекесі көңілді басталды. Былтыр мерекелік шара өткен орынға биыл да жиырмаға жуық киіз үй тігілді. Бәрінің есігі айқара ашық. Мол дастархан жаюлы. Мерекеге жиналған жұрт үйге кіріп, дастархандағы дәмнен ауыз тиіп, жаңа жылдың жайлы да жағымды жыл болуына өзінің ақ тілек-батасын берді.

Тігілген үйлердің жанында әр мекеме, ұжым түрлі халықтың ас мәзірін жиналған жұртшылыққа ұсынуда. Үстел қасында сол халықтың ұлттық киімдерін киген қыз-жігіттер мен келіншектер мейірімділіктің, қайырымдылықтың, татулық пен ауызбіршіліктің асқан үлгісін көрсетуде.

janaozen Амал Жаңаөзен

Сондай-ақ «Мұнайшы» мәдениет сарайының алдына қойылған қала мектептері қолөнершілерінің қолөнер бұйымдарының көрмесі де жиналғандардың қызығушылығын тудыруда. Бір жерде балалар ойнайтын бұйымдар мен әртүрлі арбаға отырып, мәз-мейрам болған сәбилердің жағымды күміс күлкілері мен алаңсыз асыр салған ойындары жаныңды жадыратады.

janaozen Амал Жаңаөзен

Ортаға орналастырылған сахнаға кезек-кезек көтерілген «Өнер» МКҚК-ның әнші, биші, термеші, күйшілерімен бір қатарда қала мектептері мен мекелерінен келген өнерпаздары өз өнерлерімен халыққа шашу шашуда.

Көктемге, Наурызға, халқымыздың жыл басына арнаған әртүрлі сахналық көріністер де көрерменнің жүрегін шымырлатып, көңілін көтере түсуде. Қазақтың ұлттық-салт дәстүрлерін паш ететін ескі бұйымдар ересектердің, әсіресе ата-әжелердің жастық шақтарын еске түсіргендей, көздеріне елжірете жас алғызуда. Келі-келсап, ескі диірмен, сары самауырлар ақ самайлы әжелердің көңіл көкжиектерін жастық дәуірлеріне сүйрегендей, жаулықтарының ұшымен көз қиықтарын еріксіз сүрткізуде. Тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесу, дүниеге жаңадан келген сәбиді бесікке салу сияқты ұлттық дәстүрге сай көріністер шынайы шығып, жұртшылықты сүйсіндіре түскендей. Әсіресе, сахнаға көтерілген ұлттық киім үлгісіндегі келіндердің бір мезгілде көрермендерге сәлем етулері күнде көріп жүрсе де жаңаөзендіктерді тебірентпей қалмады.

janaozen Амал Жаңаөзен

Осындай көрініспен бірге ұлттық спорт ойындарына қатысқан спортшылардың да көрсеткен өнеріне көрермендер тәнті болды. Әсіресе, жас балуандардың белдесуі мен тоғыз құмалақ ойындарына көрерменнің де араласып кеткен кезі болды.

Аймақ басшысы қаладағы «Алтын » және «Күміс алқалы» Зылиха Шілдебаева, Насима Торбай, Сәуле Тағалбаева, Мәрия Әмиданова сияқты көп балалы аналардың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат тапсырып келген беті екен.

— Қазақтың “Ұлыстың Ұлы күні», яғни Наурыз мейрамы киелі мекен Маңғыстаудың «Амал мерекесінен» бастау алып жатыр. Тойымыз құтты болсын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бастаған қазақтың даласы, қазақтың баласы үлкен биікке шықтық. Тәуелсіздікке жеттік. Тәуелсіздіктің арқасында даламызға тіліміз келді. Тәуелсіздіктің арқасында дініміз бен діліміз келді. Тәуелсіздіктің арқасында салтымыз бен дәстүріміз келді. Тәуелсіздіктің арқасында ұмытылуға айналған Наурыз мейрамы келді. Сол Тәуелсіздігіміздің арқасында осынау ұлттық мейрамды мемлекеттік деңгейде тойлауға қолымыз жетті. Осы күндері дүние жүзінде 5000 халық тұратын болса, соның 200-інің ғана мемлекеті бар. Соның бірі — біздің қазақ халқына бұйырған. Тәуелсіздікті алу бар да, Тәуелсіздікті сақтап, оны нығайту бар. Амал, Наурыз мерекелерінің халқымызды елдікке, бірлікке бастайтыны күмәнсіз. Мейрам тағы да құтты болсын! – деді Е.Тоғжанов.

Мұнан кейін аталмыш мереке күн ауғанша жалғасты.

Мұратбай ҰЛЫҚПАН,

Жаңаөзен қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз