Zhas Project

Бейнеу ауданы орталығында орналасқан «Ұстаздар үйінде» Маңғыстау облысының «Zhas Project» жобасы бойынша оқыту менеджері Жанар Сисеналиева колледж студенттерімен және аудан жастарымен кездесіп, жаңа жоба туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жобаның негізгі мақсаты — жастарды қоғам өміріне тарту, сондай-ақ оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастар мен жұмыссыз жастарға, жазасын өтеп келіп жұмыссыз жүрген жастар мен ерікті жастарға жобаның мүмкіндігі мен тиімді тұстарын кеңінен түсіндіріп, насихаттау.

«Zhas Project» жобасы туралы қысқаша атап өтетін болсақ, бұл жоба — Дүниежүзілік  банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Жобаны іске асыруды Үйлестіру агенттігі жүзеге асырады.

Жобаны іске асыру кезеңі 2017-2020 жылдар аралығын қамтиды. Аталған жоба 2017 жылы басталып, Қазақстанның төрт облысынан шамамен 2 000 қатысушыны қамтып,  2018 жылы Жобаның шеңберінде шамамен 3 508 адам қамтылған. Қазіргі таңда  2019 жылға іске асыру  облыстары Ақмола облысы, Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Манғыстау облысы және Астана мен Алматы қалалары.

Жоба төрт компонентті қамтиды:

 Жастардың топтарына әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған бір миллион теңгеге дейінгі гранттар мен әлеуметтік шәкіртақылар ұсыну;

— жас адамдарды өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша оқыту;

— жастардың осал топтарымен жұмыс істеу;

— тиімді ақпараттық-түсіндіру науқаны мен кері байланыс және мәселелерді шешу тетігін іске асыру.

Жобаның қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады. Ай сайын ЖОО-ның түлектері — 60 000 теңге, қалған қатысушылар – 40 000 теңге шәкіртақы алады.

Жоба шеңберінде қабылдаушы ұйымдардың конкурсы, менторларды іріктеу бойынша конкурс және жастар үшін гранттық конкурс өткізіледі.

Аталған жобаға үш немесе бес адамнан тұратын топ қатыса алады.

Егер жобада үш адамнан кем адам болса, қатысушылардың бірі жобадан шыққан жағдайда жоба жабылады. Қатысушыларды ауыстыруға болмайды.

Кездесу барысында Ж.Сисеналиева жобаға қатысуға қызығушылық танытқан студенттердің сұрақтарына жауап берді.

Үміт ҚАЗДАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз