Маңғыстауда Қарауылкүмбет күмбез тамынан табылған ер адамның қаңқасы алғашында Ноғайлының биі Едіге болуы мүмкін деп болжанған еді. Мамандар алғашқы зерттеу қорытындыларынан кейін қаңқа – Едіге бидің өзі емес, аттасы болуы мүмкін дегенді айтады. Өйткені олардың өмір сүрген уақыттары бір-біріне сәйкес келмейді.

Өлкемізде мамыр-қараша айларының аралығында «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» атты кешенді экспедиция өткізілген еді. Экспедиция аясындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Қарауылкүмбет маңынан бір ер адамның және бір әйел адамның қаңқасы табылған.

Филология ғылымдарының докторы Бибіайша Нұрдәулетова «Экспедицияның бір бағыты Ноғайлы кезеңдеріне арналады. Осы бағыт бойынша ноғайлы дәуірінің тарихи-архитектуралық ескерткіші ретінде Қарауылкүмбет қойылымындағы кесенеге археологиялық қазба жұмысы жүргізілді. Аталған кесенінің қас бетінде «Шахидолла Едіге», ал оң жақ бетіндегі қабырғаның төменгі қи тасында «Едіге баһадүр, би болды, Әбубашар» деген жазулар бар. Сондай-ақ қазба барысында кесенінің ортасында және одан сәл шеткерілеу екі қабір тас табылды. Сол қабір тастардың астынан бір әйел адамның және бір ер адамның сүйегі қазып алынды. Бұл сүйектерге антропологиялық реконструкция жасалып, арнайы зертханаға жіберілді. Радиоуглеродты сараптауға ДНҚ-сын анықтауға жіберілді. Осы сараптау барысында әйел адам мен ер адамның арасында туыстық байланыстың бар екендігі анықталды. Ер адам сүйегі шамамен ХІІІ ғ.бас кезеңіне жатады деп анықталды», — десе, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы директорының орынбасары Марат Өтесінов қаңқа Ирландияда зерттелгенін айтады.

«Тамыз айының аяғында, қыркүйектің басында экспедиция аясында археологиялық қазба жұмыстары өткізілген еді. Табылған ер адамның қаңқасы тарих ғылымдарының кандидаты, антрополог, Мәскеудегі Герасимов атындағы этнология және антропология институтының маманы Егор Китовқа берілді. Ол сүйекті Ирландияның Белфост қаласына зерттеуге жіберді. Новосібір қаласында реконструкциясын жасатып, сүйекті ғылыми-әдістемелік орталыққа әкелді. Қазір ол генетикалық экспертизаға Нидерландыға жіберілді. Оған бір жылдай уақыт қажет », — дейді Марат Өтесінов.

Мамандар Едіге батырдың сүйегі болуы мүмкін деген болжаммен табылған қаңқалардан тек ер адамдыкін ғана зерттеуге ұсынған. Ал әйел адам одан да бұрын өмір сүрген деген болжам бар.

«Бұл сүйек өте жақсы сақталған. Мамандар соған қарағанда ер адам ақсүйек тұқымы, өте дәулетті немесе қасиетті адам болуы мүмкіндігін айтады. Мәйіт басы құбылаға берілген, басына жастықтас төселген. Мойнын сәл оң жағына бұрып, маңдайын темірқазық жұлдызына бағыттаған. Оң қолын ұзына бойына жіберген де, сол қолын кіндік тұсына қойған. Лахадкөр онша терең емес, тіке қазылған. Бетіне жүзген ағашынан белағаштар салған. Көрдің бетін ағашпен жапқанына қарағанда мамандар мәйіт асығыс жерленген болуы мүмкін деген болжамға келді. Архитекторлардың айтуы бойынша, мәйіт ертерек жерленіп, кесене кейін салынған. Сол кесенені салғанда әйелдің де қабірін қамтып кеткен болуы керек. Себебі әйелдің қабірі ғимараттың іргетасының астына таман жатыр. Бұл енді біз жобалаған ноғайлының биі болған Едігеге дейін 150 жылдай бұрын өмір сүрген адам болып шықты. Ол туралы түрлі пікірлер бар. Алдағы уақытта әлі де терең зерттеледі», — дейді Бибіайша Нұрдәулетова.

Яғни Ноғайлы биі – Едіге деп болжанған адамның би өмір сүрген уақыттан 150  жыл бұрын ғұмыр кешкені анықталған.

«Ирландиядағы зерттеу нәтижесінде бұл адам шамамен 1225-1285 жылдары өмір сүргені анықталды. Қарауылкүмбетте қабырғаларда «Едіге би, баһадүр» деген жазулар болған. Соған қарап мамандар бұл Едіге батыр болуы мүмкін деген болжам жасаған еді. Бірақ Едіге батыр 1419 жылы қайтыс болған. Ал бұл адам одан 150 жыл бұрын өмір сүрген. Яғни бұл аттасы болуы мүмкін, бірақ Едіге бидің өзі емес», — дегенді айтты Марат Өтесінов.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ