ұлттық теңге қаржыгер күні

Он бесінші қараша – күнтізбедегі тағы бір кәсіби мерекенің айтулы күні, яғни ұлттық теңге және қаржыгер күні. Бұл күн — еліміздің экономикасын көтеру үшін еңбек етіп келе жатқан қаржы қызметкерлерінің төл мерекесі.

Қай мекемеде болмасын, ұжымның мақтанышына айналып жүрген қыз­меткерлер бар. Маңғыстау ауданының қаржы бөлімінде біраз жылдар жұмыс жасап жүр­ген, еңбегі жемісті қызметкерлердің саны аз емес. Солардың бірі – Марина Аман­гелдіқызы.

Аудандық экономика және қаржы бө­лімінің қызметкері Маринаның күліп қа­райтын жайдары жүзі адамның жүрегіне жылылық сыйлайды. Пысық, ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол ұжымының арасында сыйлы. Өмірлік азығың болған соң адам баласы мамандық таңдаудан қателеспеу керек, мамандық таңдаудан жаңылмасаң, онда жолыңның болғаны десек, Марина мамандығын мақтанышы санайды.

Б.Жұмалиев атындағы орта мектепті тәмамдап, 2003 жылы Ш.Есенов атындағы колледжден алған білімін С.Бәйішов атындағы Ақтөбе университетінде жал­ғастырады. 2007 жылы аудандық эконо­мика және бюджетті жоспарлау бөліміне хатшы болып орналасады. Хатшылық қызметті атқарса да алдыңғы буынның ісінен үлгі алып, үйреніп, мамандығына деген қызығушылығын арттыра түседі. Көрсем, білсем, үйренсем деген адамның бір орнында тұрып қалмай алға ілгерілей­тіні белгілі. Марина да үйренгенін ісіне пайдалана жүріп, хатшы, инспектор, бас маман қызметіне дейін көтеріледі. Осын­дай алғырлығымен көзге түсіп, басшылық тарапынан қошеметке ие болып отырған оның қазіргі қызметі – ауданның бюджетін жоспарлау. «Пысық, жауапкершілігі мол қызметкер» атанған ол аудандық «Жас қанат-­2014» Жастар сыйлығының, аудан әкімінің, облыстық қаржы басқармасының басшысы М.Әлібекованың Алғыс хатының иегері болды.

Әріптестері арасында жоғары кәсіби шеберлігімен ерекшеленетін Марина­дан «Қаржыгер болу үшін ең алды­мен неден бастау және нені білу ке­рек?» деп сұрағанымызда «Алдымен мамандығыңды дұрыс таңда. Өйткені жақсы мамандық – жақсы болашақтың бас­тауы. Ең бастысы, талпыныс пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Сондай-­ақ нормативті құжаттарды еркін меңгеру үшін ізденіс пен біліктілікті қатар алып жүру керек. Бұл сала аса жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет етеді. Қаржы маман иесі әрқашан үлкен сомадағы ақшамен жұмыс жасайды, сол себебті қаржыгер бойында адалдық қасиеті болуы тиіс. Өйткені ақша адамның көзін қызықтырып, ойын бұзуы мүмкін», — деп жауап берді.

Елбасының «Қазақстан­-2050» стра­тегиясы қалыптасқан мемлекеттің жа­ңа саяси бағыты» Жолдауында ұлттық валютамыздың құндылығы мен қаржы­герлік мамандықтың қаншалықты маңыз­ды мамандық екендігі, оларға жүктелген міндеттің көптігі жайлы айтылған болатын. Сол айтқандай, қаржыгер мамандығы­ — жауапкершілік пен біліктілікті талап ететін жауапты қызмет. Себебі оның жұмысы – бұл өмірдегі ең бағалы теңге жүйесімен жұмыс істейтін мамандық.

Кез­-келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан, асқар таудай әкенің қамқорлығынан,  бойға  сіңірген  із­гі қасиеттерден бастау алады. Сол айт­қандай Маринаның бойындағы кішіпейіл­дік қасиетте әкесі, ауданға белгілі дәрігер, Амангелді Оразалиев пен анасы Гүлнар Оразалиеваның тәрбиесінен дарыған.

Қаржыгерлердің ісі ең бір көзге еле­не бермейтін, бірақ өте тынымсыз әрі асқан жауапкершілік пен тиянақтылықты талап ететін кәсіп екенін баршамыз білеміз. Олай болса, тынымсыз еңбегімен аудан бюджетінің алға басуына өз үлесін қосып отырған Маринаны мерекесімен құттықтап, еңбегіне жеміс тілейміз.

Айгүл РАХМЕТОВА

Көрнекі сурет сайттың архивінен

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз