/Қырық бір жыл өмірдің ащы-тұщысын бірге бөліскен марқұм жұбайым Аманқосқызы Күріштің ескерткішіне/

Иә, солай, бұл-пейіл жүректегі,

/Өзіңді іздеп ол қанша дір етпеді../

Осыншама уақыт жоқтығыңнан,

Жүрміз-ау біз құлазып, жүдеп тегі.

Басымнан өтіп еді нелер сынақ,

Иілгенмін. Сынбадым…келем шыдап.

Мына жағдай…санамды сарсылтады,

«Қалай болды, япырм-ай» деген сұрақ.

Көзімнен ғайып болды туысқандар,

Бірге туып, бірге өсіп, ұғысқандар.

Қайда кетті Құдай-ау, төрт құбыла-

төрт жағым. Үміт артқан таныс таңдар.

Бұзылды ма бұйығы тылсым-тыным,

Қарс айырылып көкірек күрсінді мың.

Ең жақын адамыңсыз өмір сүріп,

Көретін, қарсы алатын құрсын күнің.

Бір кезде тағдыр маған күлімдепті,

Кеудеме бақыттың бар гүлін де екті.

Масайрап, маңғаз басып жүргенімде,

Кенеттен бұл фәниден інім кетті.

Білетінмін, жел өтінде пана барын,

Сондықтан сол төңіректі жағаладым.

Содан…содан, араға мезгіл салып,

Қош айтысты өмірмен ағаларым.

Үлпершектей менде үш апа бар-ды,

/Әке менен шешеден бата да алды/

Екеуінен көз жазып қалғанымда,

Жараланып, жан –дүнием жараланды.

Бұдан кейін керіліп, сыланар кім?,

/Ажалға қалай; қарсы тұра алар кім/

Бес туыстан бел асқан, саяқтанып,

Қалғаным үшін талай жылағанмын.

Тұлабойды тосын, жат қозғағанда үн,

Құрдымға құлап қала жаздағанмын.

Ауыр қайғы еңсемді езе-езе,

Оңашада ботадай боздағанмын.

 

Болып жүрді үнемі ауыр халім,

Мені тастап кеткен соң бауырларым.

Бағыштап дұға оқуға, шиырлағам,

Әр жердің қасиетті қауымдарын.

Қосылып оған және сырқат балам,

Кірпігімді ылғалдан құрғатпағам.

Күйге енсе ішкі әлемің алай-дүлей,

Шаттанып, сән-салтанат құрмақ па адам.

Рас, рас, қызығым кеммшін еді,

/Бөлінген бұл да маған енші ме еді/

Жақындардан айырылып, ауырғанға,
Білетіндер-«уақыт емші» деді.

Солай шығар. Салмақтан жеңілдегем,

Там-тұмдап жүгірген-ді көңілге дем.

Жаныңда жүргеннен бе жарың жайнап,

Пайда болды сергектік, сенім деген.

Өсіп-өнді, ержетті бала-шаға,
Екеумізде емес-ті сана шала.

Қаумалады халқымыз, бедел өсті,

Араластық талай той-тамашаға.

Дауысымыз естілді қалаға да,

Алыс жаққа-ауылға, далаға да.

Ойып орын алғанбыз ел ішінен,

Атанып «қара қыз бен қара бала»

Бәрібір жанар жасы тиылмаған,

Мезгіл де өтіп жатты құйындаған.

Ойламаппын, оллаһи, қатал тағдыр,

Тартады деп тағы да сыйын маған.

 

                  ***

…Сау едің әнеугүні, кеше мүлде,

/Пенде-ғұмыр таусылар неше күнде…/

Күріш-жар, Күріш-Ана, Күріш-адам,

Көз жұмды аурухана төсегінде.

Ашылмады сендегі құшақ кімге,

Ниетіңді қоймадың тұсап мүлде.

…Алпыс сегіз жасқа жақын иек артып,

Сапарың аяқталды үш-ақ күнде.

Болжадық па сырқатты тосын мұнша,

Түрткілейді миымды осы үн қанша!

Тура келсе қу ажал –қауқарың жоқ,

Ет әрекет, ем ізде, жосыл қанша!

Қателік жіберді әлде доқтыр адам?,

/Ойым менің бұған да боп тұр алаң/

Құйтақандай жүректі тілгілейді,

Жауабы жоқ сауалдар сап құраған.

Кіргізер қандай күш пен кім қатарға-ай,

Өңі қашқан адамды…тым қаталдай.

Қайран жан кете барды көз алдымда,

Ең азы қош айтысып, тіл қата алмай.

Арман, арман…айтылмай сөзің қалды,

Қағылмай кірпіктері-көзің қалды.

Келді де шырқ айналып бір құбыжық,

Әп-сәтте дем тауысып, өзіңді алды.

Бөгде ой жоқ-ты сол тұс қаперімде

Сезбедік ешнәрсенің қатерін де.

Қыздарым сол арада еңіреді-ай кеп,

Не болғанын түсінбей қапелімде.

Қаларсың қайтіп бұл сәт мазаланбай,

Күтіп тұрған аса ауыр аза барда-ай.

Операция ішекке жасалғанда,

Қан ұйыған мұқият тазаланбай.

Сонда да бейбақ көңіл түңілмеді,

/Аңғартты екен сол мезет түрім нені/

Жоқ! Болды, бітті. Тамыр бойлап,

Қызыл сұйық жүректен жүгірмеді.

Дүние дүлейленді, төңкерілді,

Қақырады қабырға-кең керілді.

Қалпына түскен өмір сәл-пәл ғана,
Қайтадан қара бұлтпен көмкерілді.

Жақсы күндер кешегі бастан кешкен,

Болды да қойды лезде астан-кестен.

Өз қолымен көтерген шаңырағының,

Қызығы қас-қағымда, қашқан, көшкен.

Керек кезде қорған-шеп бола алмадым,
Өкінемін. Қалды адыра бар арманым.

Батты жанға-адам боп жүріп барып,

Мүрде боп кейін қарай оралғаның.

Маңдайға мұндай жәйдің жазылғаны-

ауыр. Әрі Құдайыңның таза ұрғаны.

Жол сілтер Компасымның сынуымен,

Сұрқайланды үйімнің қазір маңы.

Тамыр соғу сендегі тоқтағалы,

Жылау, сықтау, күрсініс…жадта бәрі.

Міне, болды екі жыл содан бері,

Ұл-қыздарың келеді жоқтап әлі.

Жылады, көп қиналды бұл балалар,

Ес жиып енді қашан тұлғаланар.

Бойдағы барын берген, нәрін берген,
Шешені дәл өзіңдей кім таба алар.

Айналайын, жұбайым, ақ Күрішім,

Сен едің-ау несібем, бақ та, ырысым.

Нақ өзіңдей қамқоршы әйел бар ма,

Сүрген өмір отбасы шаттығы үшін.

Әжелік мейіріміңді күн сайынғы,

Іздейді немерелер-шын сағынды.

Жылағанда жұбату қиын соқты,

Дамилекті-сүйкімді жұмсағыңды.

Байқалды оның қазаны түсінгені,

/Тойтарар кіп-кішкентай күшің нені/

Саған арнап өлеңге айналдырды,

Қайғы-шерін балауса ішіндегі.

Заттарыңды тұтынған тауып алып,

Ұстайды да өксиді ауық-ауық.

Осынау көріністі көріп тұрған,

Біздерге де тиеді ауыр анық.

«Жайқалсын деп гүлдерім» күш ақтардың,

Тоңдырмай да күйдірмей, құшаққа алдың.

Адам қып болашаққа жалғау үшін,

Қаншама қадам жасап, іс атқардың.

Жомарттықтан, сірә, сен тыс қалдың ба,

«Мал-баланың шашуын…» ұстандың да,

Той жасадың жасантып, қанды айызы,

Дос түгілі қайсыбір дұшпанның да.

Аналық ақ сәулеңді құйып тегін,

От-ошақтың күй-жәйін күйттедің.

Өзім де құр қалмадым одан, шыным,

Сенің ғана арқаңда биіктедім.

 

                  ***

Кештік бастан жақсыны, жаманды да,

Көрдік «досты»-сатқынды, арамды да.

Екеумізді болаттай шынықтырды,

Мың құбылған тұрлаусыз заман мына.

Әркелкі қиындықты жолықтырдық,

Ақылыңмен олқыны толықтырдық.

«Жоққа-төзім, бар болса-қанағат қыл»,

Ұрпақтарға ұдайы соны ұқтырдық.

Ұмытылмас тұрмысымды түлеткенің,

Талай оны жаңғырттың, жүдетпедің.

Қыбын тауып әр істің, ептілікпен,

Тақыр жерге жап-жасыл гүл еккенің.

Жұбайлықтың ылдиын, өрін кештік,

Қақтығысып мінездер, керілдестік.

Жаңылыссақ жарасып, жарқыл қағып,

Өмірдің асау айдын төрінде өстік.

Ренжісу осы ұғымның заңы ма екен,

Жан болмадық ,әйтеуір, зары бөтен.

Өз олжамыз: шуақ та, көлеңке де,

Арғы бетке барлығын алып өтем…

 

                  ***

Үзілгендей бақытты баяғы әнім,

Солғын тартты сарғайып сая бағым.

Қай жаққа ұшып кеттің қарылғаш-құс,

Күнде ертемен сені іздеп оянамын.

Көрмегесін бейнеңді жас тамады

Жанарыңнан. Бойда арпалыс басталады.

Содан кейін сұмдық бір сезімге ерем,

Қалмағандай еріңнің басқа амалы.

Бөлмең ұйықтар бозарып босап қалды,

Кезінде ол сән-жиһазбен жасақталды.

Сол орыннан рахат тауып талай,

Көріктеніп көңілің масаттанды.

Жарасушы ед талғаммен киінгенің,

Айнаға қарап тұрып сүйінгенің.

Осындай кездеріңнің куәсі боп,

Тізіліп қалды шкафта киімдерің.

Олар да иесін сол іздейтіндей,

«Киілеміз енді қашан біз»дейтіндей.

Әні-міне дегенше кеп қалардай,

Күдерін келер күннен үзбейтіндей.

Тосын соққан толқынға кім шыдайды,

/Тұтылғандай біз үшін күн шырайлы/
Келмесін иесінің сезе ме екен,

Құтқар ит те аулада қыңсылайды.

Аңсайсың-ау көңілің тоқ күйіңді,

Енді кімге сыйлармын шоқ гүлімді?

Коттеджің де, тал-ағаш…түгел-түгел,

Мұңаяды сезгендей жоқтығыңды.

 

                  ***

…Мынау алаң. Аты оның «Шығыс» деген,

Шұғылдандың бұл жерде бір іспенен.

Қос қабатты коттеджді тұрғызуға,

Ынт-шынтыңмен мейлінше кіріскен ең.

Ол да бітті.Зәулім үй бой тіктеді,

Білінді жұрттың бізден той күткені.

Дедім бірде: «Шырақ-ау, шаршадың ғой,

Қарбалас тірлігіңе қой нүктені»

Бұл шаруадан өстіп қол босаған-ды,

Ауызға алып Алланы-Жасағанды,

Жиып сонда халқыңды, барды шашып,

Көрсеттің оған сонда Босағаңды.

Осындайда мен-дағы қалам да өсіп,

Келгендей ту-у алыстан балам көшіп.

Жемісін еңбегіңнің жей алмадың,

Құдайың бұйыртпады, амал нешік?!

Шолақ болды қуанып, нұр құшқаның,

/Кенеттен өзгерді де түр-түс, халің…/

Өкініш, өкінішті-ақ. Бас-аяғы,

Өзің салған үйіңде бір қыстадың.

 

                  ***

Көп ішінен іздедім. Алаңдадым,

Дүкендерден, көшеден…таба алмадым.

Қырық бір отасқан жарым едің,

Енді қайтіп ,шіркін-ай, жанар бағым.

Тағдырдың салған қатты жарасынан,

Жазылам ба? Жоқ әлі бал ашылған.

Жан-жағыма қараймын, көрем бе деп,

Тойлардағы әйелдер арасынан.

Әрине, күйеуіңнің жанбас бағы,

Болса да адамдардың алдаспаны.

Жарасымын табар ед, ғұмырымның,

Өзіңмен қатар жүріп жалғасқаны.

Ондай сый менен, әттең, қашық қалды,

Қанымды бұл да , сөйтіп, тасытқан-ды.

Көріксіздеу көңілді көрсетуге,

Қаламым әжептәуір машықтанды.

Оранасың ойларға алабөтен,

Болса да бойың сергек, сана бекем.

Балаларың бауырына басқанменен,

Жарыңсыз жалғыз жүру жаман екен.

Ниетің ізгі естен жойыла ма,

Алушы ең не жақсыны ойыңа да.

«Қатысам-,деуші едің-ау Алла жазса,

Дамилектің ұзатылу тойына да»

«Барамын сексен алты жасқа таяу»-

деп айтушы ең. Ойнап қиял баста баяу.

Асылық болған жоқ па айтқан сөзің,

Жағылып өміріңе басқа бояу?

Екі санның ауысты орындары,

/Ол да келген төтенше сорың-дағы/

Алпыс сегіз жасты еншілеп жатып алдың,

Бірі боп әруақтың қорымдағы.

Ішкен асым бойыма тарады әрең,

Болған соң жан жабырқау жаралы өрен.

Бұйрығы да Тәңірдің, саған арнап,

Жазылды жоқтау әрлі қаралы өлең.

Кейде көл, кейде шөлмен өткеніңді,

Тұрмыстағы қыс, жаз, күз, көктеміңді,

Сағынасың сарыла. Шумақтарым
Сондықтан да болмай тұр текке мұңды.

 

                  ***

Тіней ру қызы едің. Қосай бабаң,

/Жақсы ісімен мәңгілік жасайды адам/

Кемелдіктен, кеңдіктен, көпшілдіктен,

Болмады ешқашан да бос айналаң.

Қарамадың біреуге суықтана,

Құшақ аштың алыс, жақын-жуыққа да.

Мол дәм-тұзбен дастархан жаятынсың,

Әйел едің кеткен бір туып дара.

Тік ұстап Ар жалауын құлатпадың,

Адалдық тұғырына тұрақтадың.
Көңілім көншіп кейде мақтау айтсам,

Қабақ шытып қаралай ұнатпадың.

Барыңды тіріңде-ақ бағалағам,

Болған соң шыңырау ойлы саналы адам.

Кезінде аға-апаны арқа тұтсам,

Сенің де ық жағыңды паналағам.

Білімді де ең ой-сайыс құра алатын,

Ұтымды еді ұстаздық ұлағатың.

Бек сенемін: дос-құрбы, таныстар мен

Әріптестер есінде тұрады атың.

Жар болған ең ақындар жыр еткендей,

Тау суындай тап-таза жүрек нендей!
Безбендеп сәл қарасаң оңды-солды,

Болады да тұрады тіл өткендей.

Білдік әлде білмедік қадіріңді,

/Тірі жүрген пенденің бәрі мінді/

Өң мен түстің арасы дейтін кезде,

Қалдық артта құшақтап қабіріңді.

Құрдасқа жақын-тұғын жасымыз да,

Ұқсас-ты ми қапшықты басымыз да.

Қарсы алдық жеті ондықты, лаж қані,

Бар емес жоқ кезіңде қасымызда.

Бере алдым ба өлеңнен дастан жасап,

Білмеймін. Өрнекті сөз бастан қашад.

Білетінім-бойың мен ойың тектес,

Зор ескерткіш орнаттақ тастан қашап.

Шығып жатыр шын сөздер өзектегі,
Сен жайлы жазу мені мезі етпеді.

Біріншісі сол болып белгіміздің,

Толғауым-екіншісі. Кезектегі.

Емірене еске алып жоқ пішімді,

Алданыш қып сурет-тек мүсінді.

Балаларың бас болып, ерің – қосшы,

Атап өтіп жатырмыз жетпісіңді.

Келген жоқпыз біз әлі бабамызға,

Мөлдір сенің алдыңда арымыз да.

Азаматтық сөзіммен ант етемін,

Тұрарсың мәңгі-бақи жадымызда.

Көрдік пәлі маусымның таңы атқанын,

Аңсай күтіп өтуін ай, аптаның,

Туған күнде рухыңа бағыштадық,

Сауап болғай деп Құран аяттарын.

Бейнеңді жібермес-ау көмескі етіп,

/Жүйрік мезгіл жүйткісе емес те түк/

Табиғатың сыйлаған бар жақсыңды,

Жүрерміз көзімізге елестетіп.

Жарың болса жаның да қалар байып,

/Ол жоқ қой деп біреулер тағар ма айып…/
Жұбайларын жоқтаған үш қаламгер —

Тәжібаев, Нұршайықов, Қонарбаев.

Жел біткендей қайырылған қанатыма,

Шаң тигізбей адамдық ар атыма,

Парызымды барынша өтеу үшін,

Қосылдым кеп солардың қатарына.

Сап тиылды сезімнің есіргені,

Сен кеткелі тілім де көсілмеді.

Білместіктен жасасам теріс қылық,

Кешір, қалқам, тағы да кешір мені.

КЕШІР МЕНІ.

 

Мейрамбай ҚИБАСОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз