Жаңғақтан ұшқан мың түлек

Жуырда журналист жерлестеріміз, «Маңғыстау» га­зеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетекбаев пен «Жаңаөзен жұлдызы» журналының бас редакторы Айнагүл Күшікбаеваның құрастыруымен «Жаңғақтан ұшқан мың түлек» атты кітап жарық көрді.

Тарихи-тағылымдық мәні зор бұл кітапта Маңғыстау қазақтары үшін ежелден етене таныс қоныс, бағзыдан қыс қыстауы болған Түрікменстанның Балқан өңірі, Жаңғақтың ойы мен Шағадам қаласында туып-өскен, 1978–1988 жылдарда сондағы 14 қазақ мектепте оқыған құрдастар, олардың жетекші ұстаздары, қазақтар шоғырланған елді мекендер мен білім ұяларының қысқаша тарихына байланысты танымдық, өмірбаяндық, естелік деректер қамтылған.

Білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздар туралы жазылған естеліктерді оқи отырып, толқып тебіренесің. Мектеп өмірінен сыр шерткен естеліктер топтамасында балалық шақтан ағалық шаққа дейінгі аралықта жеткен табыстары аяулы ұстаздарының берген терең білімі мен жақсы тәрбиесінің арқасында екен­дігі баяндалған. Бұл ұстаздар алдында өздерін қарыздар санап, оларға алғыстары шексіз екендігін білдірген түлектерге дән риза боласың. Мәселен, Ақтас поселкесіндегі №10 мектептің түлегі 3абира Тілеулиева: «Мен өз мектебімді мақтан тұтамын. Біздің мектепте ұстаз болған, білім алған көптеген білімді, атақты азаматтар қазіргі таңда Қазақстан мемлекетінің түкпір-түкпірінде жоғары лауазымды жерлерде қызмет жасап жүр. Мысалы, Өмірзақ Озғанбаев ағай, Темір Мыңжас ағай, Еркеш Нәренбаева апай, Айжан Сәрсенова апай, Айтбай Аймағанбетов ағай т.б. ағайлар мен апайларды мақтанышпен айтқым келеді», – деп жа­зыпты.

Өмір сүрудің шынайы мәнін ұғындырған ұстаздардың ішінде бақилық болып кеткен талай абыройлы ұстаздар да бар. Шәкірттерінің естеліктерін оқи отырып, олар жасаған ерен еңбектің арқасында сол өңірден түлеп ұшқан түлектердің ішінде атақты ғалымдар, ақындар, журналистер, дәрігерлер, ұстаздар т.б. бар екенін біліп, олардың өз міндеттерінің үдесінен шыққанына риза боласың. Сондай-ақ кітапта 100-ге тарта ұстаздың өмірдеректері берілген. Осы ұстаздарды мың түлек шәкірттік сағынышпен еске алады. Олар жасаған игі істер үлгі ретінде кең айтылған.

Жаңғақтан ұшқан түлектердің бүгінде атамекен Маңғыстауға 90 пайызы көшіп келген. Әрқайсысы отау иесі, бала-шағалы, келін алып, қыз ұзатып, немере сүйіп отырғандары да бар. Өндірістің әр саласында, қызу еңбектің төрінде жүрген мың түлектің өз өмірлерінде жеткен табыстары туралы да деректер жазылған.

Ұстаз бен шәкірт арасындағы үлкен инабаттың үлгісін көрсеткен осы кітапта кешегі кеңестік дәуірдегі оқушылық сәттерден естелік болған фото-суреттер жинақталып берілген. Бұл суреттер біреуде болса, біреуде жоқ. Естелік болып өрілген өмір-дастан кі­тап мектептегі балалық шақтың балғын тарихын көрсетеді.

Кітаптың «Көңіліммен бәріңді сүйіп тұрмын» деп атала­тын соңғы бөлімінде М.Жетекбаевтың балалық шаққа деген сағынышынан туған, құрдастарына, достарына, туған жері Жаңғақтың ойы мен атамекені Маңғыстауға арналған жырлары берілген.

Қожахмет Дүйсенбаев,
Ақмаржан Бақытова,
№18 орта мектеп ұстаздары.
Жаңаөзен қаласы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз