Қарақия ауданы Жетібай ауылының тұрғыны Арыстан Елубаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдауына келіп, аяққа тұрып кетуіне септігін тигізер деген үмітпен жаттығу жабдығын алып беруге көмек сұраған.

Көп жылдардан бері мүгедек арбасына таңылған және өзгенің көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын азамат А.Елубаев бұдан екі жыл бұрын өмірлік жарынан айырылған. Оған дейін де отбасында отағасының қабырғасын қайыстырар жағдайлар болған. Қос тірегі – ұлдарының бірі 18 жасында, екіншісі 28 жасында бұл өмірмен ерте қош айтысып, кете барған. Жарты ғасырлық ғұмырында соңғы тірегі келіні мен немерелері болған арыстай азамат ізбасарынан қалған немерелерінің әке орнына аталық парызын өтегісі, оларды аяқтандырғысы келеді. Сенімі мен үміті ғана серік бола алған денсаулығының жылдан-жылға нашарлап бара жатқандығына алаңдайды.

Осыған байланысты Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Қуанышбек Әбдірахман дәрігерлердің кеңесіне сәйкес, Арыстан Елубаевқа күнделікті аяғына жаттығу жасауы үшін тренажер жабдығын (жүгіру жолағы) алып берді.

— Дәрігерлер аяққа тұрып, жүріп кетуіңе үміт бар, күнделікті жаттығу жаса деп кеңес бергесін, осындай тренажер алуды ойлап жүрген едім. Өтінішімді жерде қалдырмай көмек қолын создыңдар. Тек қана алғысымды айтамын, — деді А.Елубаев.

Көп жылдардан бері мүгедек арбасына таңылған азаматқа соңғы жылдары дәрігерлердің тексеру қорытындысына сәйкес, бұрынғы дертіне қосымша декомпенсация кезеңіндегі орта ауырлықтағы қант диабеті диагноз қойылған. Дәрігерлер А.Елубаевтың арнайы квотамен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта емделуі керектігін айтқан.

 

Шын мәнінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, ұлттық сананың қалыптасуы осындай ізгі амалдардан құралмақ. Жаңғырудың жаңғырық болып қалмауына үлес қосатын игі істеріміз көп болсын!

Серік МАЙЕМЕРОВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз