Ақсана-тоғызқұмалақтан чемпион

Маңғыстаулық Ақсана Жұмабаева тоғызқұмалақтан өткен ІV жастар спорттық ойындарында топ жарып, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Қуанышты жаңалықпен «Маңғыстау облыстық тоғызқұмалақ федерациясы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гаухар Жакиева бөлісті.

Жарыс 6-11 сәуір аралығында Қызылорда қаласында өтті. Оған 96 спортшы қатысты, оның алтауы маңғыстаулық тоғызқұмалақшылар.

— Байрақты бәсекеде шәкіртім Ақсана бес кезеңде де жоғары ұпай жинап, жарыс жеңімпазы атанды. Ақсана тоғызқұмалаққа 2008 жылдан бері қатысады. Бұған дейін де бірнеше облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Онымен қоса шәкіртім-тоғызқұмалақтан спорт шеберіне үміткер. Қазіргі таңда Павлодар қаласындағы жоғары оқу орнында білім алуда, жарыстарға Маңғыстау облысының атынан қатысып тұрады,-дейді Гаухар Жакиева.

Венера МИРЛАН