Ертең Шахмардан Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті ғимаратында Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 160 жылдығына арналған «Ноғайлы жырлары және Мұрын жырау феномені» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Пленарлық отырыс пен секциялық мәжілістерден тұратын конференцияға қазақ ғылымындағы танымал профессорлар мен ғылым докторларынан бөлек, көршілес шетел ғалымдары қатынасады. Мәселен, Татарстан Республикасының Ғылым академиясы Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының доценті,  филология ғылымдарының докторы, «Халықтық өнер» бөлімінің бас ғылыми қызметкері Мұхаметзянова Лилия Хатиповна «Ноғай эпосы мен ноғай жыраулары шығармашылығының татарлардың халықтық дәстүрлеріне әсері» тақырыбында, М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті «Башқұрт әдебиеті және мәдениеті» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Баязитова Розалия Рафкатовна «Башқұрт эпосы «Идукай және Мурадым» этно-тарихи қайнар көз ретінде» тақырыбында, Қарашай-Черкес гуманитарлық зерттеулер институты ноғай бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Суюнова Насипхан Хусиновна «Ноғайлардың батырлық эпосындағы «Едіге» поэмасы» тақырыбында баяндама жасайды деп күтілуде.

Конференция ұйымдастырушылары: Түпқараған ауданының әкімідігі мен Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті.

Ақкетік-ақпарат