марапатталды

Өткен жұмада Маңғыстау облысының әкімдігі Тегеран конвенциясының Хатшылығы және Халықаралық су орталығымен,  Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен сондай-ақ «Су бастамалары орталығы» қоғамдық қорымен  бірлесе ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында журналистер конкурсының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Биыл Каспий күні қарсаңында «Каспий теңізі аймағында теңіз қоқыстары проблемасының өзектілігі туралы» деген тақырыпта қазақстандық журналистер арасында конкурс ұйымдастырылды. Конкурстың мақсаты — Каспий теңізінің қоршаған ортасын  қорғау тақырыбының санын ұлғайту және сапасын жақсарту, сондай-ақ теңіз қоқысы проблемасына көпшіліктің назарын аудару.

Әділқазылар алқасының шешімімен І орын «Маңғыстау-Медиа» ЖШС Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі Валентина Қозыбақоваға бұйырды. ІІ орынды  облыстық «Огни Мангистау» газетінің тілшісі Ольга Золотых,  ІІІ орынды «Qazaq radiolary» ЖШС редакторы Теңге Бекмұрзаева иеленді. Жеңімпаздарға сыйлық-сертификаттар табысталды.

Теңіз тазалығы мәселесін көтерген журналистер марапатталды

Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын шешу үшін күш біріктіруге және елдер арасындағы бір-біріне деген сенімділікті нығайтуға ықпал еткен басты құжат — Негіздік конвенция, яғни Тегеран конвенциясы 2006 жылғы 12 тамызда күшіне енген болатын. Каспий күні деп жарияланған бұл күн содан бері қоғам назарын Каспий теңізінің ерекше қоршаған ортасы мен биологиялық алуан түрлілігін қорғау қажеттігіне аудару мақсатында теңіз жағасындағы барлық бес елде жыл сайын мерекеленуде. Бұл күн көбінесе жұртшылықтың қатысуымен конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, көрмелер, жәрмеңке, конкурс, концерт және басқа да шаралар түрінде аталып өтеді.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ