бизнес
Сурет сайт архивінен

«Бизнес 3 күнде» жобасы — Жетібай ауылында жалғасуда. Дәл қазір аз қамтылған отбасын асыраушы Айгүл Утегенова өз бизнесін бастап, «Akbota» қыз жасауы брендін қабылдап алды. Іске сәт!

Жетібайлық Маржан Шонкаловаға «Marzhan» қолөнер бұйымдары бизне­сінің бренді табысталды. «Үш күнде табысты боламын!»­ деген жас кәсіпкер бес баланың анасы екен.

«Айымгүл тәттілері» бүгін Жетібайда ашылған үшінші Бренд.

Аз қамтылған көп балалы Айымгүл Әдиева үйде отырып өз бизнесін бастады. Қуанышын жасыра алмай толқып тұрған кәсіпкерге сәттілік тілей отырып, сенім артылды.

Төртінші болып ашылған бренд – «Akgul» тігін шебер­ханасы. Отбасында төрт қызғалдақ тәрбиелеп отырған ана Ақгүл Тағашева тігіншілік өнерді қыздарына да үйретіп, жобаны отбасылық кәсібіне айналдырмақ. Міне, оған қажетті барлық жасау-жабдығы мен тігін машинасы, алғашқы өнімдерін нарыққа шығаруға жетерлік материалдық көмек жасалды. Үйде отырып­ақ өз ісін дөңгелетіп, балаларының бар жағдайын жасап алуына мүмкіндік туғызған облыс әкіміне, осы жобаны жүзеге асыру үшін күн-­түн демей атсалысып жүрген Айжани Адайқызына және Гүлжамал Бекбауова бастаған қарақиялық бизнес-­жетекшілерге шын жүректерінен алғыс айтып, батасын берген аналарға да сәттілік.

Бесінші бренд ­ Жумазия Лисбаеваның бизнесі, «Жетібай жартылай дайын өнімдері». Көп балалы, жалғызбасты ана Жумазияға үлкен камералы мұздатқыш, жартылай дайын өнімдер жасайтын еттартқыш машина алып берілді. Сондай-­ақ алғашқы өнімдерін нарыққа шығаруға жетерлік азық-­түлік, материалдар көмегі жасалды. Бәрі де осы аналардың өз үйінде отырып­-ақ өз ісін дөңгелетіп, шиеттей балапандарын бағып, олардың ештеңеден таршылық көрмей, жақсы өмір сүруі үшін жасалған шара. Осы мүмкіндікті жасаған облыс әкіміне, кіші бизнесті қолдаған ірі кәсіп иелеріне, жобаны жүзеге асыру үшін күн­-түн демей атсалысып жүрген жандарға Жумазия Лисбаева бар ықыласымен алғысын жеткізе отырып, осы мүмкіндікті жіберіп алмай, аянбай еңбектеніп, бизнесте жетістікке жететіндігін айтты. Ол: — Қолымда ештеңе жоқ болса да, ешкімге қол жайып, сұрануды жек көретін едім. Әттең, бір істі қалай бастап, осы балаларымды асырау үшін не істесем, деп жүргенмін. Міне, тілегім орындалды. Мен аянбай еңбек етіп, үмітті ақтаймын!,­ — деді.

«S.N. VELOMASTER» Наурызбек атты жас жігіттің жаңа бренді осылай аталды. Бала жасынан ДЦП­-мен ауырса да, ешкімге ауыртпалығын артпай, қолдан келген ісімен айналысып, анасына қамқор болып отырған жас жігіт «Бизнес 3 күнде» жобасы туралы алғаш әлеуметтік желіден оқыпты. Кейін осы істің басы-­қасында жүрген Айжан Нұрланованың әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазып, өз бизнесін ашқысы келетінін айтқан. Облыс басшысына тілегін жеткізуді сұраған. Тағдырдың сынағына мойымай, отырып-­ақ еңбек ететін жас жігіт ауылда велосипед оңдап, нәпақасын табады екен. Бірақ қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер, кілт-­саймандар болмағаны қолбайлау болып жүрген. Міне, бүгін Наурызбектің қуанышында шек жоқ. Қалағаны орындалды. Жаңа үлгідегі кез-­келген велосипедтердің барлық қосалқы бөлшектері мен ұстыны берілді. Брендтік сауда белгісі жасалды. Бүгіннен бастап сүйікті ісіне кірісіп кетті. Анасы да қуанып, көзіне жас алып: «Тағдыр сынаса да талабы таудай ұлымды қолдаған бұл жоба оған бизнес ғана емес, өмір сүруге деген ерік­-жігер сыйлады. Ералы әкім сау болсын! Елдің батасын алып жатыр. Жақсылықты білеміз, ұлым үмітті ақтайды», — деп ағынан жарылды.

Шынар КЕНДІН