Скриншот видеодан алынды

Кеше 12 маусым күні Каспий теңізіне тағы да лас су төгілді. Сары лас су 1 шағынаудандағы жағалауға канал арқылы құйылып жатыр. Мұны әлеуметтік желі қолданушысы бейнежазбаға түсіріп, желіге жариялаған. Маңғыстау облыстық экология департаменті теңіз жағасына барып, судың сынамасын алды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

«Сарапшылар кеше лас судың сынамасын алған. Оны зерттеу жұмысына тапсырды. Нәтижесі жақында шығады», — дейді МО мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бастығы Ержан Жұмашев.

Көк айдынды былғап жатқан лас суды кім төккені әзірге белгісіз. Ал теңіз суын канал арқылы пайдаланып жүрген «МАЭК – Казатомпром» ЖШС тарапынан теңізге лас су төгілмегенін айтты.

«МАЭК-тан мұндай лас судың кетуі мүмкін емес. Қазіргі таңда кінәлі мекемені анықталып жатыр», — дейді «МАЭК – Казатомпром» ЖШС директорының кеңесшісі Қолғанат Нұржаубайұлы.

Айта кетейік, бұған дейін 1 шағынаудан тұсындағы жағалауға лас су төгілген еді. Онда фосфот, марганец, никель мен мыс сынды зиянды заттардың көп мөлшері болған. Мамандар кінәлі мекемені анықтап, теңізге зиян келтіргені үшін 1,7 млн теңге айыппұл салған болатын.

Каспий теңізіне төгілген лас судың зияны туралы сынама қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА