9 мамырда Ақтөбеде өткен ҚР Х Жазғы универсиадада маңғыстаулық Рамазан Мамаев пен Әмірбек Жеңісов алтын және қола жүлделерді жеңіп алды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Дзюдо спортынан Азия және Әлем чемпионы маңғыстаулық Рамазан Мамаев ел біріншілігінде 62 кг салмақ дәрежесінде еліміздің әр түкпірінен жиналған қарсыластарын ойсырата жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ең алдымен, семейлік дзюдошыны жыққыға алып,  қарағандылық балуанды тізе бүктірді. Дзюдо күресінен тәжірибелі балуан Атырау, Орал өңірінің спортшыларына да дес бермеді. Осылайша 30-ға жуық жастың ортасынан топ жарып, үздік атанды.

Дзюдодан әскерилер арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әмірбек Жеңісов жүлде қоржынын тағы бір мәрте қоламен толтырып, өңір мерейін көтерді. Қос спортшы – облыстың дзюдодан бас жаттықтырушысы Манарбек Бисекенов пен ҚР еңбек сіңірген бапкері Берік Жұмағалиевтің шәкірттері. Айбынды, шымыр жастар алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі сайыстарда күш сынасып, жеңіс мінберінен көрінуді мақсат тұтады.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суретті ұсынған «Жас батыр» спорт мектебі