Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен маңғыстаулық ақын, сазгер, балалар жазушысы, сатирик, халықаралық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері Ерекен Қорабаевпен кездесу өткізді.

«Өзгерістерді өзіңнен бас­та» деп, сөз алған Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс­-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрайымы Нұргүл Жанназарова кеш қонақтарына алғысын білдіріп, өнер иесіне табыс­тар тіледі.

Шығармашылық кеште қаламыз­дағы №21 мектептің мұғалімі Ж.Мұр­салованың жетекшілігімен бір топ оқушы Е.Қорабаевтың өлеңдерін жат­қа айтса, пән мұғалімі  Ә.Бимурзае­ва ақынның «Сыр­сауал» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Мемлекеттік қызметшілер өлең мен жырдан, әдемі әннен, үйлесімді әзіл­ден өрілген өнер кешінде расымен де жан азығын алып, «Өнер алды – қызыл тіл» екенін мойындады.

Сазгердің жерлестері мен туысқандары тура­лы естеліктері шынайылығымен әрі дөп айтыл­ған тапқырлығымен еріксіз езу тартқызып, отыр­ғандарды бір сергітіп тастады.

Шара барысында көрермендер сұрақ қойып қана қоймай, ақынның өлеңдерінен үзінді де кел­тіріп, шығармашылық кештің шырайын келтірді. Департамент қызметкерлері Ж.Шыртанова «Қыз өлең» деген шығарманы нақышына келтіріп оқып берсе, ал ақынның жерлесі Х.Құспанова «Ескі тоған» атты өлеңді оқи отыра тоған жағалай ой­наған балалық шағы көз алдына келе қалатынын әңгімеледі.

Ақын ғана емес, сазгерлігімен де танымал Ере­кен Қорабаевтың шығармашылық кешінде есімі елге белгілі әншілер А.Көшеров пен М.Сафаров Ерекеңнің «Төр жайлау – Бейнеу», «Нарлы ме­кен», «Қаратау бойында» әндерін орындап берді.

Кеш соңында ақынға алғысын білдірген депар­тамент басшысы ақынның «Маңғыстау әзілдері» кітабынан осы жұмыстың бағытына сұранып тұрған жолдарды мысалға келтіріп, «Өзіңді­-өзің түзегенің дұрыс шығар, әйтпесе үкімет араласып түзетсе, қиын болады» деген тіркестің Әдеп кеңесі отырысының ұранындай екен деп отырғандарды бір серпілтіп тастады.

Департаментте мемлекеттік қызметшілерге ар­налып жасақталған «Рухани жаңғыру» атты кітап­тар бұрышына ақын өзінің «Маңғыстау әзілдері», «Есі бар тентек» кітаптарына қолтаңбасын қал­дыра отырып, естелікке ұсынды.

Оңайлықпен қолға түсе бермейтін сазгер аға­мыздың әзілмен әрленген әдемі кеші мемлекеттік қызметшілердің жанына жылы шуақ құйған, ру­хына күш берген, мақсатына жеткен шара болды.

Талантты жерлесімізбен қызықты сұхбатты га­зетіміздің алдағы сандарының бірінен оқи аласыз­дар.

Зухра ӘБДІЛ-САТТАР